Бас тақырыпЖаңалықтар

Қарағанды облысында Республика күні аталып өтті

Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Ел бірлігі мен тәуелсіздіктің символына айналған көк байрақтың биікте желбіреуі ұлттық мерекенің мәнін айшықтай түсті.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Салтанатты рәсімге орай жиналған қауымды облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Республика күнімен құттықтады.

– Республика күні – мемлекеттігіміздің, ел бірлігі мен болашақ алдындағы жауапкершілігіміздің символы. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрінің жаңғыруына жол ашылды. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуде. Осы жылдар ішінде еліміз қалыптасу мен даму жолынан өтті. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен әділеттілік, заңдылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып келеді. Қарағанды облысы да ел дамуына елеулі үлес қосып отырған қуатты индустриялық орталық. Біз өндірістік әлеуетті арттырып, шикізатты терең өңдеуді дамытып, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға басымдық беріп келеміз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Басты міндетіміз – қол жеткізген жетістіктерді сақтап, өңірді келер ұрпақтың игілігі үшін дамыту. Ендігі мақсатымыз – әр азаматтың құқығы қорғалып, адал еңбегі бағаланатын Әділетті Қазақстанды бірге құру. Республика күні құтты болсын, жерлестер! Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, елімізге тыныштық пен өркендеу тілеймін! – деді облыс әкімі.

 

Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Салтанатты рәсім елдік рухты асқақтатып, жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.

Мерекелік бағдарлама аясында белгілі әнші Ибрагим Ескендір «Көк тудың желбірегені» және «Біргеміз» әндерін орындады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары саптық көрсетілім ұсынды.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекеттік Тудың көтерілуі жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Көк байрақтың биікте желбіреуін тамашалаған тұрғындар елдің жетістігін мақтанышпен атап өтіп, тәуелсіздіктің қадірі мен халық бірлігінің маңызын жеткізді.

– Біздің ұрпақ Қазақстанның дамуына негіз қалаған кезеңнің куәгері. Бүгінгі мерекені көріп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жұрттың бірлігіне сүйсініп тұрмын. Бізді достығымыз бен ортақ сеніміміз біріктіреді. Мемлекеттік Туымыз көтерілген сәтте ерекше толқынысты сезінеміз, бойымызды мақтаныш кернейді. Бұл – бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылған еліміздің жетістігін сезінетін сәт. Бүгінде Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі артып, әлем елдері құрметпен қарайды. Осындай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Қазақстанымыз өркендеп, көк байрағымыз әрдайым биікте желбірей берсін! – деді Разия Фатыхова.

Мерекелік шараға қатысқан жастар да Республика күнінің мән-маңызына тоқталып, ел болашағына қатысты ойларымен бөлісті. Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының жастар жобалары мен бағдарламалары секторының жетекшісі Диас Елемес жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігіне назар аударды.

– Барша қарағандылық жастың атынан жұртшылықты Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Соңғы жылдары жастар түрлі қоғамдық іс-шаралар мен мерекелік жиындарға белсенді қатысып, ел өміріне өз үлестерін қосып келеді. Бұл белсенділік алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Жастар – еліміздің болашағы, мемлекеттің дамуына қозғаушы күш болатын буын. Жастарымыздың талпынысы артып, жаңа бастамаларға жол ашыла берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстанымыз өркендей берсін! – деді Диас Елемес.

Шараның концерттік бөлігінде Қазақстан халқы Ассамблеясының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Республика күні – мемлекеттілігімізді ұлықтап, егемендігіміздің қадірін терең сезінетін, халықтың бірлігі мен ынтымағын дәріптейтін маңызды мереке. Көк байрағымыздың биікте желбіреуі – тәуелсіздігіміздің, елдігіміз бен ортақ құндылықтарымыздың айқын белгісі.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button