Бас тақырыпЖаңалықтар

Тәуелсіздіктің технологиялық тұғыры

Цифрлық өркениет дәуірінде мемлекеттің әлеуеті табиғи байлығымен ғана емес, технологиялық қуатымен, басқару жүйесінің тиімділігімен де өлшенеді. Осы бәсекеде Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2024 жылғы бағалауында еліміз электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша 193 мемлекеттің арасында 24-орынға көтеріліп, онлайн қызметтер индексінде алғашқы ондыққа енді. Ал, елдегі цифрлық жаңғырудың нақты нәтижесі Қарағанды облысының көрсеткіштерінен де айқын аңғарылады. Өткен жылы өңірде ұсынылған 16,3 миллионнан астам мемлекеттік қызметтің 99,5 пайызы электрондық форматта көрсетіліп, тұрғындардың қызмет сапасына қанағаттану деңгейі бойынша облыс республикада бірінші орын алды. Индустрияның ірі орталығы саналатын Қарағанды енді цифрлық дамудың да алдыңғы шебінен көрініп отыр. Бұл – егемен елдің өз қолымен қалыптастырған цифрлық дербестігінің жемісі.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанның әлемдік цифрлық кеңістіктегі орны тәуелсіздік жылдарында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде қалыптасты. Мемлекеттік басқару жүйесін автоматтандырудан басталған үдеріс бүгінде экономиканың негізгі салаларына дендеп енді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы электрондық үкіметтің дамуына серпін беріп, мемлекеттік қызметтерді қашықтан алуға жол ашты.

Цифрлық жаңғыру Қарағанды облысында жаңа жобалармен жалғасып келеді. Өңірде 2026-2030 жылдарға арналған «Ақылды қалаларды» дамыту стратегиясы бекітіліп, цифрлық трансформация картасы әзірленді. Денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, коммуналдық шаруашылық, көлік және басқа да салаларды қамтитын он басым бағыт бойынша елудің жуық жоба жүзеге асырылуда.

Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі мемлекеттік қызмет көрсету сапасынан да байқалады. Өңірде қызмет көрсетуге қатысты тұрғындардың шағымдары екі есеге қысқарған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қоғамдық мониторингі бойынша Қарағанды облысы қызмет алушылардың қанағаттану деңгейінен бес балдық жүйеде 4,93 балл жинаған.

Облыстың цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий өңірдегі цифрландырудың нәтижесін қалалық инфрақұрылымның дамуымен байланыстырады. Оның айтуынша, Қарағанды 2025 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық Smart City рейтингінде төртінші орынға ие болған.

– Біздің өңір үшін бұл жай ғана рейтингтегі көрсеткіш емес. Бұл – цифрлық инфрақұрылымды дамыту, қаланы басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізу және тұрғындар үшін жайлы қалалық ортаны қалыптастыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді Константин Ильницкий.

Қарағанды мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы алғашқы жаңашыл бастамаларымен де ерекшеленеді. 2012 жылы еліміздегі тұңғыш мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы осы қалада ашылды. Көлік тіркеу, жүргізуші куәлігін рәсімдеу және емтихан тапсыру қызметтері бір орталыққа шоғырландырылды. Кейін бұл тәжірибе республика көлемінде кеңінен қолданылды.

2022 жылы өңірде NewЦОН жобасы іске қосылып, «Қағазсыз ХҚКО» тұжырымдамасы аясында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылды. Сол жылы Мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы – «СуперХҚКО» жұмысын бастады. Нәтижесінде тұрғындарға бірнеше қызметті бір ғимараттан алу мүмкіндігі жасалды.

Ендігі меже – цифрлық технологияларды өндіріс тиімділігін арттыруға, қалалық инфрақұрылымды жетілдіруге және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға кеңінен пайдалану. Өйткені, цифрлық дамудың түпкі нәтижесі рейтингтегі орынмен ғана емес, оның қоғамға әкелген нақты пайдасымен өлшенбек.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button