«Алтайдың ар жағынан келген қару»
Қате айтып отырған жоқпын. Алтайдың ар жағынан Ару да, қару да келген. Менің кейіпкерім, бүгінде мерейлі жасқа (қыздың жасын айтпаған халықпыз ғой) толып отырған Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, тележурналистиканың темірқазығы Сағат Батырхан – Алтайдың ар жағынан келген қару. Иә, оның қаламы – қару, сөзі – оқ!

Алатауда асқақтаған арман
Аз уақытқа шекара ашылған 1962 жылы Теріскей Алатау жотасының солтүстік қапталында орналасқан Текес ауылына Алтайдың ар жағынан көшіп келген Батырханның Сыдығы ата жұртына тез жуысып кетті. Ат құлағында ойнайтын қияқ мұртты жігіттің келісті келбеті мен ерекше сүйкімі ел назарында жүрді. Бұрынғы көзкөргендер аумалы-төкпелі заманда атамекеннен ауа көшіп, Алатаудан Алтай асқан Батырхан әулетін жақсы білетін-ді.
– Кешегі Батырханның зәузаты болса, тектіліктің тамырынан нәр алған нағыз тегеурінді батырдың өзі шығар. Ат үстіндегі отырысы мен сөз саптасының өзінде ерекше мән бар екен, – десті үлкендер.
– Күпән келіннің де дастарқаны берекелі, өнегесі өрісті екен. Қолынан келмейтіні жоқ өзінің, – десті жаулықтылар жағы.
Ауылға араласқан күні-ақ ел аузына іліккен ерлі-зайыптылардың атқа мінгесіп, тау бөктеріндегі жайлауларды жағалап, айтысқа түсетін ақындығы және бар еді.
Тау жоталарын жағалай қонып, Текес өзенін өрлей мал өргізген шопандар ауылында «Қымызмұрындық», «Қоныс той», «Шопандар тойы» деген жоралғылар жиі жасалады. Соның көбінде орда бұзар отыздың о жақ, бұ жағындағы Сыдық пен Күпән айтыстың жүлдесін ешкімге бере қоймайтын.

…Осындай өнер дарып, сөз қонған шаңырақта тұлымшағы желбіреп, қос жанары мөлдіреп өсіп келе жатқан сары қыз Сағат өнерге өгей болсын ба?! Кейде дастарқан басында отырып екеуара айтыса жөнелетін әке мен шешенің көмейінен күмістей шашырап, алтындай жарқырап төгілетін көненің күмбіріндей ескі сөз де, есті сөз де Сағаттың сергек сана, құйма құлағына сіңе берді.
Одан қалды, «он саусағынан өнер тамған» ісмер анасы Күпәннің құрақ құрап, ою оятын, текемет сырып, алаша тоқитын өнеріне ден қойды. Дана қазақтың қолөнері болсын, сөз өнері болсын, бір-бірімен біте қайнасқан, біріге байласқан құдірет қой. Анасының оюды қиюластырып, тігісті жымдастыратын дара өнерін өміріне серік етпесе де, анасының өрелі өнері Сағат апайдың жарты ғасырға жуықтаған шығармашылық жолында сөзді орнымен қолданып, шешесі ойған оюдай шебер шендестіруіне септігі тиді.
…Алтайдан бері асқанда алты жаста болатын. Үйдің тұңғышы Нұрбай ағасынан кейінгі екінші перзент. Өзінен кейін Күміс, Төлеухан есімді екі қыз бар. Әкесі Сыдық Нұрбайы жалғыз ұл болған соң, үш қызды да ұлдай қылып өсірді. Олар да атқа мінді, аударыспақ, көкпарға қатыспаса да, қыз қууда «менмін» деген жігітті шаң қаптырып, қапы қалдыратын.

Бүгінгі күні өткір қалам, өжет мінезімен ұлт журналистикасының көш басында жүрген Сағат Сыдыққызының бойындағы өр рух, ер мінез осылай қалыптасқан-ды.
Журналистикаға ерте келді, сөз майданына қаршадай кезінде араласты. 7-сынып бітірген жылы озат оқушылар қатарында сол кездегі Одақтың «Батыр қалаларына» туристік саяхатқа барған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазы Дарыш Болатбеков шәкіртінің бойындағы таланты мен талабын танып үлгергені болар, «Саяхаттан күнделік жазып кел» деп тапсырма берді.
Күнделік жазылды. Тапсырма орындалды. Әсерлі сапардан жазылған күнделікті оқып шыққан ұстазы шәкіртін жетектеп, аудандық газеттің редакциясына тартып отырсын. Ауыл баласының балауса қаламынан туған туындыны газет редакциясы да қуана қабылдап, «газеттің үш санына қатарынан жариялап жіберді, сол сәттен бастап Сағат Батырханова аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі болып шыға келді.
Арманына қанат бітіп, жұдырықтай жүрегінде Алатаудай асқақ арман бұлқынып жатты. Серілеу болса да, сергек, салдық құрса да, салмақты қалпынан айнымайтын Сыдық әкесі қызының мақаласы шыққан аудандық газетті етігінің қонышына салып алып, қайталап оқып, кездескен жұртқа мақтана көрсететін.
…Әкесі шаруашылықтың қойын бақты. Жарықтық-ай, малды үнемі шығысқа қарай өргізетін. Алтайдың ар жағында қалған ел мен жерге деген сағынышы шығар, шығысқа аңсары ауатын да тұратын. Арғы бетте қалған ағайынның тағы бір көші атамекенге бет түзеген шығар, алдынан шығайын деген ақеділ пейілі болар, бәлкім.
Асқар таудай әкесінің осы аңсар көңіл, адал пейілін қыздың үлкені Сағаттың сезімтал жүрегі сезіп өсті.
Ал, өзінің сөз өнеріндегі бағыты батысты бетке алды. Мүмкін, сәйкестік пе екен, мүмкін, Батырхановтар әулетінің шығыс пен батыс арасындағы ауқымды шартарапты шарлаған абыройы ма екен, Алатау мен Альпінің арасында осы әулеттің ізі қалды. Әке ат тұяғының, қызы құдіретті қаламның ізін қалдырды.
Арқада асқақтаған абырой
Сағат апайдың университет жолдамасымен қазыналы Қарағандыға келіп атқарған қызметтерін тізбектей берсек, жазбамыздың көркемдік көкжиегін көмескілендіріп алармыз. Арнамыздан ауытқымайық.
Қазір журналист көп, қайраткер аз. Сағат Сыдыққызы – қалам қайраткері. Ол – эфирде найзадай қаламымен найзағай ойнатқан өткір журналист.
…1993 жылдың қақаған қысы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс дабылы басыла қоймаған. Қарағанды қалтырап тұр. Кеншілер астанасының көмір өндіріп отырып, жылусыз қалуы парадокс па? Парадокс! Іргесінде Екібастұз бен Топар секілді екі бірдей ГРЭС тұрып, жарықсыз қалуы парадокс па? Парадокс!
Балконда қазан көтеріп, аулада самаурын қайнатқан халық күйзеліп тұр. Облыстық телеарна дайындаған сюжетті көрген ел сюжет авторы Сағат Батырханованы іздеп жүр. Әкімдік дүрлігіп жатыр.
Сюжет проблеманы ашық көрсеткен. Мәселені өткір көтерген. Автор сюжетті: «Иә, халық күйзеліп отыр. Проблема бар. Оның зардабын қарапайым тұрғындар айқын сезінуде. Қарағандыда мұндай мәселе бар екенін бір-ақ адам білмейді. Ол – шетелде демалып жатқан облыс әкімі Петр Нефедов», – деп түйіндейді.
«Алтайдың ар жағынан келген қарудан» оқ атылды. Ол оқ нысанаға дөп тиді.
Тұрғындар да, әкімнің төңірегіндегілер де Сағат Сыдыққызын іздеп кетсін. Халық өзі келіп, алғыс жаудырды. Ал, әкімдіктегілер авторды шақырды. Автор бармады. «Өздері келсін», – деді.
Сюжет авторының да, телеарнаның да абыройы асқақтап сала берді. Әкімдіктегілердің жігері құм болды.
Сағат Батырханованың өжеттігі мен өткірлігі шығармашылықта ғана емес, қоғамда да танылды. Өр мінез – талантты тұғырландыратын асыл қасиет. Сағат апайдың мінезі – төмен етектілердің шайпаулығы емес, ұлтқа адал қызмет етуге ұмтылған ұлы мұраттың ұшқыны. Ал, ақиқатшыл, мінезді адамның ізінде не аңыз жүреді, не домалақ арыз жүреді.
…1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны. Алматыда басталған наразылық еліміздің барлық өңірінде бой көрсетіп тұрған кез. Қарағанды жастары да алдаспандай жарылдап, алаңға шығып, атой салып жатыр.
Облыстық радионың аға редакторы Сағат Батырханова дәлізде бір әріптесімен кешке Сәкен театрында болатын кезекті премьера, қойылымнан соң болатын талқылау туралы кеңесіп тұрған.
Сол заматта құстай ұшып, оқша зулап жүретін жас ақын, Қарағанды университетінің студенті келіп килігеді әңгімеге. Ара-тұра радиоға келіп, эфирден өлеңдерін оқып жүретін ақынды әу бастан ұлт руханиятының жанашыры, қазақ театрының қолдаушысы болып жүретін Сағат апай өзімсініп:
– Кешке студенттерді ұйымдастырып, театр қойлымына келіңдер. Соңынан премьераны талқылау болады екен. Пікірлеріңді айтыңдар, – деді, ойында ештеңе жоқ.
– Жақсы, апай. Міндетті түрде қатысамыз, – деп, елпілдеп кеткен студент-ақынның ойында не бар екенін бұлар да болжай қойған жоқ.
Ертеңінде таңертең МҚК-нің (сол кездегі КГБ) екі қызметкері келіп, Сағат Сыдыққызын әріптесімен бірге сұр кеңсеге алып кетті. Әңгіме төркіні – белгілі.
– Кеше кешке қайда болдыңыз?
– Жастарды театрға не үшін шақырдыңыз?
Бұл болса, балабақшадан балаларын алып, үйіне кеткенін, үйінде болғанын айтып жатыр. Тергеуші тепсініп отыр. Сенер емес.
– Олай болса, мынаған не дейсіз? – деп, оқушы дәптерінің бір парағына жартылай жазылған жазбаны көзі жетер жерден көрсетті. Оқып шықты. «Облыстық радионың аға редакторы Сағат Батырханова Алматыда басталған наразылық акциясын Қарағандыда ұйымдастыру мақсатында студент жастарды Сәкен театрына жинады» деп басталған хабарламаның соңында кешегі студент-ақынның баттиған қолы тұр. Мәссаған, безгелдек! Бұған не айтуға болады?
Бұл тергеп-тексеру сол күні біткен жоқ. Біразға дейін ізін аңдып, МҚК тергеушісінің алдына бірнеше рет барды. Жүрекке де, жүйкеге де салмақ түсірді.
Тағы бір күні обкомның баспасөз секторының меңгерушісі шақырды. Шеке тамыры шодырайып кеткен шенеунік:
– Батырханова, сіз Қонаев орнынан кеткен күні жылапсыз ғой. Неге? – деп шіренеді.
Бұл:
– Жыласам, жылаған шығармын. Брежнев өлгенде де жылағанмын, – деп, сектор меңгерушісінің аузына құм құйды.
Міне, өткірлік! Міне, мінез!
«Қарағанды уақыты – 18:00»
«Азаттық радиосы» аттай қалап, Сағат Батырханованы Арқадан «кәрі құрлыққа» алып кеткен. Әуелі, халықаралық радионың Астана бюросына бір жыл жетекшілік етті. Сонан соң Прагаға шақырды.
Алғашында елден кеткісі келмеген. Қарағандыны қимады. Өйткені, ол өзін «Сарыарқаның сары қызы» деп еркелеткен Қарағандысын керемет сүйді.
… «Азаттықта» бір жыл қызмет істеп, еңбек демалысын алды. Елге жиналып жатыр. Әріптестерге дастарқан жайып, жолашар жасады. Ағынан жарылып, ақ тілек арнаған әріптестері:
– Қандай керемет! Демалысқа бара жатырсыз. Апай, биыл Қазақстанға барасыз ба? – деп жатыр.
Сонда Сағат апай:
– Жоқ, Қарағандыға барамын, – деді еш мүдірместен.
Әріптестері:
– Не, Қарағанды Қазақстан емес пе? – дейді күліп.
Қарағандысын аузынан тастамайтын, Қарағандысын сонша сүйген адам осылай болса керек. «Азаттыққа» барған сәтіндегі алғаш жүргізген тікелей эфирінде: «Қарағанды уақыты – 18:00» деп жібергені де бар. Қарағанды радиосында ұзақ жыл істеп, аузы қалыптасып кеткен дейін десең, радиодан кейін телеарнада бірнеше жыл, «Азаттықтың» Астана бюросында бір жыл істеген жоқ па?! Ендігі «Қазақстан уақыты» дегенге қалыптасатын болды ғой.Бірақ, бұл «шатасуының» астарында сүйікті Қарағандысына деген аяулы сағынышы жатқанын өзінен басқа ешкім сезбес еді.
Біздің апай
Сәкен театрының тыныс-тіршілігін бұқарамен бөлісіп, қарашаңырақтың қадір-қасиетін, жеңіс-жетістігін дәріптеп, Қарағанды мәдениетінің абыройын өз абыройы санайтын бір қыз жүр Арқада. Алтай асып, Алатаудан қанаттанып, Арқаның бағына айналған алтын қалам иесі. Сәкен театрының 90 жылдық тарихын тереңінен толғаған «Арқаның абыз театры» атты кітаптың авторы.
Сарыарқаның сары қызы, Арқа журналистикасының ажары, Рымбала Омарбекова апайдың сенімді серігі, марқұм Мағаш ағамның (Мағауия Сембай) досы, қалам, микрофон ұстаған жас буынның жанашыры.
Ұл-қыздарының Анасы, Айбатыр, Айтөре есімді тәтті немерелерінің асыл Әжесі.
Айналасына жүрегінің де, тілегінің де нұрын шашқан журналист! Тілдің жанашыры, ұлттың жоқшысы.
«Сарыарқа» телеарнасының ардагері, «Қазақ радиосының» сандуғашы. Таланты халықаралық деңгейде мойындалған аз әріптесіміздің бірі.
Маман ретінде, тележурналистиканың майталманы.
Адам ретінде, жүрегі мейірімге тұнған, жаны ізгіліктің жайлауындай жайсаң жан!
Қарағанды облысы әкімінің БАҚ қызметкерлеріне тағайындалған «Алтын сұңқар» сыйлығының, мәдениет қызметкерлері арасындағы «Алтын қобыз» сыйлығының иегері.
Бұл – біздің Сағат апай!
…Аллаға күпірлік қылмаймын ғой, бірақ, кейде «Осы Сағат апайды неге еркек қылып жарата салмады екен?» деп, Құдайға «ренжитінім» бар. Сөйтсем, ер мен әйел айырмашылығының өлшемі біз көзбен көріп жүрген физиономияда емес, өр мінез, асқақ рухта екен ғой.
Баяғыда тұңғыш әйел ғарышкер Валентина Терешкова көкке самғағанда, бір әкеміз: «Еркексің, Терешкова!» депті әбден риза болып. Сол әкеміз айтқандай, Сағат апайдың ұлттық мәселе, рухани құндылық таразыға тартылған сәттегі өткір мінез, өр рухына куә болғанда, «Еркексің!» деп айтуға шамамыз келмей, екі көзіміз жер шұқып қалатынын неге жасырайық?!
Қазақтың мұңын «Азаттық радиосының» (Чехия, Прага) эфирінде толғап, біздің қоғамның қотырын «Азаттықта» қасыған қайсар қаламгердің отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесін «Хабар» агенттігі мен «Қазақ радиосының» архивінен табуға болады. Бірақ, біздегі «шаң басқан архив» деген ұғым Сағат апайдың шығармашылығына қатысы жоқ-ау. Өйткені, арлы сөзді шаң баспайды!
Біздің апай – осындай жан!
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Апай!
Жүзіңіз жарқын, ізіңіз айқын қалпыңызда жүзге жетіңіз!
Ардың да, жардың да, нардың да жүгін көтерген қайсар болмысыңыз мұқалмасын!
Ерсін МҰСАБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»



