Қарқаралыда жеті отбасы жаңа пәтерге ие болды
Республика күні қарсаңында Қарқаралы қаласында жеті отбасы жаңа баспана иесі атанды. Бұған дейін апатты деп танылған үйлерде тұрған тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Тұрғындар жаңадан салынған үйлерден өздеріне ұнаған пәтерлерді таңдады. Кейін әкімдік баспаналарды сатып алып, мұқтаж отбасыларға берді.

Пәтер кілттерін Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин табыстады. Оның айтуынша, былтырдан бері ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған 76 пәтер салынған. Биыл 26 отбасы баспаналы болды. Бұл жолы үйлері апатты деп танылған тағы жеті отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді.

Аудан әкімі баспана беру мәселесіне «Отбасы банкпен» жүргізілген келіссөздер мен арнайы комиссияның шешімі ықпал еткенін атап өтті.

— Біз тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрдық. Үйіміз ескі әрі апатты жағдайда еді. Аудан басшылығы жағдайымызды ескеріп, бүгін жаңа пәтердің кілтін алдық. Бұл — біз үшін үлкен қуаныш әрі Республика күніне орай жасалған тамаша сый. Көрсетілген қолдау үшін шын жүректен алғыс айтамыз, – деді Қанат Мұсатаев.

Қанат Мұсатаев көрсетілген қолдау үшін аудан басшылығына алғысын білдіріп, жаңа баспананы Республика күніне орай жасалған ерекше сыйға теңеді.
Материалды әзірлеген Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ



