Жаңалықтар

Көптен күткен қуаныш

Республика күні қарсаңында Ақтоғай ауданының Сарышаған кентінде 18 отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұрғындарға жаңадан бой көтерген екі қабатты тұрғын үйдің пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Жаңа қоныс иелерінің қатарында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үйдің барлық пәтерінде ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ, ғимарат орталық инженерлік желілерге қосылып, тұрғындардың бірден қоныстануына қажетті жағдай жасалған.

Елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, баспана мәселесін өз бетінше шешуге мүмкіндігі шектеулі отбасылардың жағдайын жақсартуға басымдық беріліп келеді. Бұл ретте жетім балаларды, мүгедектігі бар азаматтарды, көпбалалы және толық емес отбасыларды тұрғын үймен қамтудың маңызы зор. Сарышаған кентіндегі жаңа баспаналардың пайдалануға берілуі де осы бағыттағы жұмыстың нақты көрінісі.

– Бүгін 18 отбасыға жаңа пәтердің кілтін табыстадық. Бұл – тұрғын үй мәселесін шешуге және халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Әр отбасы үшін баспана – тұрақтылықтың, ертеңгі күнге деген сенім мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Ең бастысы, осы шаңырақтардың әрқайсысында береке орнап, балалардың шат күлкісі үзілмесін. Алдағы уақытта да ауданның дамуы мен абаттандырылуына, тұрғындарымыздың қолайлы жағдайда өмір сүруіне бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз, – деді Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов.

Баспанамен қамту ісінде жаңа үйлердің санын арттырумен қатар, олардың сапасы мен тұрғындарға қолайлылығын қамтамасыз ету де маңызды. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымның талапқа сай болуы отбасылардың қалыпты тұрмыс кешуіне тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Сарышағандағы пәтерлердің толық дайын күйінде тапсырылуы жаңа қоныс иелері үшін едәуір жеңілдік. Мұндай игі бастамалар елді мекендердің әлеуметтік дамуына да оң ықпал етеді.

Расында, тұрғын үй мәселесін шешудің әлеуметтік маңызы зор. Мұндай бастамалардың игілігі, ең алдымен, нақты адамдардың тұрмысынан көрінетіні кәдік.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button