Бас тақырыпЖаңалықтар

Бекіре берекені еселейді

Қарағанды десе, әуелі көмірі мен болаты, қайнаған өндірісі мен кеншінің қажырлы еңбегі ойға оралады. Десе де, жер қойнауы қазынаға бай кеншілер өлкесі енді суынан да несібе тауып отырған жайы бар. Осы мақсатта бекіре өсіріліп, әлемдік нарықта жоғары бағаланатын қара уылдырық өндірілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн» – деп, аграрлық өндірісті әртараптандырудың, шикізатты терең өңдеп, қосымша құн қалыптастырудың маңызын атап өтті. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарлама бүгінде балық шаруашылығының өрісін кеңейтуге негіз қалауда. «Қарағанды Осетр» кәсіпорны – аталған бағыттың өңірдегі нақты өндірістік үлгілерінің бірі. Мұнда шабақ өсіруден бастап, бағалы балық өнімін өңдеуге дейінгі жұмыстар бір арнаға тоғысқан.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Тапсырмадан – нақты іске

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, өңдеу өндірісін дамыту және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту міндеті қойылды. Әсіресе, бұрыннан қалыптасқан шаруашылық түрлерімен шектелмей, табысты өндірістің жаңа бағыттарын игеру қажеттігіне баса назар аударылды.

Балық шаруашылығының дербес басымдық ретінде аталуы да бекер емес. Су ресурстарын тиімді пайдаланып, балық өсіру, оны өңдеу және сыртқы нарыққа шығару ел экономикасын әртараптандырудың маңызды тетіктерінің біріне айналуға тиіс еді.

Осы бағытта Үкіметтің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 Қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Құжатта еліміздегі балық өсіру көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға жеткізу, ішкі тұтынуды ұлғайту және балық ресурстарын сақтап, өсімін молайту көзделген.

Кейін мемлекеттік саясат заңнамалық тұрғыдан да нығайтылды. Былтыр 12 маусымда «Аквашаруашылық туралы» заң қабылданып, балық өсіру саласын дамытуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлерді қолдауға арналған құқықтық негіз жетілдірілді. Бұл ретте балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың өндірістік шығындарын субсидиялау, жаңа жобаларды қаржыландыру және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне айрықша мән берілді.

Жалпы, аталған бағытта қолға алынған шаралардың нәтижесі көңіл көншітерлік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің биылғы жылғы қазан айындағы мәліметіне сүйенсек, еліміздегі балық өсіру шаруашылықтарының саны 707-ге жеткен. Ал, өткен жылдың қорытындысында отандық шаруашылықтар 23 мың тонна тауарлық балық өсірген. Биыл балық өсіру саласына көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі 7,7 млрд теңгені құраған.

Әрине, мұның бәрі 2030 жылға белгіленген меженің толық орындалғанын білдірмейді. Әйткенмен, аквашаруашылықтың біртіндеп дербес өндірістік сала ретінде қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Бекіренің бабын тапқан

Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе ауылы маңында орналасқан «Қарағанды Осетр» серіктестігі бүгінде бекіре тұқымдас балық өсірудің өзіндік тәжірибесін қалыптастырған.

Кешен құрылысы сонау 2013 жылы қолға алынып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Демек, кәсіпорын Президенттің 2020 жылғы тапсырмасынан бұрын-ақ жұмысын бастаған. Ал, кейін мемлекет деңгейінде қабылданған салалық шаралар осындай өндіріс орындарының дамуына, жаңа технологияларды игеруіне және нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталған.

Мұндағы өндірістің ерекшелігі – балықты табиғи су айдынында аулап емес, арнайы жабдықталған бассейндерде өсіруінде. Шаруашылықта сүйрік, сібір және орыс бекірелері, сондай-ақ, калуга мен амур бекіресінің буданы өсіріледі. Әрқайсысының тіршілік ету ерекшелігі, өсіп-жетілу қарқыны мен күтіміне қойылатын өз талаптары бар.

Кәсіпорынның өндірістік ғимараттарында жалпы сыйымдылығы шамамен 600 текше метр болатын 13 бассейн орналасқан. Балықтар салмағы мен өсіру мақсатына қарай жеке топтарға бөлінеді. Өйткені, ұсақ шабақ пен жетілген бекіренің қорекке, кеңістікке және күтімге деген қажеттілігі бірдей емес. Бұл жерде судың сапасы – өндірістің басты шарттарының бірі. Бассейндерге су артезиан ұңғымаларынан жеткізіліп, қосымша ультракүлгін сәулемен тазартылады.

– Кешеніміз біршама автоматтандырылған. Судың барлық негізгі көрсеткішін электрондық жүйе бақылап отырады. Оттегінің мөлшері төмендесе немесе басқа параметрлер өзгерсе, дабыл қосылады. Қызметкерлер бірден тиісті шара қолданады, – деді «Қарағанды Осетр» ЖШС директоры Дмитрий Абильдин.

Бір қарағанда, мұндағы жұмыс электрондық құрылғылардың бақылауына берілгендей. Алайда, балықтың бабын табу тек техникаға сеніп отыру деген сөз емес. Судың температурасын, қоректің сапасын, балықтың салмағы мен жай-күйін жүйелі бақылау – күнделікті атқарылатын жауапты шаруа. Әсіресе, бекіре тұқымдас балықтардың өсіп-жетілуі ұзақ мерзімді күтімді, төзім мен кәсіби біліктілікті талап етеді.

Кәсіпорында осы мақсатта ультрадыбыстық зерттеу жабдығы пайдаланылады. Мамандар оның көмегімен балықтың жынысын анықтап, аналық бекіренің уылдырығы қаншалықты жетілгенін бағалайды. Соның негізінде тұқымдық мақсатқа жарамды балықтар іріктеледі.

Балық өсірудің осындай технологиялық тәсілдері өндірістің өнімділігін арттырумен қатар, асыл тұқымды балық қорын сақтауға да мүмкіндік береді.

Қара уылдырықтың қадірі

Бекіре өсірудің ең табысты әрі жауапкершілігі жоғары бағыттарының бірі – қара уылдырық өндіру.

Дүниежүзілік нарықта бағалы тағам саналатын бұл өнімнің сапасы балықтың түріне, уылдырық түйіршіктерінің көлеміне, түсіне және басқа да ерекшеліктеріне байланысты айқындалады. Сондықтан, қара уылдырық өндіру ісінде балықтың күтімі мен уылдырықтың жетілу деңгейін дұрыс анықтау шешуші мәнге ие.

Біз сөз етіп отырған шаруашылық бұл бағытта да заманауи әдістерді қолданады. Соның бірі – аналық бекірені өлтірмей уылдырық алу тәсілі. Арнайы процедурадан кейін балық қайтадан бассейнге жіберіліп, қалпына келуі үшін тиісті жағдай жасалады. Осылайша, өсірілген аналық балықты сақтап, оны алдағы уақытта да пайдалануға мүмкіндік туады. Мұның экономикалық жағынан да, биологиялық тұрғыдан да маңызы зор. Өйткені, бағалы балықты өсіріп-жетілдіруге жұмсалған уақыт пен еңбектің қайтарымы бір ғана өніммен шектелмеуі мүмкін.

– Біздің шаруашылығымызда өндірістің бастапқы кезеңіне де ерекше мән беріледі. Мамандар уылдырықты өздері инкубациялап, одан шабақ өсіреді. Қажеттілік туындағанда басқа өндірушілерден балық сатып алу тәжірибесі де бар. Сөйтіп, шабақтан бастап, тауарлық балыққа дейінгі өндірістік тізбек қалыптасқан. Бұған қоса, бекіре етін өңдеу ісін де қолға алдық. Қара уылдырықпен қатар, бекіре етінен консервілер шығарылады, – дейді Дмитрий Абильдин.

Кешеннің жобалық қуаты жылына 45 тонна тауарлық балық пен 2,5 тонна қара уылдырық өндіруге есептелген. Бұл – кәсіпорынның техникалық мүмкіндігін көрсететін меже. Ал, нақты өндірілген өнім көлемі мен жобалық қуаттың қаншалықты игерілгені бөлек бағалауды қажет етеді.

Қазір кәсіпорын өнімдері ел нарығында сатылып, ТМД мемлекеттеріне жеткізіледі. Өңірде өндірілген қара уылдырықты АҚШ-қа экспорттау тәжірибесінің болуы да назар аударарлық. Теңізден шалғай жатқан кеншілер өлкесінің өнімі мұхит асып, алыс нарыққа жол тапқаны отандық аквашаруашылықтың экспорттық әлеуетін көрсетеді.

Ырысқа айналған игі іс

Қандай кәсіптің болсын, берекесі оның экономикалық тиімділігіне байланысты. Балық шаруашылығы да бұдан тыс емес. Әсіресе, бекіре өсіру – қомақты бастапқы инвестицияны, технологиялық тәртіпті және тұрақты шығынды қажет ететін күрделі өндіріс. Бассейндердің жұмысын қамтамасыз ету, судың сапасын бақылау, арнайы азық сатып алу, шабақ өсіру, жабдықтарды күтіп-ұстау – бәрі де қаражат пен кәсіби еңбекті талап етеді.

Осы орайда, мемлекеттік қолдау шараларының маңызы арта түседі. «Аквашаруашылық туралы» заң аясында жемшөп пен шабақ сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін субсидиялау, инвестициялық шығындарды өтеу және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері қарастырылған. Мәселен, бірқатар басым бағыт бойынша инвестициялық шығындардың 25 пайызы өтеледі. Балық өсіру және өңдеу жобаларын жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру тетігі де енгізілген.

«Қарағанды Осетр» ЖШС кәсіпорнында да балықтың күтіміне, жемшөп пен шабақ сапасына байланысты шығындардың бір бөлігі мемлекеттік қолдау аясында өтеледі. Дегенмен, саланың келешегі тек берілген субсидия көлемімен өлшенбейді. Негізгі нәтиже – өндірілген өнімнің мөлшері, оның өзіндік құны, ашылған жұмыс орындары, ішкі нарықтағы үлесі және экспорттық мүмкіндігі. Сондықтан, балық шаруашылығын өркендету жолындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі де осы көрсеткіштермен бағалануға тиіс.

Бұл тұрғыдан алғанда, аймақтағы бекіре шаруашылығының тәжірибесі көңіл аударуға тұрарлық. Кәсіпорын дәстүрлі өндірістік өңірде экономиканың өзге де бағыттарын дамытуға болатынын айғақтап отыр. Мемлекет басшысының балық шаруашылығын дамыту жөніндегі бастамасының мәні де осындай нақты істерден көрінеді. Өндірісті әртараптандыру, жаңа технологияларды игеру, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі міндеттер біртіндеп шаруашылықтардың күнделікті жұмысына ұласуда.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button