Спорт

QOFA: ширек ғасырлық белес

Осыдан бір жыл бұрын Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының (QOFA) президенті лауазымына тағайындалған еді. Содан бері өңірде футболды жүйелі дамытуға басымдық беруде. Атап айтсақ, мектептерде футбол сабағы, түрлі турнирлер ұйымдастырылып, білікті маман даярлау, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру және кәсіби футболды дамытуға дейін ауқымды жұмыстарды қолға алу мақсатында 2 млрд теңге инвестиция құйған. Әрі биыл өңірде Қарағанды облыстық футбол қауымдастығының құрылғанына – 25 жыл. Осыған орай Тимур Турловтың қатысуымен Қарағандыда ауқымды конференция өтті. Маңызды жиында соңғы бір жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесін қорытындыланып, өңір футболының әлеуетін арттыру тетіктері талқыланды. Әрі қауымдастық төрағасы өңір футболының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа арнайы марапаттар да табысталды.

Суреттер Қарағанды облыстық футбол қауымдастығынан

Инфрақұрылымды дамытуға – 1 миллиард теңге

Конференция басталмас бұрын арнайы делегация Freedom компаниясының қаржысы есебінен жаңғыртылған «Локомотив» стадионына және «Шахтер» футбол клубының жаңа академиясы салынып жатқан құрылыс алаңына барып қайтты. Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, QOFA президенті Тимур Турлов және QJ Liga президенті Рохус Шох бар. Қонақтар нысандарды аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, «Локомотив» стадионындағы жаңғырту жұмыстары осыдан бір апта бұрын толық аяқталған. Жөндеу жұмыстары аясында футбол алаңының көгалы жаңартылып, заманауи дренаж жүйесі орнатылды. Жүгіру жолдарының асфальт жабыны ауыстырылып, кешкі уақытта жаттығулар мен матчтар өткізуге мүмкіндік беретін жарықтандыру жүйесі іске қосылды. Ал, орталық стадионда халықаралық FIFA Quality Pro стандартына сай жасанды алаң төселген. Бұдан кейін делегация мүшелері Майқұдық пен «Оңтүстік-Шығыс» шағынауданының арасында салынып жатқан жаңа футбол академиясының құрылыс алаңына да барып қайтты. Ауқымды жоба аясында 3 500 көрерменге арналған стадион, толық өлшемді футбол алаңы, жабық жаттығу манежі, интернат, медициналық блок, жаттығу залдары мен бассейн салу жоспарланған.

– Бірде-бір спорттық жүйе жаттығулар мен ойындарға арналған сапалы әрі қауіпсіз инфрақұрылымсыз дами алмайды. Сондықтан, бұл – біздің жұмысымыздағы басым бағыттардың бірі. 2026 жылы инфрақұрылымды дамытуға шамамен 1 миллиард теңге инвестиция салынды. Атап айтқанда, FIFA Quality Pro халықаралық стандартына сай кәсіби төсеніштері бар екі толық өлшемді футбол алаңы жаңғыртылды. Олардың бірі Қарағандыдағы «Локомотив» стадионы болса, екіншісі Абайдағы «Жігер» стадионы. Сонымен қатар, «Аманат» спорт кешенінде балалардың жыл бойы жаттығуына мүмкіндік беретін жаңа алаң ашылды. Футбол инфрақұрылымы спорттың даму қарқынына сай болуы керек. Футболмен айналысатын балалардың саны артып келеді. Демек, олардың жаттығып, ойын тәжірибесін шыңдайтын алаңдар да көбейе түсуі қажет, – Тимур Турлов.

Екі жаңа ұйым QOFA құрамына енді

Конференцияда Қарағанды облыстық футбол қауымдастығыныңширек ғасырлық тарихы сараланып, соңғы жылдардағы өзгерістермен футболды дамытудың алдағыбағыттары талқыланды. Осыдан 25 жыл бұрын Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы ресми түрде тіркеліп, өңірде футболды жүйелі дамытуға негіз қаланды. Содан бері салада елеулі өзгерістер орын алып, жаңа бастамалар жүзеге асқан. Талантты спортшылар мен білікті мамандардың есімі көпшілікке танылып, балалар мен жасөспірімдер футболынан бастап, бұқаралық және кәсіби спортқа дейінгі бағыттарда маңызды қадамдар жасалды. Конференция барысында сөз алған QOFA президенті Тимур Турлов өңірде футболды дамытудың кешенді моделі қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

– Қарағанды өңірінде қазақстандық футболдың даму бағытын түбегейлі өзгертетін кешенді модель қалыптасып келеді. Бұл бастама тек спортты дамытып қана қоймай, бүкіл республика үшін озық үлгі болуға ұмтылады. «Шахтер» футбол клубының мерзімінен бұрын Премьер-Лигаға қайта оралуы өңір спорт әлеуетінің жоғары екенін айқын дәлелдейді. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі футболдан бастап, балалар мен жасөспірімдер жарыстары, әуесқойлар чемпионаты, инклюзивті жобалар, бапкерлер мен төрешілерді даярлау ісі бір жүйеге біріктірілді. Облыста футбол ортасын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету, жергілікті жас таланттарды халықаралық деңгейге шығару және әрбір баланың футболмен айналысуына тең жағдай жасау – басты назарда, – деді QOFA президенті.

Конференцияның ресми бөлімінде делегаттар ұйымдастырушылық мәселелерді қарастырып, қауымдастықтың құрамын кеңейту және басқару құрылымын жетілдіру жөнінде шешім қабылдады. Нәтижесінде, QOFA Атқарушы комитетінің құрамына жаңа мүшелер сайланды. Сонымен қатар, «Қарағанды облысының футболы» корпоративтік қоры және «Қарағанды облыстық футзал, шағын футбол, жағажай және әуесқой футбол қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі QOFA құрамына қабылданды. Жиын барысында тағы бір маңызды шешім қабылданып, QOFA президенті Тимур Турловтың ұсынысымен Иван Блат қауымдастықтың құрметті президенті болып тағайындалды. Айта кетейік, Иван Владимировичтің Қарағанды футболын дамытуға қосқан үлесі зор. Өзі бұған дейін QOFA-ның төрешілер комитетін басқарып, өңірдегі төрешілік жүйенің дамуына атсалысқан жан. Бүгінде қауымдастық тәжірибелі маманға зор сенім артып, оған жауапты міндет жүктеп отыр.

Балалар футболына басымдық

Тимур Турлов QOFA президенті болып сайланғалы бері балалар мен жасөспірімдер футболын, мектеп және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – былтыр ғана іске қосылған ALGA! мектеп футболы жобасы. Осы аралықта жобаға қатысатын мектептердің саны 40 мектепке дейін жеткен. Бүгінде бқл бастама облыстың шалғай аудандарын да қамтып, балаларға өз мектептерінде футболмен тұрақты айналысуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жобаны дамытуға 70 миллион теңге бағытталыпты. Бірақ, бұл жоба аясында тек оқушыларға арналған футбол сабақтары мен жарыстар ұйымдастырылмайды. Жоба аясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері де UEFA D бағдарламасы бойынша арнайы даярлықтан өтіп, біліктілігін көтере алады.

– Бүгінде өңір мектептері заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері UEFA D бағдарламасы бойынша арнайы даярлықтан өтуде. Футбол біртіндеп мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. ALGA! жобасының басты мақсаты – балалардың денсаулығына, командалық жұмыс дағдыларына және белсенді өмір салтын қалыптастыруға инвестиция салу. Мектеп қабырғасында футболмен айналысуға мүмкіндік алған балалардың қатары неғұрлым көбейсе, өңірдегі бұқаралық футбол мен жалпы спорт мәдениеті де соғұрлым дами түседі, – деді Тимур Русланович.

Өңірде қарқынды дамып келе жатқан бастамалардың бірі – Freedom BFL балалар футбол лигасы. Жоба жас футболшылардың тұрақты түрде жарыстарға қатысуына, ойын тәжірибесін жинақтап, футбол дайындығының негізгі кезеңдерінен жүйелі түрде өтуіне мүмкіндік беру мақсатында қолға алынған. Лиганы ұйымдастыру және әрі қарай дамытуына QOFA президенті 50 миллион теңге қаражат бөліпті. Бүгінде нәтиже де жаман емес. Қысқы маусымда лига аясында жарысқа қатысушы командалар саны 159-ға, бала саны 2 700-ге жеткен. Ал, жазғы маусымда 107 командадан 1 900-ден астам жас футболшы жарыс алаңына шығады.

– Бүгінде Қарағанды футболында, әсіресе спорттық инфрақұрылым бағытында, елеулі өзгерістер орын алуда. Жаңа футбол академиясы салынып, алаңдар жаңартылып, жаттығулар мен матчтарды өткізуге қолайлы жағдай жасалуда. Бұрын мұндай мүмкіндіктеріміз болмаған. Дегенмен, кезінде өзіміздің жақсы жаттығу базамыз болған еді. Осы күрделі істі командасымен бірге қолға алып, өңір футболының дамуына серпін бергені үшін Тимур Руслановичке ерекше алғысымды білдіремін. Бір жылдың ішінде көп жұмыс атқарды. Ең бастысы, «Шахтер» алдына қойған мақсатына жетіп, Премьер-Лигаға қайта оралды. Алда атқарылар жұмыс әлі көп. Жүзеге асатын игі бастамалар да аз емес, – деді «Владимир Асылбаев атындағы футбол орталығы» ЖШС директоры Петр Асылбаев.

Баламасы жоқ бірегей жоба

QOFA өңірде футбол жаттықтырушыларын, төрешілерді және жас мамандарды даярлайтын BASTA! жобасы да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта білім беру іс-шаралары ұйымдастырылып, оқу орындарымен ынтымақтастық нығайтылуда. Сонымен қатар, студенттердің тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік жасалған. Жоба аясында студенттер футбол ұйымының күнделікті жұмысымен танысып, саланың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік жасалған.

– Футбол индустриясының дамуы үшін сапалы алаңдар мен жарыстар ғана емес, өз ісін жетік меңгерген білікті мамандар да қажет. Сондықтан, QOFA жұмысының басым бағыттарының бірі – кәсіби кадрлар даярлау. Біз жаттықтырушылар мен жас төрешілерді оқыту жүйесін жетілдіріп, олардың кәсіби деңгейін арттыруға баса мән беріп отырмыз. Ал, BASTA! жобасы студенттерге футбол ұйымының жұмысымен етене танысып, нақты тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, бұл – Freedom компаниясының Қарағанды облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда футболдың дамуына үлес қосатын мамандарды даярлауға бағытталған инвестициясы, – деді Тимур Турлов.

Айта кетейік, қауымдастық инклюзивті футболды дамытуға да айрықша мән беруде. Биыл Қазақстан құрамасы церебралды сал ауруы бар спортшылар арасындағы футболдан әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, қола жүлдеге қол жеткізді. Үшінші орын үшін өткен кездесуде ұлттық құрама Англия құрамасын 7:2 есебімен жеңіп, тұңғыш рет бәсі биәк бәсекеде олжамен оралған. Бүгінде Қазақстан намысын қорғаған футболшылар қатарында Қарағандының «НОДА» командасының өкілдері Анатолий Федоровский мен Виталий Крадин де бар. QOFA Freedom компаниясы болса команданы қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, халықаралық жарыстарға қатысуына қол ұшын созып келеді.

– Өзім қарағандылық «Шахтердің» жейдесінде өнер көрсеттім. Сондықтан, футболдың қаламыздың өмірінде қандай маңызды орын алатынын жақсы білемін. Кезінде команда жоғары деңгейде ойнап, облыс басшылығы мен жанкүйерлердің зор қолдауына ие болды. Алайда, кейін белгілі бір кезеңде футболдың даму қарқыны бәсеңдеді. Соған қарамастан, қарағандылықтардың бұл спортқа деген сүйіспеншілігі ешқашан жоғалған емес. Бүгінде сол қызығушылықтың қайта жанданып, өңір футболының жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көріп, ерекше қуанып отырмын. Қауымдастық басшылығына атқарып жатқан жұмыстары мен жас футболшыларға мүмкіндіктері үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді «Шахтер» клубының бұрынғы ойыншысы Сергей Мищенко.

Түйін

Келер жылы Freedom компаниясы QOFA жобаларын жүзеге асыруға тағы да 1,8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат спорттық инфрақұрылымды дамытуға, балалар мен жасөспірімдер футболын қолдауға, білікті мамандар даярлауға және жарыстар жүйесін жетілдіруге бағытталмақ. Осы орайда QOFA президенті Тимур Турлов алдағы жоспарларға тоқталып, өңір футболын жүйелі дамыту мен басталған жобалардың сабақтастығын сақтаудың маңызын атап өтті.

– Жүзеге асырылып жатқан барлық жоба мен бастама QOFA, «Шахтер» футбол клубы, QJ League, Freedom компаниясы және өңірлік биліктің бірлескен жұмысының нәтижесі. Мұндай үйлесімді ынтымақтастық кез келген жерде қалыптаса бермейді. Ал, біз үшін бұл – футболды дамытуға бағытталған ауқымды әрі маңызды жұмыстарды жүзеге асыруға берілген үлкен мүмкіндік. Біздің мақсат – футболмен айналысуға адам өмірінің кез келген кезеңінде мүмкіндік беретін тұтас жүйе қалыптастыру. Ол мектептегі футболдан және кәсіби даярлықтан бастап, ересектер деңгейіндегі ойынға әрі осы салада маман ретінде еңбек етуге дейінгі барлық бағытты қамтиды. Алғашқы жылдың өзінде осы жүйенің берік негізін қаладық. Келер жылы да басталған жобаларды жалғастырып, футболды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде ілгерілету үшін тағы 1,8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлаудамыз, – деді Тимур Турлов.

Олай болса, келер жылдан да үміт көп. Жоспарланған инвестициялар мен жаңа бастамалар өңір футболының жаңа жетістігімен қуантады деген сенім мол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button