Майқұдықты электрмен жабдықтау жүйесі жаңартылуда
Майқұдықта электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір аудан тұтынушылары кезең-кезеңімен 110/10 кВ «Жаңа Майқұдық» қосалқы станциясына қосылып жатыр.

Жобаны «Қарағанды Жарық» компаниясы жүзеге асыруда. Жеті жоғары кернеулі электр желісін қайта жаңарту жоспарланған. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін электр қуатының резервтік мүмкіндігі артып, ауданның энергиямен қамту тұрақтылығы күшейеді. Сондай-ақ жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды желіге қосуға мүмкіндік кеңейеді.

Жоба аясында жер астымен жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асатын жаңа кабель желілері тартылуда. Бұған қоса, ұзындығы шамамен 9,5 шақырым болатын ескі әуе желілері кезең-кезеңімен алынып, 40 темірбетон тірек бөлшектеледі.

Қазір жұмыстар Белинский, Кузембаев, Технологиялық, Уржумская көшелері мен 19-шағынауданда жүргізіліп жатыр. Автомобиль және жаяу жүргіншілер жолдарының астынан кабель өткізу кезінде көлденең бағытталған бұрғылау технологиясы қолданылуда. Бұл жол жабындысын толық қазбай-ақ коммуникация жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мамандар тұтынушыларды жаңа электрмен жабдықтау сызбасына толық көшіруге дайындық жүргізіп жатыр. Осы кезең аяқталған соң ескі әуе желілері мен қалған тіректерді демонтаждау жұмыстары жалғасады.

Жаңғырту жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба іске асқаннан кейін Майқұдықтағы электр желілерінің сенімділігі артып, электрмен жабдықтау жүйесінің ауа райына тәуелділігі төмендейді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz


