Атамның ақ батасы
Жақында кітап толы сөремді ақтарып отырып, сарғайған бір жапырақ қағазға көзім түсті. Сөйтсем, сонау жылдары жоғалтып алдым деп ойлап жүрген қымбат дүнием екен. Атамның маған қағазға түсірген ақ батасы. Бір кітаптың арасына ұқыптап бүктеп салып қойыппын. Бата 22 жыл бұрын, мен балабақшаға барғанда берілген еді.
Бұл – 2004 жылдың күзі. Мен бір жасымнан ата мен әжемнің бауырында болдым. Олардың мейіріміне бөленіп өстім. Алты жасымда мені балабақшаға беретін болды. Қалаға әкетпек. Ал, атам мен әжемнен алғаш рет ұзайын деп тұрмын. Жанарыма жас толып, әлдебір қимастық кеудемді қысты. Сөйтіп, мені қалаға алып кетуге келген көліктің жолға шығуын өзімше соза бердім. Ананы-мынаны сылтауратып, енді бір нәрсені ұмытып қалғандай болып, әйтеуір жүрісті бөгей бердім. Жан-жақтан ел жиналып, «Жүр енді!» деп асықтырып, кейбірі ұрысып та жатты. Мен болсам, атамның қасынан айналып шыққым келмеді. Сонда атам марқұм менің қимай тұрғанымды сезді ме, әлде баланың көңілін жұбатқысы келді ме, әйтеуір жаныма жақындап:
– Кел, мен саған батамды берейін. Қағазға жазып беремін. Соны жоғалтпа. Қаріп таныған уақытта өзің оқып, өзің сақта, – деді. Сөйтті де бір ақ парақты алып, үстелге жайғасты. Мен үнсіз қарап тұрдым. Атам асықпай отырып, ақ қағазға бірдеңелерді жазып жатты. Сөйтті де оны ұқыптап бүктеп, қолыма ұстатты. Сол сәтте атамның бұл қағазды маған не үшін аманаттап отырғанын толық түсінбеген шығармын. Бірақ, мен үшін ең маңыздысы – атамның қасында тағы да ұзақ тұру еді. Көп ұзамай көлік қалаға бет алды. Ал мен болсам, жапандағы ақ үйдің алдында қол бұлғап қалып бара жатқан атамды қимай, еріксіз жылап жібердім. Алыстаған сайын ақ үй де, аула да, бала кезімнің ең ыстық мекені де біртіндеп көзден бұлдырай берді. Алыстай берді…
Арада 22 жыл өтті. Ақ қағаздың өңі кетіп, сарғайған. Бірақ қара сиямен жазылған әрбір сөз әлі де сол қалпы. Сайрап тұр.
«Құлыныма сәт сапар!
Жорытқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын!
Абай пайғамбар түскен жолға түс!
Мұхтардай дана бол, халқыңа пана бол!
Шоқандай ғалым бол, өмір жасың ұзақ болсын!
Мен Балғожадай тілеуіңді тілейін, сен Ыбырайдай ұстаз бол!
«Көзімнің нұры – балам».
Менің атым Сана бидей хатта қалсын.
Сен қазақтың марқасқасы Қаныш бол.
Әуелі бір Құдайға тапсырдым.
Сені осы жеті бабаңның әруағына тапсырдым.
Қысылғанда желеп-жебеп жүрсін.
Өзің жүз жаса, атың мың жасасын.
Әбүйірді түзден, дәмді үйден жазсын.
Осы берген батам еш болмасын! Әмин! Бата берген атаң». Соңында «24 қазан, 2004 жыл» деген датамен атамның қолы қойылған.
Кейде уақытты кері айналдырғың келеді екен. Бала күнгі сол бір сәтке қайта оралып, атамның жанында тағы бір сәт тұрып, ақ батасын тағы бір рет естіп, маңдайыңнан сипаған алақанын қайта сезінсе ғой?! «Жоғалтпа» деп қолыма ұстатқан бір жапырақ қағазына қарап отырып, атамның маған деген үміті мен ақ тілегінің де осы қағаздың ішінде сақталғанын түсіндім.
Арада қаншама уақыт өтсе де, атамның сол кездегі бейнесі әлі көз алдымда. Сол күні берген батасы да менімен бірге келеді. Сол ақ тілектің жылуын сезініп, атамның батасы мені әлі де қолдап, желеп-жебеп жүргендей күй кешемін…
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»




