1 қазан – Халықаралық қарттар күні
Әр отбасының шежіресі қарттармен сабақтас. Шаңырақтың төрінде отырып, ақылын айтып, батасын беретін қарияның бары – ғанибет. Кәрісін құрметтеу халқымыздың қанына сіңген қасиет. Осы ізгі дәстүрдің айғағы ретінде «1 қазан – Қарттар күні» болып белгіленген. Бүгінде қоғамдағы ең шуақты әрі тағылымы мол мерекелердің біріне айналды. Жыл сайын атаулы күн қарсаңында аға буын өкілдеріне айрықша құрмет көрсетіліп, мемлекет пен қоғамның қамқорлығы нақты істер арқылы көрініс табады. Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, өңірде қазыналы қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға және рухани қолдауда ауқымды жұмыстар жалғасты.

Мереке қарсаңында өңір бойынша мыңдаған ақсақал мен ақ жаулықты әжені құттықтау мақсатына 975,4 млн теңге қарастырылған. Оның 941,7 млн теңгесі жергілікті бюджет есебінен бөлінсе, 33,6 млн теңгесі демеушілік және бюджеттен тыс қаражат көздерінен. Ерекше атап өтерлігі, 75 жасқа толған және одан асқан ардагерлерге жергілікті өкілді органдардың шешімімен 21 625 теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Бұл қолдау түрімен 43 405 адам қамтылып, аталған мақсатқа жергілікті қазынадан 938,6 млн теңге бағытталған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары біржолғы материалдық көмекті төлеу жұмыстары 1 қазанға дейін толық аяқталатынын мәлімдеді.
– Қарттарға көрсетілетін құрмет тек қаржымен шектелмейді. Әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшелерінің қамқорлығындағы жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік әсер қалдыру мақсатында бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтқанда, мерекелік концерттер мен шерулер өткізіліп, 3 705 азаматқа құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ, оларға арнайы мерекелік дастарқан жайылып, дәмді түскі ас беріледі. Бұл мақсатқа 17,5 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, демеушілер мен кәсіпкерлердің қолдауымен 1 444 адамға жалпы құны 16,5 млн теңгені құрайтын азық-түлік себеттері табысталады. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте түрлі байқаулар, спорттық жарыстар мен мәдени кештер ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталады. Бұл бағыт аясында 312 адамды қамту жоспарланып отыр, – деді облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Әйгерім Бекишева.
Қала мен аудандарда да Қарттар күніне арналған іс-шаралар ерекше мазмұнмен ұйымдастырылмақ. Мәселен, Приозерск қаласында өнегелі ғұмыр кешкен 150 зейнеткер мен мерейтой иесіне құрмет көрсетіледі. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2,3 миллион теңге бөлініп, қарияларға арнайы сый-сияпат табысталмақ. Ал, Нұра ауданында ең егде жастағы екі қарияның шаңырағына аудан әкімі арнайы барып, мерекемен құттықтамақ.
Өңірде аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттырып, олардың мол өмірлік тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін қоғам игілігіне пайдалануға бағытталған маңызды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Соның бірі өткен жылдан бері іске қосылған «Алтын жас» жобасы.
Жоба талаптарына сәйкес, жұмысқа орналасқан зейнеткердің жалақысының 50 пайызын жұмыс беруші төлесе, қалғаны жергілікті бюджет есебінен субсидияланады. Жобаның нәтижесі де көңіл қуантады. Былтыр оның аясында 542 адам тұрақты жұмысқа орналасса, биыл бұл көрсеткіш 715 зейнеткерге жеткен. Ардагерлер жүргізуші, күзетші, бухгалтер, тәрбиеші, мұғалім секілді түрлі мамандықтар бойынша еңбек етіп, өз тәжірибесін кейінгі буынмен бөлісуде.
Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырған ардагерлердің бірі – Нариман Жүнісова. Өзі – Қарағандыдағы Мағжан гимназиясында 25 жыл бойы еңбек еткен білікті маман. Ширек ғасыр уақытын дене тәрбиесі пәнінен сабақ беріп, мектеп оқушыларын спортқа баулумен өткізген. 2023 жылы зейнетке шығып, содан кейін екі жылдай үйде отырады.
Ал, 2025 жылы қызы анасына өңірде іске қосылған «Алтын жас» жобасы туралы айтып, ақпаратпен таныстырады. Содан соң Нариман Жұмаділдәқызы жоба талаптарын зерделеп, қажетті құжаттарын жинап, бағдарламаға қатысуға өтініш береді. Нәтижесінде, сол жылы Қарағандыдағы «Дарынды бала 2» балабақшасына дене шынықтыру нұсқаушысы болып жұмысқа орналасады. Бүгінде тәжірибелі маман өз ісін қайта жалғастырып, бүлдіршіндер тәрбиесіне өз үлесін қосып келеді.
– Балабақшада алты топқа сабақ беремін. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай әр топқа жеке бағдарлама әзірлеп, сабақ өткіземін. Меніңше, бұл – зейнеткерлер үшін өте пайдалы жоба. Біз секілді өмір бойы еңбек етіп, жұмыс істеуге дағдыланған адамдар зейнетке шыққан соң үйде отыра алмайды. Қазір еңбек еткісі келген адамға мүмкіндік көп. Екі қолға бір күрек табылады. Адам үнемі қимыл-қозғалыста болса, өзін сергек сезінеді. Зейнетке шыққаннан кейін екі жылдай үйде отырдым. Қазір қайтадан жұмысқа орналасып, өзімді әлдеқайда жақсы сезіне бастадым. Денсаулығым да жақсарды. Осындай игі бастамалар көбейе берсе екен деймін, – деді Нариман Жұмаділдәқызы.
Қартын қадірлеу – халқымыздың қанға сіңген қасиеті. Ал, аға буынға көрсетілген құрмет пен жасалған қамқорлық келер ұрпаққа көрсетілген өнеге деп түйдік. Өйткені, қариясы қазына болған елдің рухани байлығы да, берекесі де баянды болмақ.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»



