Чемпиондар ұстаханасы
Тарих қойнауына үңілсек, қасиетті Қарқаралы өңірі қазаққа тек маңдайалды қайраткерлер мен дүлдүл ақындарды ғана сыйлаған жоқ. Бұл өлке – талай спорт саңлағын тәрбиелеп шығарған алтын бесік. Осы уақытқа дейін әлемдік ареналарда Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әлемге паш еткен небір саңлақтар осы топырақтан түлеп ұшқан. Бүгінгі жас буынның қатарынан да табандылығы, талантымен көзге түсіп жүрген өрендердің өсіп келе жатқаны осы туған жердің қасиетті топырағынан дарыған. Ал, осындай тарихи мекенде жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен туған елге деген шексіз құрметті оятып, жігерін жанып отырған бірден-бір орта – Қарқаралы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі.

балалар мен жасөспірімдер
спорт мектебінің мұрағатынан
Қарашаңырақтың тарихы сонау кеңес дәуірінен, яғни, 1967 жылдан бастау алған. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын шаңырақ көтерген спорт мектебіне Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерсін Жүнүсов жетекшілік етті. Алайда, тоқсаныншы жылдардағы алмағайып заманда, 1994 жылы спорт мектебі уақытша жабылып, балалар мен жасөспірімдер орталығының құрамына қосылды. Дегенмен, спортқа деген сұраныс пен өңірдің өр рухы бұл істі тоқырата алған жоқ. 2001 жылдың қыркүйек айынан бастап, Қарқаралы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қайта түлеп, өз жұмысын жаңа қарқынмен жалғастырды. Сол кездегі спорт түрлері қатарына қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, грек-рим күресі, үстел теннисі, спорттық бағдарлау, шаңғы жарысы мен кикбоксинг кіріп, мектеп оқушылары халықаралық, республикалық жарыстарда олжа салып жүрді.
Бүгінде спорт мектебінде спорттың 12 түріне жастар ден қойған. Атап айтсақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, грек-рим күресі, үстел теннисі, шаңғымен жүгіру, кикбоксинг, дзюдо, волейбол, бокс және құсбегілік сынды түрлері бар. Ал, спорт мектебінің секциялары Қарқаралы қаласымен қатар, Қарағайлы кенті, Нұркен, Көктас, Балқантау, Темірші, Қ.Аманжолов, Жамбыл, Тегісшілдік, Бақты және Жаңатоған ауылында да жұмыс істеп, ауыл жастарының үлкен спортқа қадам басуына жол ашып отыр.
– Қарашаңырақта өскелең ұрпаққа тәлім беріп, бапкерлік жолдың қыр-сырын үйретіп жүрген 35 тәжірибелі жаттықтырушы еңбек етуде. Олардың 21-і штаттық негізде жұмыс істесе, 14-і қосалқы мамандар. Бір бапкеріміз жоғары санатқа ие, үш жаттықтырушы – І санатты, 12 жаттықтырушымыз – ІІ санатты мамандар. Спорт ордасының ауқымы мен өсіп-өркендеу көрсеткіші де жыл санап артып келеді. 2001 жылы небәрі 598 бала спортпен шұғылданса, биыл бұл көрсеткіш 1400 балаға жетіп отыр. Осы оқу жылының деректеріне сүйенсек, Қарқаралы қаласының өзінде 720 бала спортпен айналысса, шалғайдағы ауылдық жерлерден 680 жеткіншек салауатты өмір салтын серік еткен. Шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздардың берген тәлімі өз нәтижесін беріп, мектеп оқушылары республикалық және халықаралық жарыстардың тұрақты жүлдегері атанып жүр. Спорт мектебі түлектері арасынан І Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 10 спорт шебері және 103 спорт шеберіне үміткер разрядын алған, – деді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқу-ісі жөніндегі орынбасары Асхат Оспанов.
Бүгінде халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың қатарында мектептің дарынды түлектері де бар. Солардың қатарында бокстан кадеттер арасында 2023 жылғы Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Нығмет Нығман, самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы, дзюдодан жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегері Аида Тойшыбекова, дзюдодан жастар арасында ел чемпионы, спорт шебері Аяулым Қайрат бар. Қарашаңырақтан түлеп ұшқан тағы бірқатар жас спортшы бүгінде биік белестерді бағындырып жүр. Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Санжар Ерұланұлы мен самбодан әлем чемпионатының жүлдегері Мадина Ержанның да алғашқы спорттық қадамы осы мектептен басталған.
1990 жылдан бері аталған спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етіп келе жатқандардың бірі – Қанат Төребеков. Содан бері 40 жылға жуық уақытында талай жүйрікті дайындап, облыс чемпионы, республикалық турнирлердің жүлдегерлерін шығарған. Өзі қазақ күресі және дзюдодан жаттықтырады. Қазіргі таңда үйірмесінде 40 бала жаттығады. Қанат Камелұлы спортшы. Талай бәсекелерде бақ сынап, жүлдегерлердің қатарынан көрінген. 1985-1987 жылдары Хабарск қаласында Самбо күресінен әскерде спорт шеберін орындаған. 1990 жылы қазақ күресінен Н.Нұрмақов атындағы Республикалық турнирде ІІІ орын иеленген. Араға екі жыл салып, осы турнирдің күміс жүлдегері атанады.
– Осы қарашаңырақта ғұмырымның жартысын өткіздім десем, артық айтқаным емес. Осы уақыт ішінде талай шәкірттің алдымнан өтіп, спортқа қадам басуына себепкер болдым. Ауыл жастарын спортқа баулып, олардың бағын ашу – менің басты мақсатым. Әріге бармай-ақ қояйын, кейінгі төрт жылда өзім тәрбиелеген шәкірттерім үлкен ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Азат Бесбай – төрт дүркін, Нұрасыл Тұңғышбек – екі дүркін облыс чемпионы. Еркін күрестен де шәкірттерімнің жетістігі аз емес. Қазақстанның екі дүркін чемпионы Айғаным Жидебайдың алғашқы бапкері болдым. Қазір ол Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде білім алуда. Дзюдо мен қазақ күресінен де облыстық жарыстарда жүлде алған шәкірттерім бар. Бүгінде спорт секциясына келіп жүрген жастардың арасында да болашағынан үміт күттіретін таланттар жетерлік. Алдағы уақытта олардың арасынан да үлкен чемпиондар шығады деп сенемін. Біздің міндетіміз – сол таланттарды дер кезінде танып, қабілетін шыңдап, үлкен спортқа жол ашу, – деді Қанат Төребеков.
Ардақ Ахметтің бокс саласында шәкірт тәрбиелеп жүргеніне де 10 жылдан асыпты. Ардақ Маралұлы жас кезінде бокс қолғабын киіп, кәсіби додаларда бақ сынамағанымен, кейін бапкерлік жолды таңдап, талай жас боксшының спорттағы алғашқы қадамына бағыт-бағдар беріп келеді. Білікті бапкердің тәлімін алған шәкірттері бүгінде түрлі жарыстарда жүлде иеленіп, шеберліктерін шыңдауда.
– Ол кездері ауылда бокс үйірмесі болған жоқ. Кейін Қарағандыға оқуға түсіп, студент кезімде боксқа қызығушылық танытып, жаттыға бастадым. Уақыт өте спортқа деген ынтам артып, бокстың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгердім. Алайда, жарыстарға қатысайын десем, жасым сәйкес келмеді. Оқуды тәмамдап, ауылға оралған соң жаттықтырушылық жолды таңдадым. Үйірме ашып, ауыл жастарын жинап, өзім білетін әдіс-тәсілдерді үйреттім. Содан бері талай шәкірт тәрбиелеп, олардың арасынан чемпиондар шығардым. Солардың бірі әрі бірегейі – бокстан ел чемпионы Нығман Нығмет. Бұл спортшы менің шәкіртім. Биыл кадеттер арасында өткен облыс чемпионатында тағы бір шәкіртім Жан Рымхан күміс жүлдеге ие болды. Қазіргі таңда үйірмеде 20 бала тұрақты түрде жаттығады. Ауыл жастарын спортқа баулып, олардың бойындағы талантын дамытуымыз қажет. Бұл бағытта бізге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан, алдағы уақытта да талай шәкірт тәрбиелеп, олардың биік белестерді бағындыруына бар күшімді саламын, – деді Ардақ Ахмет.
Бүгінде ауылдағы спорт үйірмелерінде жаттығып жүрген әр баланың бойында үлкен арман бар. Бірі – облыс чемпионы болуды көздесе, енді бірі ел намысын халықаралық аренада қорғауды мақсат етеді. Сол арманның жүзеге асуына жол көрсетіп, жас спортшылардың қабілетін шыңдайтын ортаның бірі – осындай спорт мектебі, ондағы бапкерлер. Сондықтан, тарихы терең, талай саңлақтың тұсауын кескен спорт мектептерінің жұмысын одан әрі жандандыру үшін білікті бапкерлердің қатарын көбейтіп, олардың еңбегін қолдау маңызды. Өйткені, ауылдағы әр спорт мектебі – болашақ чемпиондардың алғашқы мектебі екені бесенеден белгілі.
Ербол ЕРБОЛАТ
«Ortalyq Qazaqstan»


