Қарағандылықтар Санжар Әділовті құрметпен қарсы алды
Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында аралас жекпе жектен қола жүлде еншілеген жерлесіміз Санжар Әділов туған жеріне оралды. Жүлдегерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Нұркен Нұратов пен туған туыстары, спорт жанашырлары, әріптестері «Saryarqa» әуежайында құрмет-қошеметпен қарсы алды.

Басқарма басшысы өз сөзінде жүлдегерді жеңісімен құттықтап, оған алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
– Азия ойындарының қызығы енді басталады. Өңірден 18 спорт түрінен 42 спортшымыз ел намысын қорғауға аттанған болатын. Солардың арасынан алғашқы болып Санжар қола жүлдені қоржынға салды. Бұл қола жүлдеміз алдағы уақытта алтынға ұлассын. Санжардың бастамасы құтты болсын! Өзі де осы спорт түрінен үлкен жетістіктерге жетуге ниетті екенін айтқан болатын. Сол мақсатыңа жете бер. Біздің тарапымыздан тиісті қолдау көрсетіледі, – деді Нұркен Қанатұлы.
Санжар биылғы Азия ойындарына жарты жылдан бері дайындалғанын атап өтті.

– Жарты жыл бойы бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Алдымен дайындық жұмыстарын елімізде бастап, кейін Қырғызстанда жалғастырдық. Жалпы, дайындығымыз жоғары деңгейде өтті. Бапкерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік. Әуесқой күрес пен кәсіпқой аралас жекпе-жектің өзіндік айырмашылығы мен ерекшелігі бар. Ережелері де бір-біріне ұқсамайды. Ендігі басты мақсатым – кәсіпқой спортқа ауысу. Алдағы уақытта спорттық мансабымды мұхит асып, кәсіпқой деңгейде жалғастырғым келеді. Осы Азия ойындары мен үшін сол жолдағы үлкен тәжірибе болды. Жарыс барысында, әсіресе, тәжірибе тұрғысынан алғанда, өзімнің бірқатар қателіктерімді байқадым. Дегенмен, бар күш-жігерімді салып, қола жүлдеге қол жеткіздім. Енді жіберген қателіктеріммен жұмыс істеп, алдағы жарыстарда нәтижемді жақсартуға күш саламын, – деді Санжар Әділов.

Айта кетейік, Санжар 65 келіге дейінгі салмақта сынға түскен болатын. Ақтық кезең жолдамасы үшін өткен кездесуде жерлесіміз тәжікстандық Отабек Раджабовтан жеңілген болатын.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



