«Орталықтың» жанашыры еді
Ол газетте бір күн де істеген жоқ. Бірақ, газет шығарудың мың күндік мехнатын тартқан адам.

…Аты аңызға айналған қаламгер, «Редакторлардың редакторы» атанған Рамазан Сағымбеков ағамыздың асыл жары, рухани мұрасының шырақшысы, Арқа журналистерінің анасындай болған Роза Ыбырайымханқызы Жүкібаева 90 жасында өмірден озды.
Рамазан Сағымбеков – бір өзі бір мектепке айналған қайталанбас қаламгер, аса дарынды редактор, баспасөз тарихын зерттеген тарихшы. Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде 1974-1982 жылдары бас редактор болып, Арқа журналистикасының тұтас бір буынын тәрбиеледі десе де болады.
Рамазан аға шығармашылықтың шырғалаңы мен сөз азабын қаншалықты көп тартса, аяулы жары Роза апай одан екі есе артық тартты. Өйткені, отағасының көңіл күйі, шығармашылық бабы, денсаулық жағдайы, бәрі-бәрі Роза апамыздың мойнында еді. Қалам қайраткерінің қажырын еселеп, қам көңіліне шуақ сыйлаған, Рамазан ағаның барлық шәкірттерін баласындай еркелеткен Арқа журналистерінің анасы да бір дәуірдің жүгін арқалап өтті өмірден.
Біздерді «Рекеңнің балалары» дейтін. Редакциямен байланысын үзген жоқ. Ара-тұра қоңырау шалып, сәтті шыққан номерлерге пікір айтатын-ды. Кемшін тұстарымызды да ескеріп:
– Рекеңнің балалары, қалдарың қалай? Менің Рекем төбеден қарап, «Орталығына» алаңдап жатады. Өздеріңнің Мағаш ағаларың да әр қадам, әр жазбаларыңды қадағалап тұрады. Олар – редакторлар ғой. Мүлт кетуге қақыларың жоқ, – дейтіні де бар еді.
Қараңызшы, мен бірінші рет Роза апай оқымайтын, ол кісі пікір айтпайтын азанама жазып отырмын.
4 қазан күні газеттің туған күнімен құттықтайтын адамдарымның саны бір адамға кеміді… Роза апайға қоңырау шала алмаймын… Қандай өкінішті?!
Бақұл болыңыз, Арқа журналистерінің анасы!
Ерсін МҰСАБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»



