Айтылды – ОрындалдыЖаңалықтар

Инвестиция игілікті еселейді

Облыстың инвестициялық қоржыны бүгінде 6,7 трлн теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде, 185 жоба бар. Жоспар толық жүзеге асса, аймақта 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемінің өсуі облыстың экономикалық дамуында жаңа кезең басталғанын аңғартады. Ендігі мәселе – қаржы тартудың көлемімен қатар, оның нақты өндіріске, жаңа технологияға, өңдеуге және тұрақты жұмыс орындарына айналуында.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өнеркәсіп жаңа деңгейге бет бұрды

Ресми дерекке сүйенсек, биыл аймақта жалпы құны 322,5 млрд теңге болатын 44 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде 80,9 млрд теңгенің 13 жобасы жүзеге асып, 1 600-ден астам адам жұмыспен қамтылған.

Бұрын Қарағандының инвестициялық әлеуеті, ең алдымен, тау-кен және металлургия өнеркәсібімен байланыстырылса, қазір оған машина жасау, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, туризм секілді бағыттар қосылып отыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев инвесторлармен жұмыс жүйесінің қалыптасқанын айтып, жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілетінін атап өткен еді.

– Жалпы, инвесторлармен жұмыс жүйесі қалыптастырылған. Біздің тарапымыздан инвестициялық жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.

Бұл ретте басты міндет – инвестицияны тартумен шектелмей, басталған жобалардың уақытында іске қосылуын қамтамасыз ету. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына іске асыру кезеңіндегі жобаларды қолдауды күшейтіп, туындайтын проблемаларды жедел шешу, сондай-ақ, жаңа инвесторларды тартуға бағытталған перспективалы жобалар пулын қалыптастыру тапсырылды.

Облыстың инвестициялық картасында өнеркәсіп бұрынғыдай негізгі орында. Бірақ, оның мазмұны өзгеріп келеді. Басты назар шикізат өндірумен қатар, дайын өнім шығаруға, технологиялық өндірістерді дамытуға және қосылған құн тізбегін облыс ішінде қалыптастыруға аударылуда.

Мұның нақты мысалының бірі – Saran Machinery кәсіпорнында іске қосылған HOWO жүк көліктерін өндіру жобасы. Кәсіпорынның жылдық қуаты 10 мыңға дейін жүк көлігін шығаруға жетеді. Жоба аясында 800 жұмыс орны ашылды.

Машина жасау саласындағы мұндай жобалар айналасында қосалқы өндірістердің, сервистік қызметтердің, логистиканың және техникалық мамандарға сұраныстың қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.

Сонымен бірге, өңірде жеңіл автокөлік, катодты мыс және ірі өнеркәсіптік жабдықтар өндірісі де жолға қойылды.

Өңірдегі инвестициялық жобалардың қатарында геологиялық үлгілерді зерттеуге бағытталған «ЖАҢА LAB» заманауи сынақ зертханасы да бар. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аумағында орналасқан нысан Solidcore Resources тобының өндірістік үдерістерін сенімді аналитикалық ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Мұнда геологиялық үлгілерді қабылдау мен тіркеуден бастап, дайындау, химиялық және аспаптық талдау, сапаны бақылау және түпкілікті нәтижені қалыптастыруға дейінгі жұмыстар бір технологиялық тізбекке біріктіріледі. Зертхананың өндірістік нысандарға жақын орналасуы үлгілерді жеткізу уақытын қысқартып, қажетті зерттеулерді жедел жүргізуге мүмкіндік береді.

Зертхана заманауи аналитикалық жабдықтармен жабдықталған. Олардың қатарында Agilent 5900 ICP-OES, атомдық-абсорбциялық спектрометрлер, ELTRA ELEMENTRAC элементтік анализаторлары және Bruker D6 Phaser рентгендік дифрактометрі бар. Жобалық қуаты жылына 200 мыңға дейін геологиялық үлгіні өңдеп, зертханалық талдау жүргізуге есептелген.

Сонымен қатар, зерттеу нәтижелерінің дұрыстығын қамтамасыз ету үшін ішкі сапаны бақылау жүйесі енгізіліп, зертхана ISO/IEC 17025 халықаралық стандарты талаптарына сәйкес аккредиттеуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.

– ЖАНАLAB-тың басты мақсаты – геологиялық материалды зерттеудің барлық негізгі кезеңдерін бір жүйеге біріктіріп, өндіріс үшін жедел әрі сенімді аналитикалық нәтиже қалыптастыру. Заманауи жабдықтар мен кәсіби мамандардың әлеуетін ұштастыра отырып, зертхананың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, өңірдегі профильдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық арқылы жергілікті мамандардың кәсіби әлеуетін дамытуға да мән береміз. Бұл жоба зертханалық инфрақұрылымды күшейтіп қана қоймай, өндірістегі шешімдердің сапалы аналитикалық деректерге сүйенуіне мүмкіндік береді, – дейді «ЖАНА LAB» ЖШС директоры Базарбай Бакенов.

Ал, жыл соңына дейін тағы бірнеше ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Солардың бірі – Тесіктас кен орнында құны 100 млрд теңге болатын мыс өндіретін кәсіпорын. Бұдан бөлек, 66 млрд теңгеге жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, 23,3 млрд теңгеге клинкер плиткасын шығаратын зауыт іске қосылмақ.

Облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Газалиевтің мәліметінше, мұнда тағы бір маңызды мәселе бар.

– Инвестиция тарту – ұзақ мерзімді жұмыс. Сондықтан, қазір іске асыру кезеңіндегі жобаларды сүйемелдеу, проблемалық мәселелерді жедел шешу және жаңа инвесторлар үшін дайын жобалар пулын қалыптастыру маңызды. Бұл тұрғыда индустриялық аймақтардың рөлі де артып отыр. Балқашта туристік бағыттағы индустриялық аймақ жұмыс істейді. Мұнда құны 1,7 млрд теңге болатын Premium Villa Balkhash кешені іске қосылды, – деп атап өтті Асқар Арстанұлы.

Ал, Теміртауда индустриялық аймақ құру мәселесі қарастырылуда. Оның негізгі бағыты – көмір мен металлургиялық шикізатты терең өңдеу. Алдын ала жоспар бойынша мұнда жалпы құны 900 млрд теңгеден асатын сегіз жобаны орналастыру көзделген. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Егер бұл жоспар жүзеге асса, Теміртаудағы индустриялық алаң өңірдегі ірі инвестициялық хабтардың біріне айналуы ықтимал.

Өнімнен өңдеуге дейін

Инвестицияның екінші маңызды бағыты – агроөнеркәсіп кешені. 2026 жылы облыста ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 76,9 млрд теңге болатын 42 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 450-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Инвестицияның ең үлкен үлесі мал шаруашылығына тиесілі. Мұнда 43,8 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырылады. Өсімдік шаруашылығына 27,3 млрд теңгеге 17 жоба, ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге 5,7 млрд теңгеге жеті жоба жоспарланған. Бүгінде 9,9 млрд теңгенің алты жобасы іске қосылып, 101 адам жұмыспен қамтылды.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ануар Тюлюбековтің ұсынған мәліметтерге қарағанда, биылғы аграрлық инвестицияның басты ерекшелігі – өндіріс көлемін арттырумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісіне де басымдық берілуі.

Осакаров ауданында 1 200 басқа арналған жаңа сүт фермасының іске қосылуы – соның бір дәлелі. Жобаға 7,5 млрд теңге инвестиция салынып, 70 жұмыс орны ашылды.

Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы үшін өндірістің тұрақты болуы су мәселесіне де тікелей байланысты. Осы бағытта Абай, Нұра және Ақтоғай аудандарында жаңа суармалы алқаптар іске қосылды. Шет ауданындағы картоп сақтау қоймасы жаңғыртылды. Яғни, инвестиция ауыл шаруашылығына өндірістің инфрақұрылымына да келіп жатыр.

Абай ауданында іске қосылған жаңа ет өңдеу кәсіпорны да осы үрдістің бір бөлігі. Мұнда мал сою және ет консервілерін шығару жолға қойылған. Жобаға 800 млн теңгеден астам инвестиция салынған.

Инвестиция көлемінің өсуі экономикалық нәтиже емес. Ең маңыздысы – оның қанша жаңа жұмыс орнына айналғаны, қанша өнім өндірілгені, қанша кәсіпорынның жергілікті компаниялармен кооперация құрғаны.

Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап қалу. Инвестор үшін қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды уақытында жеткізу, жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді жедел шешу – инвестициялық саясаттың ажырамас бөлігі.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button