Жаңалықтар

Қарағандыда газель мен автобус соқтығысып, төрт адам зардап шекті

Қарағандыдан шамамен үш шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болды. Апат «Волынский» мал шаруашылығы маңындағы тар жол учаскесінде тіркелген, деп хабарлайды Полиция департаменті.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Қарағандыдан шамамен үш шақырым жерде жол-көлік оқиғасы болды. Апат «Волынский» мал шаруашылығы маңындағы жол учаскесінде тіркелген.

8 қыркүйекте аталған аумақта «Қарағанды – Жайрем» бағытымен жүріп келе жатқан маршруттық автобус пен газель көлігі соқтығысқан. Қатты соққыдан кейін екі көлік те жол жиегіндегі шұңқырға түсіп кеткен. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде тарады.

Қарағанды облысының полиция департаментінің мәліметінше, жол апатынан төрт адам зардап шеккен. Олардың қатарында газель жүргізушісі мен оның жолаушысы, сондай-ақ маршруттық автобустың екі жолаушысы бар. Зардап шеккендер медициналық мекемелерге жеткізілді.

Аталған факті полицияда тіркеліп, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайына қарай жылдамдықты дұрыс таңдауға, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және қала сыртындағы жолдарда барынша мұқият болуға шақырды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button