Бас тақырыпЖаңалықтар

Тазы шалады

Тазының, оның ішінде қазақ тазысының бүкіл болмысы осы бір ауыз сөзге сыйып тұр-ау деп ойлаймын. Ал бізде тазы жөнінде бөстекі әңгіме көп. Оның ішінде тазымен қасқыр алу тақырыбы өңмеңдеп тұр.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ата-бабаларымыздың жоғарыда бекіткен бір ауыз сөзі осы жел сөзімізге нүкте қойса керек еді, алайда тазы жөнінде үкімет тарапынан арнайы заң қабылдануы бұл әңгімемізге тамызық қойғандай болып тұр-ау. Тіпті, «Қазақ тазысы» атты күрделі еңбек те дүниеге келіп үлгерді. Ел оқып үлгеріп, пікірлерін білдіріп жатыр. Орталық арналардағы «Үркер» бағдарламасында талқылау да болып өтті. Кітап таяуда ғана Алматыда өткен кітап көрмесінде безендірілуі жағынан, жоғары баспа және полиграфиялық деңгейде дайындалғаны жағынан жұрт ілтипатына ілінді. Ахмет Тоқтабайдың бұл еңбегін академиялық еңбек десек жаңыла қоймаспыз. Мұндай еңбекті тұтастай институт, болмаса арнайы зерттеу орталықтары шығарса керек-ті. Оқып, танысқан жұрт ұлттық құндылық деп жатыр. Лайым, солай болғай. Менің түсінігімде бұл барлау еңбегі болса керек. Өйткені бұл еңбек негізінде тазының, оның ішінде қазақ тазысының түп-тамырының қопара қозғалуы жатыр.

Ит адам баласының өмір сүруіндегі ең бір ажырамас бөлшегі. Оны бабаларымыз баяғыда айтып тастаған. Ит жеті қазынаның бірі деп. Сол қазынамыздан қай жағынан алсақ та ажырау жағдайында тұрдық.
Тәуелсіздігімізді алуымыз бізді көп жайтқа сүйреледі. Әргі-бергі тарихымызды зерделеуге жетеледі. Ішер тамағымызға, киер киімімізге жарымай жатқанымызға қарамай жоғалтқан дүниелерімізді, болмаса жоғалу алдына тұрған дүниелерімізді қайтаруға күш салдық. Өйткені осыған дейін біздікі деп келген дүниелеріміз біздікі болмай шықты. Заң деген адамға байланысты шығушы еді, ендігі заңдар мақұлықаттарға байланысты да шыға бастады. Бразилияда осы итке байланысты кәмгідей заң кодексі жұмыс істейді дейді. Мұндай заңды іргелес мемлекеттерден де көріп жүрміз. Түркімен бауырлар ақалтекелерін, алабайларын заңмен қорғап, алтынмен апталған тас мүсіндерін алға шығарды. Бұл, әрине, бізді де ойландырады. Ойланғанымыз сол, біздер де қазақы иттерді қорғау, тұқымын асылдандыру, бар түрін орнықтыру бойынша заң қабылдауға мәжбүр болдық. Президентіміздің өзі қолдау көрсетіп отырғандықтан бұл заңымыз кәдімгідей жұмыс істей бастады. Жер-жерде тазыға байланысты түрлі қауымдастықтар, зерттеу орталықтары ашыла бастады. Бұл бағытта қалталы азаматтардың, ел жанашырларының атқарған еңбегін де жоққа шығармаймыз. Соған орай дау-дамайларымыз да аз болмады. Оның да түпкілікті нәтижеге жетуімізге ықпалы болды деп айта аламыз.

Сонымен жылдар бойы әуре-сарсаңға түсіп келген қазақ итбегілерінің аңсары жүзеге асты. Қазақ тазысы әлем деңгейінде мойындалды. Әрине, іс бір мұнымен бітпейді. Алда әлі талай шаруа тұр.
Бұл жерде мақұлықаттардың да ұлттық белгісі барлығын мойындай отырып, өзіміздің — қазақ тазысының түрлерін орнықтыру үлкен рөл атқарады. Осыдан барып қазақ тазысының қазақ баласының өміріндегі орны анықталады. Қазіргі уақытта итбегілеріміз қазақ тазысының бес түрін орнықтырумен шұғылданып жатыр. Оның ішінде таза қазақы тазыны алып шығу оңай емес. Оған қыруар ресурс керек. Өйткені қазақ тазысы, бұл ең алдымен дала тазысы. Тазы түрін сұрыптаудағы жұмысымыздың оңбай тұрғаны осы жайтқа байланысты. Көпшілігіміз тазыны дала мақұлықаты деп қабылдай бермейміз. Тіпті, оның сұрыптау жұмыстарын үй (лаборатория) жағдайына көшіріп алдық. Ал қазақы тазының табиғаты мұнымызға көне бермейді. Оған тәуелсіз кеңістік керек. Ит өсірумен, оның тұқымын асылдандырумен шұғылданып жатқандар осыны ескере бермейді. Қазақ тазысының табиғаты осы жүгірумен байланысты. Оған атшабар, ипподром керек. Ал біз оларды питомниктерде өсіріп, ұстап отырмыз. Мұндай жағдайда әлгі асылдандырып жатқан тазыларымыз үргеніш жағдайынан да түсіп кетеді. Қалай айтсақ та, қандай себептерді алға тартсақ та айтып отырған питомниктерімізді далаға апаруымыз керек. Онсыз қолға алған ісімізден нәтиже шығарамыз деп айту асылық болады. Оны өміріміздің өзі көрсетіп отыр.
Енді басталады. Таза қанды тазы мәртебесін алғаннан кейін оған қатаң есептер жүргізіледі. Әкесі кім, шешесі кім дегендей. Кімге күлкі, кімге түрпі болса да айта кетелік. Қазір қазақ шежірешілері бөлініп жатыр. Соның үлкен бір тобы ит шежірешілері. Қазір жетпіс жеті атасынан құлата алмаса да жеті атасынан құлата алатын дәргейге жетіп қалдық.

Қазақтың кешегі бай-бағыландары жақсы тазыларға үйірлетіп жылқы айдаған. Қысастықпен адамдарын итке айырбастап жіберген оқиғалар да да жеткілікті. Оның мысалын дала жазбаларында өзіміз де жаздық. Осының барлығы нені көрсетеді? Ойлана түссек, бөркімізді басымызда қалдыра тұруымызға тура келеді.
Қазір таза қанды қазақы тазысының саны 130‑дың үстінде ғана екен. Бұл баршамызды ойландырса керек. Қазақы тұрмыстағы жағдайда да белгілі бір нәтижеге жетеміз деп айту да асылық болады. Өйткені дала жағдайындағы қазақы тұрмыста тазыға деген мүдделі сұраныс жоқ. Олай болса ит питомниктерін далаға шығаруымызға тура келеді. Ондай мүмкіндік болмай жатқан күннің өзінде шығар жол бар деп есептейміз. Онда көшпелі питомниктер ұйымдастырайық. Ит адамға деген адалдығын баяғыда дәлелдеп тастаған. Енді біз адалдығымызды дәлелдейік!

Енді әңгімеміздің тақырыбына келейік. Ешқандай тазы алмайды! Тазы тек шалады! Олай болса тазымен қасқыр алдық сынды бостекі әңгімелерден тыйылайық. Оның орнына итке байланысты төл сөздерімізді орнықтырайық. Әлі күнге дейін ит ұрғашысын қаншық, ит еркегін төбет, ит күшігін күшік деп айтуымыз жарамайды. Олардың орнына ел жадынан әлі шыға қоймаған ақай, бақай, тоқай сөздерін орнықтырайық. Ит жөнінде мен аз жазбадым. «Итбегі» деген арнайы көркем туынды да жаздым. Ақыр соңында не болды? Бәрібір қабылдады. Қазір итбегі сөзі орнықты. Олай болса бұл сөздердің орнығатынына кәміл сенемін.

Мен итбегі емеспін. Үргеніш асыраған күндерім болыпты. Одан әріге барған емеспін. Алайда иттен алыстап та кете алмаған екенмін. Өйткені мен қорғаныс кестесіндегі жұмысшылар қалашығында дүниеге келдім. Ол Мәскеуден басқарылатын. Соған орай Мәскеу уақытымен жүріп-тұрдық. Ал кеніште күзетке қатты қарайтын. Адам күзетшісіне қоса күзет жұмысына кәдімгідей итті де жұмысқа алатын, кәдімгідей айлық төлейтін. Одан сырт бізде ота питомнигі болды. Онда адамдардан бұрын оталар итке жасалды. Содан барып әлгі ота питомнигінде ақсақ-тоқсақ, соқыр, самаурын иттер өріп жүретін. Менің бала жүрегім соларды көріп қан жылайтын. Менің әкемнің інісі Қасымжан ағатайым беделді дәрігер болды. Сол кісі мені өзінің мамандығына бейімдеді. Ал мен оларды жек көрдім. Иттерді мүгедек қылып тастағандары үшін… Жағдай басқаша болғанда дәрігер болып жүруім де мүмкін еді.

Тілімізде бақыт құсы деген сөз бар… Ол құсты түсіңде көрсең де жеткілікті. Бақытқа кенелесің дейтін ертегі айтқан әжелеріміз. Осы сөзді қазақ тазысына да қаратып айтуға болар еді. Өйткені қазақ тазысы қазақ баласын үлкенді-кішілі депрессиялардан аман алып қалған. Шалымдылығымен! Ал шалатын тазымыз мисыз жүйрік болуы керек. Ол жүйрігіміз — ұшар. Қанатты иттеріміз осылар… Тазымыздың жетпейтін аңы болмайды, ілмейтін құсы болмайды.

Олай болса… Медицинада адам өмірін жеңілдететін гармондар барлығы белгілі. Көбінде олар «ұйқыда» жатады. Сондай гармонның бірі сиротин деп аталады. Бақыт гармоны. Соған ұмтылуымыз керектігін ескере бермейміз.

Қалалық жағдайына қарамастан көп жұрт аядай пәтерлерінде қилы ит ұстайды. Алыбы да бар, ергежейлісі де бар. Олардың ішіп-жеміне ақша да аямайды. Себебі жоғарыдай!

Осымен тазы жөніндегі әңгімемізге нүкте қойсақ та болады. Өйткені бостекі әңгіменің ұшы көріне бастады.
Кей-кейде ұйқыдан бақытты болып оянамыз. Оның себебін таппай дал боламыз… Соңынан түс көргенімізді бажайлаймыз… Соңынан түсімізде ит (тазы) көргенімізді бажайлаймыз… Олай болса жақсы түс көріңіздер!

Төрехан МАЙБАС
этнограф-жазушы

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button