3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеті күні
Бүгін, 3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеті күні. Ұлттық аңшылық мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын тазыны баптап, оның қасиетін кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – Қарқаралы ауданы, Сарыобалы ауылының тұрғыны, атбегі әрі тазы тұқымының жанашыры Жолжақсы Ахмет. Ол бүгінде сегіз тазы ұстап отыр. Төрт түліктің соңында жүріп, саятшылықты серік еткен ол тазыларын да осы дәстүрге тән әуестігімен баптап келеді.

Жолжақсы Ахметтің баптаған ең танымал тазыларының бірі – Көкдауыл. Қазір жеті жастағы тазы өз иесінде емес. Ол Көкдауылды бұрынғы иесіне сыйлық ретінде берген. Бүгінде Көкдауылдан қалған үш күшік бар.
«Көкдауыл деп қойған себебіміз – мінезіне байланысты. Ол өзімнен басқа адамды да, малды да жанына жолатпайды. Тек мені ғана тыңдайды», – дейді Жолжақсы Ахмет.
Көкдауылдың ширақтылығы мен аңшылық қабілеті Қырғызстандағы тазы әуесқойларының да назарын аударған. Бірде көрші елден екі азамат арнайы келіп, Көкдауылды сұраған. Олар оның орнына Қырғызстанның чемпион жорғасын беруге дайын екенін айтқан.

Алайда Жолжақсы бұл ұсыныстан бас тартқан.
«Айырбастамадық. “Неге сатпадың?” деген сұраққа “Қазаққа не деп айтам?” деп жауап бердім», – дейді ол.
Жолжақсы Ахмет тазыларын кішкентай кезінен бастап баптайды. Осы уақытқа дейін қанша ит жүгірткенін нақты есіне түсіре алмайды. Оның айтуынша, тазы баптау – жай ғана ермек емес, атадан қалған дәстүрді жалғастыру.
Қансонарға да ауа райы қолайлы болған кезде шығады. Баптаған тазыларының ең үлкен олжасы – қасқыр.

«Қасқыр ұстаса, естелікке береміз адамдарға. Бауырларымызға, қонақтарға береміз. Бұл да қазақтың салты», – дейді Сарыобалы ауылының тұрғыны.
Қазақ үшін тазы – аңшылықтағы серік қана емес, ұлттық болмыстың бір бөлігі. Ал Жолжақсы Ахмет секілді азаматтар оның қасиетін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрді жалғастырып келеді.
Бүгінгі Қазақ тазысы мен төбеті күні – ұлттық ит тұқымдарын дәріптеп, олардың қазақ мәдениеті мен дәстүріндегі орнын ұлықтайтын маңызды күн.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



