Ұлттық ядролық орталыққа техникалық турлар ұйымдастырылуда
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының нысандарына биыл 100-ден астам адам техникалық турмен барды. Олардың қатарында делегациялар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен журналистер бар, деп хабарлайды Ortalyq.kz Arasha.kz сілтеме жасап.

Тур барысында қатысушылар Семей сынақ полигонының тарихына арналған экспозициямен танысады. Онда полигонда жүргізілген ядролық сынақтар, 1991 жылы полигон жабылғаннан кейін атқарылған жұмыстар туралы архив құжаттары, фотосуреттер мен жабдық үлгілері көрсетілген.
Бағдарламаға радиациялық-экологиялық зертханаларға бару да кіреді. Мамандар қоршаған ортадан алынған топырақ, су және биологиялық сынамаларды зерттеп, техногендік радионуклидтерді анықтайды.

Қонақтарға Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми нысандары да таныстырылады. Соның бірі – басқарылатын термоядролық синтезді зерттеуге арналған КТМ материалтану токамагы.

Техникалық турлардың мақсаты – Семей сынақ полигонының тарихын таныстырумен қатар, Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, радиациялық мониторинг және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағыттарындағы ғылыми жұмыстарын көрсету.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



