«Болашақ» стипендиясы мен ғылыми тағылымдама иегерлері анықталды
«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының биылғы иегерлері белгілі болды. Республикалық комиссияның шешімімен 184 Қазақстан азаматы «Болашақ» халықаралық стипендиясына ие болды.

Олардың 137-сі магистратурада, 10-ы докторантурада білім алады. Ал 37 маман шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 51 қазақстандық ғалымға әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстанға қажетті салалар бойынша білікті мамандар даярлау және отандық кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыру. Атап айтқанда, атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика, биотехнология және басқа да жоғары технологиялық бағыттарға басымдық беріліп отыр.

«Болашақ» бағдарламасы шетелде білім алуға мүмкіндік берумен ғана шектелмейді. Оның басты міндеттерінің бірі – елге озық білім, жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибені меңгерген мамандарды даярлау. Олар алған білімін Қазақстанның дамуына бағыттап, жаңа өндірістер құруға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа салалардың қалыптасуына үлес қосуы тиіс.
Осылайша, бағдарлама аясында шетелдік университеттердің дипломын алған мамандар ғана емес, елдің технологиялық және экономикалық дамуына нақты үлес қоса алатын білікті кадрларды даярлауға басымдық беріліп отыр.
Биылғы «Болашақ» стипендиясының иегерлері мен ғылыми тағылымдама қатысушыларына білім алу мен кәсіби дамуда сәттілік тілініп, шетелде жинаған тәжірибесі мен білімін Қазақстанның игілігіне жұмсау маңызды екені атап өтілді.
Грант иегерлерінің тізімін осы сілтеме арқылы жүктеп алуға болады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



