Балқаш маңында «Мұра» этно-кешені салынып жатыр
Балқаш қаласының маңында Қазақстандағы алғашқы этнотуристік кешендердің бірі бой көтереді. «NURASYL и К» ЖШС «Мұра» атты жаңа нысанның құрылысын бастап кетті. Жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ortalyq.kz “Северное Прибалхашье” газетіне сілтеме жасап.

Компания директоры Ұлан Рамазановтың айтуынша, кешен Барковское ауданына қарама-қарсы, Балқаш көлінің маңындағы үш гектар аумақта орналасады. Мұнда 42 киіз үй және сэндвич-панельдерден салынатын 40 заманауи үй бой көтереді.
Кешен қонақтарына бассейн, монша және SPA орталығы, сондай-ақ ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік беретін «Сұлу» және «Сұлтан» атты екі мейрамхана жұмыс істейді. Туристердің демалысы үшін «Асау» ат спорты орталығы да қызмет көрсетіп, атпен серуендеу және далада арнайы бағыттар ұйымдастыру жоспарланған.
Жаңа туристік нысан Балқаш қаласының мерейтойлы жылына орай келесі жылы іске қосылады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



