Қарағандыдағы Құрылтай сайлауы қалыпты жағдайда өтті
Қарағанды облысында ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи саяси науқан – Құрылтай депутаттарының сайлауы өз мәресіне жетті. Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін өңірдегі 639 сайлау учаскесі қалыпты режимде жұмыс істеп, азаматтар өз таңдауын жасады. Енді бюллетеньдер саналып жатыр. Сайлаудың нақты нәтижелері заңда белгіленген тәртіппен кейін жарияланады.

Жан-жақты дайындық салмақты нәтижеге жеткізді
23 тамыз Қазақстан тарихында айрықша саяси мәні бар күн ретінде қалды. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елімізде алғаш рет Құрылтайдың – бір палаталы Парламенттің депутаттарын сайлау өтті. Бұл – мемлекеттің саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің бастауы, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды тарихи оқиға.

Қарағанды облысында да бұл күн жоғары ұйымдастырушылықпен өтті. Таң атқаннан кеш батқанға дейін сайлау учаскелерінен елдің әр қиырындағы азаматтардың таңдауы, еңбек адамдарының белсенділігі, аға буынның өнегесі мен жастардың азаматтық ұстанымы көрініс тапты.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов облыста Құрылтай депутаттарын сайлау қалыпты жағдайда өткенін айтты.

– Бүгін таңғы сағат 7.00-ден бастап облыстағы барлық 639 сайлау учаскесі белгіленген тәртіппен жұмысын бастады. Азаматтар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, дауыс беруге белсенді қатысты. Орталық сайлау комиссиясының сағат 20.00-дегі мәліметіне сәйкес, Қарағанды облысында сайлаушылардың 76,28 пайызы дауыс беріп үлгерді. Өңірдегі сайлау процесіне аумақтық және учаскелік комиссиялардың 4 мыңнан астам мүшесі жұмылдырылды. Жағдай тұрақты болды, дауыс беру процесі қалыпты өтті, – деді Қайрат Қаршығаұлы.

Сонымен қатар, сайлау учаскелерінде заңбұзушылықтар тіркелмегенін де мәлімдеді.
– Қазіргі уақытқа дейін ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Сайлау учаскелерінде дауыс беру рәсімі заң талаптарына сәйкес жүргізілді. Комиссия мүшелері сайлаушылардың тізімдегі деректерін тексеріп, дауыс беру тәртібін түсіндірді. Сайлау процесін қоғамдық бірлестіктердің, саяси партиялардың өкілдері, республикалық деңгейде аккредиттелген байқаушылармен қатар, халықаралық байқаушылар да бақылап отырды. Сондықтан, барлық рәсімдердің ашық әрі белгіленген тәртіппен өтуіне баса мән берілді, – деді ол.

Облыстағы сайлау барысын халықаралық байқаушылар да бақылаған. Олардың қатарында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының ұзақ және қысқа мерзімді байқаушылары, ТМД байқаушылар миссиясының өкілдері және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының өкілдері болды. Жалпы, облыста 20 халықаралық байқаушы жұмыс істеді.
Қайрат Нұркенов ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне де қажетті жағдай жасалғанын айтты. Облыста мұндай санатқа жататын 6245 сайлаушы бар. Дауыс беру күні олар үшін 143 инватакси қызмет көрсетті, оның 15-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. 315 сайлау учаскесіне сурдоаудармашылар бекітіліп, WhatsApp және Telegram арқылы онлайн сурдоаударма қызметі де ұсынылды. Көру қабілеті бұзылған азаматтарға арнайы құралдар қарастырылып, бірінші топтағы 1725 азаматқа жеке көмекші және инватакси қызметтері ұсынылды.
Ұлы мұратқа ұмтылыс
Тарихи шешім қабылдап, жарқын болашақ үшін таңдау жасайтын сындарлы сәттен өңір басшылары мен көрнекті қайраткер тұлғалар да сырт қалған жоқ.Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығындағы Мәдениет сарайында орналасқан №17 сайлау учаскесіне барып, алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады.

Учаскелік комиссия өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Сайлау барысын 10 байқаушы бақылап отырды. Аймақ басшысы дауыс бергеннен кейін елдегі тарихи өзгерістің мәніне тоқталды:
– Бүгін – еліміз үшін маңызды күн. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін біз Құрылтайдың – еліміздің бір палаталы Парламентінің депутаттарын алғаш рет таңдап жатырмыз. Біздің Президентіміз атап өткендей, бүгінде біз «Заң және тәртіп», мемлекеттік институттардың тиімділігі, азаматтардың еркіне құрмет және олардың заңды құқықтарын қорғау мызғымас қағидаттарға айналатын мемлекетті құрып жатырмыз. Бүгінгі таңда біздің әрқайсымыз бұл үдеріске өз үлесімізді қоса аламыз. Ол үшін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Бұл күн жастарымыз үшін де маңызды, – деді аймақ басшысы.
Ермағанбет Бөлекпаевтың сайлау учаскесінен шығып бара жатқан сәті де көптің назарын аударды. Қала тұрғындарының бірі арнайы костюм киген кейіпкерлермен суретке түсіріп беруді сұрағанда, облыс әкімі бөгелместен ұсынысын қабыл алып, телефонына суретке түсіріп берді. Сайлау күнінің ресми қарбаласы арасындағы осы бір қарапайым сәт аймақ басшысының жұртпен етене араласқан, табиғи болмысын танытқан жылы көрініске айналды.
Қарағанды – өндірісті өлке. Сондықтан, сайлау күні кеншілердің, металлургтердің, байытушылардың, энергетиктердің, жөндеу мамандарының және басқа да өндіріс қызметкерлерінің белсенділігі ерекше байқалды.

«Қазақмыс» тобының кәсіпорындарында еңбек ететін азаматтар жұмыс және ауысымдық кестесіне қарамастан сайлауға қатысты. Олардың арасында компаниядағы еңбек дәстүрін бірнеше ұрпақ бойы жалғастырып келе жатқан әулеттердің өкілдері де болды.
Өндірістік нысандарда және вахталық ауысымда жүрген қызметкерлердің дауыс беруіне жағдай жасау үшін компания сайлау комиссияларымен және жергілікті атқарушы органдармен алдын ала ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген.

Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Игорь Жабяктың отбасы да сайлауға белсенді қатысты. Көксу ауылындағы №383 сайлау учаскесіне барған отбасы мүшелері ел болашағына қатысты өз таңдауын жасады.

– Біз өз ісіміз, өзіміз жұмыс істейтін жердің тағдыры, балаларымыздың болашағы үшін жауаптымыз. Сондықтан да осы Құрылтай сайлауында берген әр даусымыз маңызды деп есептеймін. Өйткені әр дауыс – жеке жауапкершілік және өз азаматтық ұстанымымызды білдіретін мүмкіндік, – деді Игорь Жабяк.
Бұқар жырау ауданындағы Жаңаөзен ауылының 94 жастағы тұрғыны, елге еңбегі сіңген абыз ақсақал Мереке Сыздықов та сайлаудан қалыс қалмады.
Бұрынғы Тимирязев атындағы кеңшарды ұзақ жыл басқарған қария жасы тоқсанның төртіне келсе де, жүріс-тұрысы ширақ. Ол ауылдағы №464 сайлау учаскесіне өз аяғымен келіп, азаматтық таңдауын жасады.

Ақсақалдың сайлауға қатысуы – бір адамның дауыс беруінен әлдеқайда кең мағынаға ие болды. Бұл – ұрпаққа өнеге, ел өмірінен шет қалмайтын азаматтық белсенділіктің үлгісі.
Қарағандыдағы №5 сайлау учаскесінде еліміздің тағы бір абыз, ақсақалымыз, белгілі ғалымы, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Зейнолла Молдахметов дауыс берді.

Отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның сайлауға қатысуы да ел болашағына қатысты қоғамдық-саяси үдерістен зиялы қауымның шет қалмағанын көрсетті.

Ал, Приозерск қаласындағы №230 сайлау учаскесінде 18 жастағы сарбаз Мадияр Серікбай алғаш рет дауыс берді. 06708 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген жас азамат үшін бұл күн ерекше еді.

– Бүгін мен үшін ерекше күн. Бір жағынан Отан алдындағы борышымды өтеп жүрген сарбазбын, енді, міне, елімнің болашағына қатысты маңызды таңдауға өз дауысымды қосып отырмын. Алғаш рет дауыс беру – үлкен жауапкершілік. Еліміздің ертеңі жарқын, халқымыздың бірлігі бекем болсын. Өз елімнің дамуына әр азамат өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын – деп атап өтті ол.
Ерекше көріністер сайлаушыларға көтеріңкі көңіл сыйлады
Облыстағы сайлау күні тек ресми деректермен ғана есте қалған жоқ. Сайлау учаскелеріндегі ерекше көріністер де жұртшылықтың көңілінен шықты.
Қарағандыдағы №7 сайлау учаскесіне дауыс беруге келгендердің арасында үкі мен бүркіт те болды. Ұлттық болмысымызбен тығыз байланысты бүркіт пен қазақ мәдениетінде айрықша орны бар үкінің қатар көрінуі көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Тұрғындар ерекше сәтті телефон камераларына түсіріп, естелік суреттерге түсті.

Бұл учаскеде 2 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Учаскелік комиссия төрағасы Жұмагүл Жолдубаеваның айтуынша, дауыс беру тыныш әрі қалыпты жағдайда өткен.
Ал, Балқаштағы №195 учаскеге жолбарыс кейпіндегі азамат келді. Бұл бейне Балқаштың туристік келбетімен байланысты еді.

Жолбарыс образы «Балқаш Tour Fest» туристік фестивалінің символдарының біріне айналып келе жатқанын тұрғындар жақсы біледі. Ерекше киінген азамат тұрғындарды сайлауға қатысуға шақырды.

Саран қаласында сайлау учаскелеріне барған тұрғындарды жергілікті өнерпаздар қарсы алды. Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, сайлау күнінің көңіл күйін көтерді.
Топар кентіндегі №376 сайлау учаскесінде сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан оюлы, зерлі бұйымдар мен картиналар сайлаушылар назарына ұсынылды.
Осы учаскеге «Мерейлі отбасы – 2026» байқауының жеңімпазы атанған Сейфулғазиндер отбасы да барып, өз таңдауын жасады.

Ал, Теміртаудағы №266 учаскеде қолдарына раушан гүлдерін ұстап, біркелкі қызылқоңыр киім киген төрт ару көпшіліктің назарын аударды. Сән үйінің қыздары сайлау күнін ерекше үлгіде атап өтіп, азаматтық белсенділіктің өзіндік формасын көрсетті.
Абай қаласында тұрғындар сайлауға таңғы жаттығудан кейін барды. «Денсаулық марафоны» аясында дене жаттығуларын жасап, бой сергіткен азаматтар кейін сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді.

Бұл көріністердің барлығы бір күнге сыйғанымен, мазмұны әр алуан болды. Бір жерде – өнер, келесі жерде – ұлттық дәстүр, енді бірінде– спорт пен салауатты өмір салты, ал, барлығының өзегінде азаматтық белсенділік жатты.

Ал, Осакаровка ауданындағы Молодежный кентінде трассалық медициналық-құтқару пунктінің қызметкерлері жұмыс арасын пайдаланып, №573 сайлау учаскесіне барды.
Медицина-санитариялық алғашқы көмек бөлімінің қызметкері Балғын Әшірбекова өз таңдауын әріптестерімен бірге жасағанын айтты:
«Жұмыс арасында әріптестерімізбен бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Мұндай маңызды күні қалыс қалуға болмайды. Ел ертеңі үшін әрқайсымыздың дауысымыз маңызды».
Одан бөлек, құтқарушылар да өз азаматтық міндетін орындады. Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №28 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Рахат Рахимжанов қызметтік міндетін атқарып жүріп, әріптестерімен бірге сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Осылайша, таңғы сағат 7.00-де басталған дауыс беру кешкі сағат 20.00-де аяқталды.

Бұл тарихи күн тұрғындар жадында сан алуан көрініспен есте қалды. Енді сайлау комиссиялары бюллетеньдерді санап, нәтижелерді заңнамада белгіленген тәртіппен рәсімдеп жатыр. Нақты қорытынды кейін белгілі болады.

Құрылтай сайлауы Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа белестің басталуын білдірді. Қарағанды облысы бұл тарихи күнді жоғары азаматтық белсенділікпен қарсы алып, сайлау процесін қалыпты жағдайда аяқтады.

Ендігі назар – саналып жатқан дауыстарда. Ал, бүгін жасалған таңдау елдің ертеңгі саяси бағыты мен даму жолында өз орнын табатыны сөзсіз.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



