Еңселі күннің есігін қағып, ертеңім үшін таңдау жасадым!
Күмәнді ой, күдікті болжам сеніміңе селкеу түсіреді. Ал, сайлауға барып, дауыс берудің салмағы нық сенімге сүйенген ұстанымға негізделмек.…
Бүгін бір жақыныма хабарласып:
– Дауыс бердің бе? – дедім.
– Менің даусыма не қарап тұр? – дейді тамырым.
Неткен немқұрайдылық?! Тым болмаса, өзінің ұрпағы үшін, Қазақ елінің жаңа жүйе, жарқын дәуірі үшін ойланса қайтеді?

Иә, біз жаңа дәуір табалдырығында тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы 6-7 жылда қолға алынған реформалардың оң нәтижесі әр қазақстандықтың көкірек көмбесі мен көңіл көкжиегіндегі сенімге серпін беріп, үмітін үкіліндіріп тұрғанын қалай ұмытамыз?!
Тарихымыздан тамыр тартып, дала демократиясының жаңғырығындай болып жеткен биліктің жаңа жүйесі Құрылтай институтының атауының өзінде ұлы мұратқа деген ұмтылысымызға өлшем болар өнеге жатыр. Бұл – билік архитектурасының кезекті өзгеруі ғана емес, әлемдік тәжірибеде тиімділігі дәлелденген бірегей һәм тарихи шешім. Алты құрлық алпауыттарының дені бір палаталы жүйені таңдағалы қашан. Мәселен, әлемде 193 ұлттық Парламент бар екен де, оның 108-і бір палаталы жүйеде қызмет атқарып отыр. Яғни, Қазақстанның таңдаған жолы – дұрыс жол, тарихи соқпақ!
Реформа – екі бастан ертеңнің қамы. Сайлау – жай ғана саяси науқан емес, сенімнің салтанаты. Жарқын болашақтың негізін қалау – әркімнің азаматтық жауапкершілігіне сын. Сондықтан, ел болашағы тарихи талғам таразысына тартылар сындарлы сәтте елдік мүддеден алшақтамаған абзал.
Бағамдап көрсеңіздер, саяси додада бақ сынап жатқан барлық партиялардың ұстанымы мен сайлауалды бағдарламалары Президент реформалары мен бастамаларын қуаттауға негізделген. Бұрнағы сайлаулардағы билікті қаралау, жосықсыз сынау, құрғақ уәде, жалған ұран байқалмайды. Яғни, біздің елімізде саяси күрес мәдениеті мен шынайы демократия қағидаттары үстемдік ете бастады.
Жаңа Халықтық Конституцияның негізінде енгізілген партиялық тізіммен сайлану тәртібі де ұжымдық мүдденің маңыздылығын меңзейді. Ал, ұжымдық әлеует, ұжымдық мүдде – қашанда қуатты!
Сондықтан, біз сайлау алаңына, дауыс беру кабинасына жауапкершілік арқалап, сенім жетектей қадам басуымыз керек. Бір ғана партияға емес, жарқын болашаққа дауыс беру үшін баруымыз қажет!
Мен бүгінгі тарихи сәтте еңселі күннің есігін қағып, елімнің ертеңі үшін өз таңдауымды жасадым. Сіз де өз таңдауыңыздың салмағын сезініп, жарқын болашаққа үн қосыңыз, замандас!
Ерсін МҰСАБЕК
Қарағанды облыстық “Ortalyq Qazastan” қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы



