Меруеш Башай: Сайлау – қоғамның болашағына қатысты пікір білдірудің бір жолы
Қарағандыдағы жалпы білім беретін №10 мектептегі №65 сайлау учаскесіне келіп, бірінші болып өз таңдауын жасағандардың қатарында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башай да бар.

– Мен өз таңдауымды жасадым. Дауыс беру алдында әр партияның бағдарламасымен, ұстанымдарымен және сайлауалды ұсыныстарымен танысып, өзіме жақын деп санаған бағытқа дауыс бердім.
Меніңше, сайлауға қатысу әр азаматтың жеке таңдауы әрі азаматтық жауапкершілігі. Әр адамның саяси көзқарасы, ұстанымы мен таңдауы әртүрлі болуы заңды. Сондықтан ең маңыздысы — өз шешіміңді саналы түрде қабылдап, дауыс беру құқығыңды жауапкершілікпен пайдалану.
Сайлау — қоғамның болашағына қатысты пікір білдірудің бір жолы. Осы ретте әр азаматтың өз таңдауын жасауға, өз пікірін еркін білдіруге және елдің дамуына қатысты ұстанымын дауыс беру арқылы көрсетуге мүмкіндігі бар.
Әркім өз шешімін өзі қабылдауы керек деп есептеймін. Партиялардың бағдарламасын оқып, ұсыныстарын салыстырып, ақпаратқа сүйене отырып таңдау жасау ең дұрыс жол.Қандай да бір саяси науқанға қатысты әртүрлі пікірдің болуы қалыпты жағдай. Ең бастысы бір-біріміздің таңдауымызға құрметпен қарап, қоғамдағы өзара түсіністік пен тұрақтылықты сақтай білу.
Мен үшін сайлауға қатысу ең алдымен өз азаматтық құқығымды пайдалану және өз пікірімді білдіру. Әр азамат өз таңдауына өзі жауап береді. Сондықтан кімге немесе қандай бағытқа дауыс беру мәселесінде шешімді әр адам жеке өзі қабылдағаны дұрыс деп ойлаймын.
Сайлау нәтижесі қандай болғанына қарамастан, қоғам үшін маңыздысы елдің болашағына бейжай қарамау, заң аясында өз пікірін білдіру және азаматтық жауапкершілікті сезіну. Менің ұстанымым өз таңдауымды жасадым, енді әр азаматтың өз таңдауына құрметпен қараймын, – деді Меруеш Башай.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



