АймақБас тақырып

Қарағандыдағы №66 сайлау учаскесі де белсенді

Бүгін демалыс күні болғанына қарамастан, таң сәріден көшеге шыққан жұрттың қарасы қалың. Қала тұрғындары ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне ағылуда. Сайлаушылардың белсенділігі Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде орналасқан №66 сайлау учаскесінде де айқын байқалады. Мұнда сайлаушылар тізіміне 1984 адам енгізілген. Ал, денсаулық жағдайына немесе өзге де себептерге байланысты үйде дауыс беруге екі азамат тіркелген.

Суреттерді түсірген автор

Сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып қала тұрғыны Өмірзақ Тұрғанов келіп, өз таңдауын жасады. Жұмысқа асығып бара жатқанына қарамастан, ел тағдыры үшін маңызды саяси науқаннан қалыс қалуды жөн көрмеген.

– Жұмысқа кетіп бара жатырмын. Соған қарамастан, алдымен өз таңдауымды жасап кетуді жөн көрдім. Бұл – тарихи Құрылтай сайлауы. Еліміздің жаңа бағытқа бет алғанының белгісі деп қабылдаймын. Алдағы уақытта игі бастамалар жүзеге асып, оң өзгерістер болады деп үміттенемін, – деді Өмірзақ Асылтайұлы.

№66 сайлау учаскесінің төрағасы Азиз Зұлхарнайдың айтуынша, сайлау басталмай тұрып-ақ тұрғындардың белсенділігі байқалған.

– Сағат 7:00-ге дейін сайлау учаскесінің алдына 10-нан астам адам келіп, кезекке тұрды. Бұл – қала тұрғындарының сайлауға деген белсенділігін көрсетеді. Сонымен қатар, үйде дауыс бергісі келетін азаматтар сағат 12:00-ге дейін өтініш бере алады. Одан кейін біздің мамандар көрсетілген мекенжайларға барып, азаматтардың дауыс беруіне мүмкіндік жасайды, – деді Азиз Нұрланұлы.

Таңғы уақыттан басталған бұл қарқын сайлаушылардың ел болашағына қатысты маңызды шешімнен тыс қалмай, азаматтық ұстанымын білдіруге ниетті екенін аңғартады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button