Қарағандыда әуесқойлар арасында веложарыс өтті
Бүгін Қарағандыда велоспорт әуесқойларына арналған ашық веложарыс өтті. Спорттық шара Федоров су қоймасының Солтүстік-Батыс жағалауында ұйымдастырылып, оған жастар мен ересектер қатысты.

Веложарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастар мен ересектер арасында велосипед спортын кеңінен танымал ету, қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру және велоспорт әуесқойлары арасында достық қарым-қатынасты нығайту. Сонымен қатар жарыс өз санаттары бойынша үздік қатысушыларды анықтауға мүмкіндік берді.
Жарысты «Limpopo Outdoor Қарағанды» дүкені ұйымдастырды. Спорттық шараның жалпы басшылығы мен тікелей өткізілуін ұйымдастырушы бекіткен төрешілер алқасы жүзеге асырды.

Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай ерлер және әйелдер санаттарына бөлінді. Ерлер арасында 15–17 жастағы M15 санаты 2 айналым, ал M18 (18–29 жас), M30 (30–44 жас) және M45 (45 жастан жоғары) санаттары 3 айналымнан өтті. Әйелдер арасында F15 (15–17 жас), F18 (18–29 жас), F30 (30–44 жас) және F45 (45 жастан жоғары) санаттарындағы қатысушылар 2 айналымнан жарысты. Бір айналымның ұзындығы 3,4 шақырымды құрады.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, қатысушыларды тіркеу және старт нөмірлерін беру 15:00–15:45 аралығында өтті. Одан кейін жарыс алдындағы брифинг пен қатысушыларды сапқа тұрғызу ұйымдастырылды. Веложарыс сағат 16:00-де басталып, жүлдегерлерді марапаттау 18:30-да өтті. Сайыс сағат 19:00-де қорытындыланды.
Қауіпсіздік талаптары да басты назарда болды. Барлық қатысушылар қатты қорғаныш велошлемдерін пайдаланды. Жарысқа электр жетегі жоқ, техникалық жағдайы жарамды және екі дөңгелегінде де тежегіші бар велосипедтермен қатысуға рұқсат етілді.

Жарыс бір кезеңде, жұптық жеке старт форматында өткізілді. Қатысушылар трассада бір-біріне кедергі келтірмей, басып озу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтады. Жарыс ережелерін бұзған жағдайда қатысушылар төрешілер шешімімен жарыстан шеттетілуі мүмкін болды.
Әр санаттағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер трассаны ең аз уақытта аяқтаған қатысушылар арасынан анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында қатысушылар ауызсумен қамтамасыз етіліп, аумақта биодәретхана орнатылды. Сонымен қатар жарыс өтетін жерде жедел медициналық жәрдем кезекшілігі ұйымдастырылды.
Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq.kz



