Абай әндерін шырқады
Абай күніне орай Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінің субұрқақ алаңында «Абай – ұлы даланың ұлы ойшылы» атты театрландырылған әдеби-сазды бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Рухани кеш барысында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының тағылымды ойлары мен ғибратты сөздері, сырлы әндері мен көркем шығармалары дәріптелді.

Абайдың өлеңдері нақышына келтіріліп оқылып, әндері орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Аудандық мәдениет үйінің Сұлтан Серікұлы жетекшілік ететін театр өнерпаздары Абай шығармаларын сахналық қойылымдар арқылы шебер жеткізсе, аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Кештің ажарын «Гүлдер» би тобының әсем билері аша түсті.

Сонымен қатар, аудандық кітапхана мен аудандық мұражай Абай шығармашылығы мен өмір жолына арналған мазмұнды көрмелерін көпшілік назарына ұсынды. Ал аудандық мәдениет үйі арнайы әзірлеген жадынамалар шараға келген қонақтар мен көрермендерге таратылды.

Субұрқақ алаңында ашық аспан астында өткен тағылымды кеш көрермендердің көңілін көтеріп, көпшілікке ерекше рухани серпіліс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әуезді ән, мәнерлі өлең, әсем би мен тағылымды қойылымдар тоғысқан кеш Абай мұрасына деген қызығушылықты арттыра түсті.
Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы



