«7 Қарақшы»: жаңа фильм көрерменге жол тартады
Қазақстандық режиссер Қуаныш Бейсектің жаңа туындысы – «7 Қарақшы» фильмі 24 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі, деп хабарлайды Brave Talents медиякомпаниясы.

Фильм Қазақстан тарихындағы ең ауыр қасіреттердің бірі – Семей ядролық полигоны тақырыбына негізделген. Алайда бұл нақты тарихи оқиғаға негізделген фильм емес. Картина балама әлемде өрбитін көркем оқиғаны баяндайды.
Оқиға 1970-жылдардың соңында өтеді. Кеңестік режимге қарсы шыққан жеті қазақ қылмыскері адамзатқа қауіп төндіретін ядролық қару сынағын тоқтату үшін күш біріктіреді. Осылайша олар қауіпті миссияға аттанып, ортақ мақсат жолында күреседі.
Фильмнің актерлік құрамында Еркебұлан Дайыров, Азат Жұмаділ, Әшім Ахмет, Шұғыла Ешенова, Ерболат Әлқожа, Кенжебек Башаров, Индира Сабирова және Шәріпбек Зәкіров сынды танымал актерлер өнер көрсетеді. Сондай-ақ жобаға Голливуд пен Еуропа киносына танымал неміс актері Винценц Кифер де қатысады.Авторлар «7 Қарақшыны» Қазақстандағы алғашқы «истерн»жанрындағы фильм ретінде таныстырып отыр.
Экшн мен драманы ұштастырған «7 Қарақшы» фильмі тарихи тақырыпқа өзгеше көзқарас ұсынып, көрерменді әсерлі оқиғаға жетелейді. Фильмнің премьерасы 24 қыркүйекте Қазақстанның барлық кинотеатрларында өтеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



