“Ortalyq Qazaqstan” газетінің журналистері жүлдегер атанды
Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Шалғынбай Ынтықбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Еңбектің жарық жұлдызы» атты аймақтық жазба ақындар мүшайрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Қаламгерлердің шығармашылық шеберлігін саралаған байқауға қос облыстан 40-қа жуық ақын қатысып, өз туындыларын ұсынды. Мүшайраға қатысқан “Ortalyq Qazaqstan” газетінің тілшілері – Жәлел Шалқар мен Ерік Нарын да жүлделі орындардан көрінді.

Өнер мен ойдың тоғысқан мүшайрасында ақындар еңбектің қадірін, ел дамуына үлес қосып жүрген жандардың маңдай терін жырларына арқау етті. Мүшайра қорытындысы бойынша Ерік Нарын топ жарып, І орын иеленді. Ал, ІІ орын Жезқазғандағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының мұғалімі Абай Оразға бұйырды. Үздік үштікті “Қазақстан” Ұлттық арнасының редактор-сарапшысы Айзада Рахымжанова түйіндеді.

– Маған да жүлделі орын бұйырыпты. Шалғынбай атаға арнаған «Даңғайыр» атты өлеңімді ұсындым. Бұл кісінің де, жары Жақсыбала апамыздың да көзін көрдім. Менің әжем мен атам олармен қатар жүріп, етене араласты. Сондықтан, бұл жандар менің балалық шағымның жылы естеліктерімен тығыз байланысты. Осындай тұлғаның өмір жолын өлеңге арқау ету мен үшін үлкен жауапкершілік әрі құрмет болды, – деді Айзада Рахымжанова.
Жәлел Шалқар мүшайрада Сәкен Сейфуллин атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Дәуренбек Бұланбаев «Сайлаухан Нәкенов» атындағы, кенші ақын Ернат Кемалов «Ақселеу Сейдімбек» атындағы арнайы жүлдеге лайық деп танылды. Айтулы шығармашылық байқаудың өтуіне Шалғынбай Ынтықбаевтың ұрпақтары демеушілік жасағанын атап өткен жөн.
Марапаттау рәсімі аясында «Екі батыр – ел мақтанышы» атты естелік кітап таныстырылды. Кітаптың «Тұлғалар естелігі» және «Ұрпақтары естелігі» атты бөлімдерінде ардақты азаматтың өмір жолы, еңбек белестері мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесі баяндалса, үшінші бөлімінде мүшайраға қатысқан 15 үздік ақынның таңдаулы өлеңдері ұсынылған.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz


