Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров жастармен кездесті
Тұлғалар уақыт өткен сайын биіктей түседі. Ал халқының жүрегінен орын алған азаматтың ғұмыры ұлттың тарихымен астасады. Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған Қарағандыдағы тағылымды шаралар да дәл осы ойды тағы бір мәрте айқындады. «Ғарышқа самғаған қазақ» көрмесі, «Аспан адамы» деректі фильмінің жабық көрсетілімі және жастармен өткен ашық кездесу – бір адамның мерейтойынан гөрі тұтас елдің мақтанышын ұлықтаған рухани басқосу болды.

Көрме залында Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолынан сыр шертетін әрбір жәдігер үнсіз сөйлеп тұрғандай әсер қалдырды. Сынақшы-ұшқыштың күрделі қызметі, ғарышқа бастар жолы, тарихи сәттерді бейнелеген фотосуреттер мен архивтік құжаттар келушілерді ел тарихының ерекше кезеңіне жетеледі. Мұндағы әр экспонат – қазақтың ғарышты бағындырған тұңғыш перзентінің табандылығы мен қайсарлығының айғағы.

Көрменің жалғасы іспетті «Аспан адамы» деректі фильмі көрерменді Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолымен тереңірек таныстырды. Архивтік бейнематериалдар мен естеліктерге құрылған туынды ғарышкердің кәсіби қалыптасу кезеңін ғана емес, азаматтық болмысын, туған елге деген сүйіспеншілігін де шынайы жеткізеді. Фильм аяқталғанда залдағы тыныштықтың өзі көрермен көңіліндегі әсерді аңғартқандай болды.
Фильм көрсетілімінен кейін сөз алған Тоқтар Әубәкіров туындыға өз бағасын беріп, оның ең алдымен жастарға арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, фильм өзінің өмірін еске түсіру үшін емес, өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін түсірілген.

– Бұл фильм мен үшін түсірілген жоқ шығар. Өйткені сол оқиғалардың бәрінің куәсімін, бәрі әлі күнге дейін есімде. Бірақ бүгінгі жастар үшін мұндай фильмдер қажет. Олар қарапайым ауылда өсіп, ешқандай қолдаусыз-ақ еңбектің арқасында биікке жетуге болатынын көруі тиіс. Бір ғана тілегім – фильм сәл жарығырақ, жылырақ болса екен. Көрермендер залдан көз жасымен емес, жүздеріне күлкі үйіріліп шықса деймін. Менің балалық шағымда қиындық жеткілікті болды, бүгінгі жастар ондай сезімді бастан өткермесе екен, – деді Халық Қаһарманы.
Жабық көрсетілім аяқталған соң фильмнің режиссері туындының қалай дүниеге келгені туралы айтып, көрермендерге алғысын білдірді. Оның айтуынша, бұл жолы ең үлкен қиындық материал табу емес, керісінше, Тоқтар Әубәкіровтің бай өмір жолынан ең маңызды сәттерді іріктеу болған.

– Әдетте қандай да бір тұлға туралы фильм түсіргенде ең қиыны – көрсететін материал табу. Бұл жолы керісінше болды. Тоқтар Әубәкіровтің өмірінде 40 минутқа сыймайтын оқиғалар өте көп. Сондықтан фильмге оның өмір жолындағы ең маңызды белестер ғана енгізілді. Біз оның отбасымен, әріптестерімен бірнеше мәрте кездесіп, әрбір деректі мұқият тексердік. Фильмде ойдан қосылған ештеңе жоқ. Бұл – бас кейіпкердің өзі мақұлдаған өмір тарихы. Осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қарағанды облысының әкімдігіне және атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді фильмнің режиссері Темірбек Аманжол.
Кездесуге студент жастар, еріктілер, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Жалпы, деректі фильмнің жабық көрсетіліміне 400-ден астам адам жиналды.

– Тоқтар Әубәкіров – тәуелсіз Қазақстанның ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Осындай кездесулердің басты мақсаты – жастарды ел тарихын құрметтеуге, үлкен тұлғалардың өмір жолынан үлгі алуға шақыру. Бүгінгі буын арманға адал болып, еңбекпен ғана биікке жетуге болатынын Тоқтар ағаның өмірінен көруі керек. Сондықтан мерейтойлық іс-шаралар тек мерекелік сипатта емес, тәрбиелік мәні зор жобалар ретінде ұйымдастырылып отыр. Мерейтойлық шаралар мұнымен аяқталмайды. Олар Қарағандыдан бастау алып, Тоқтар Әубәкіровтің туған жері – Қарқаралы өңірінде жалғасады. Бұл бастама қазақтың тұңғыш ғарышкерінің өмір жолын ұлықтап қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен елге қызмет ету идеясын сіңіруге бағытталған. Бүгінгі кездесудің басты әсері де осы болды: ғарышты бағындырған тұлғаның өмір жолы жастарға арманның шегі жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді, – деді Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Кабегенов.
Мерейтойлық күннің ең әсерлі сәттерінің бірі – Қарағанды облысының жастарымен өткен кездесу. Жастар аңызға айналған тұлғаға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оның өмірлік ұстанымы мен еңбек жолы туралы әңгімесін ықыласпен тыңдады. Тоқтар Әубәкіров жастарға білімге ұмтылудың, қайсарлық пен жауапкершіліктің маңызын айтып, қандай биікке көтерілсең де, туған жерге адал қызмет етудің бәрінен қымбат екенін жеткізді.
Еркін форматтағы жүздесуден кейін Тоқтар Әубәкіров жастарға естелік қолтаңба беріп, көпшілікпен естелік суретке түсті.
Осындай жүздесулердің құндылығы – өткенді дәріптеуде ғана емес, болашаққа бағыт-бағдар беруінде. Себебі ғарышты бағындырған тұлғаның өмір жолы – бүгінгі жас буын үшін арманның асқақтығы мен еңбектің құдіретін дәлелдейтін тағылым мектебі.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



