Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еңбек өнімділігін өсіру міндеттерін үнемі назарда ұстап келеді. Президент тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде өндіріс орындарын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен қолданылуда. Нәтижесінде кәсіпорындар заманауи технологияларды енгізіп, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа даму кезеңіне қадам басуда. Атап айтсақ, соның бірі – Қарағандыдағы шұжық өнімдерін өндіретін «Тай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісін жаңарту жобасы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Қарағанды облысында орналасқан «Тай» ЖШС құны 65 миллион теңге болатын шұжық өнімдерін қаптауға арналған жаңа буындағы автоматтандырылған жабдық сатып алған. Жаңадан іске қосылған желі өндірістегі негізгі кезеңдердің бірін толықтай автоматтандыруға мүмкіндік берді.
Заманауи технологияны енгізудің нәтижесінде өнім шығару көлемі шамамен үштен бірге артқан. Сонымен қатар, өндіріс үдерісі жеделдеп, еңбек өнімділігі жоғарылаған. Автоматтандырылған жүйе өнімнің сапасын тұрақты деңгейде сақтауға, тапсырыстарды қысқа мерзімде орындауға және өндірістік шығындарды азайтуға да ықпал етіп отыр.
Жоба жүзеге асқаннан кейін кәсіпорын мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында жұмсаған қаражатының бір бөлігін қайтарып алды. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан 25,9 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді.
«Тай» ЖШС техникалық директоры Серік Жұртыбаевтың айтуынша, мұндай қолдау кәсіпорын үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан.
– Бұл біз үшін маңызды қолдау болды. Қайтарылған қаражатты өндірісті одан әрі жаңғыртуға, қосымша жабдықтар сатып алуға және өнім ассортиментін кеңейтуге бағыттаймыз. Осындай қолдау кәсіпорындардың тұрақты дамуына және ұзақ мерзімді жоспарларын жүзеге асыруына үлкен серпін береді, – дейді ол.
Мамандардың пікірінше, өндірісті жаңғырту өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, кәсіпорындардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Заманауи технологияларды енгізу арқылы өндіріс тиімділігі жоғарылап, өнім сапасы жақсарады. Бұл, әсіресе, азықтүлік өндірісінде аса маңызды. Себебі, тұтынушылар үшін сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну – бүгінгі күннің басты талабының бірі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сәйкес, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының операторы – QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы. Орталық кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін екі негізгі бағыт бойынша өтейді. Оның бірі – еңбек өнімділігін арттыру болса, екіншісі – өнімді ішкі нарыққа ілгерілету.
Бағдарлама шеңберінде кәсіпорындар технологиялық жабдықтар сатып алуға, өндірісті цифрландыруға, автоматтандыру жүйелерін енгізуге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және өндірістің тиімділігін көтеруге бағытталған басқа да жобаларға жұмсалған шығындарының 40-50 пайызына дейін өтемақы ала алады.
Бұл қолдау тетігі өндіріс орындарының техникалық әлеуетін нығайтып, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына жол ашады. Сонымен бірге, кәсіпкерлерді өндірісті кеңейтуге ынталандырып, өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесінің артуына оң ықпал етеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



