АймақҚарағанды

Жаңа автосатылар берілді

Облыста төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аймақтың өртке қарсы қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында құтқарушыларға биіктігі 55 метрге жететін екі жаңа автосаты пайдалануға берілді. Бұл заманауи техникалар көпқабатты тұрғын үйлер мен биік ғимараттарда туындайтын төтенше жағдайлар кезінде құтқару және өрт сөндіру жұмыстарын әлдеқайда тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жаңа автосатылар 18-қабат деңгейіне дейін көтеріліп, өрт ошақтарына жедел жетуге және жоғары қабаттардағы тұрғындарды қауіпсіз эвакуациялауға арналған. Сонымен қатар, олар авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде мамандардың мүмкіндігін кеңейтіп, кез келген күрделі жағдайда уақытты үнемдеуге септігін тигізеді.

Жаңа техникалардың басты артықшылығының бірі – жоғары икемділігі мен сенімділігі. Әсіресе, көшелері тар әрі құрылыстары тығыз орналасқан қалалық аудандарда мұндай мүмкіндіктердің маңызы зор. Автосатылар қысқа уақыт ішінде қажетті орынға жетіп, құтқару операцияларын жедел бастауға жағдай жасайды.

Мамандардың айтуынша, өрт кезінде әрбір секунд қымбат. Сондықтан, арнайы техникалар паркін жаңарту құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет ету қабілетін арттырып қана қоймай, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға да үлкен үлес қосады. Қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған автосатылар өрт сөндірушілердің жұмысын жеңілдетіп, қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.

Облыста төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл бағыттағы шаралар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайлардың салдарын барынша азайтуға мүмкіндік бермек.

Заманауи техникамен жарақтанған құтқарушылар қандай жағдай болсын жедел әрекет етіп, халыққа дер кезінде көмек көрсетуге дайын.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button