АймақҚарағанды

Жолдағы қауіптің алдын алу: түнде малды алыстан көруге көмектесетін таспалар тегін таратылды

Қарағанды облысында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында мал иелеріне жарық шағылыстыратын таспалар тегін үлестірілді. Бұл қарапайым құралдар түнгі уақытта және қолайсыз ауа райында үй жануарларын жүргізушілерге алыстан анық көруге мүмкіндік беріп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Акцияны «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы мен «ҚАЖсервис» КОФ бірлесіп ұйымдастырды.

Мамандардың айтуынша, жануарлар көбіне Қарағанды – Қарқаралы, Қарағанды – Жезқазған, Қарағанды – Павлодар және Ботақара – Керней – Үміткер бағыттарындағы республикалық маңызы бар автожолдарға шығады. Бұл бағыттарда малдың жолға кенеттен шығуы жүргізушілер үшін үлкен қауіп төндіреді.

Жарық шағылыстыратын таспалар көлік фарасының сәулесін кері қайтаратындықтан, жүргізушілер жануарларды ертерек байқап, дер кезінде жылдамдықты төмендетуге немесе қауіпсіз маневр жасауға мүмкіндік алады.

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің мәліметінше, осындай қарапайым әрі тиімді қауіпсіздік шаралары жол-көлік оқиғаларының қаупін едәуір азайтады.

Акция барысында мал иелеріне барлығы 225 жарық шағылыстыратын таспа таратылып, жануарларды қауіпсіз жаю ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар мұндай таспаларды тігін бұйымдары мен фурнитура сататын дүкендерден өз қаражатына сатып алуға болатыны айтылды.

Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз және бақылаусыз жаю қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Мұндай құқық бұзушылық үшін 3-тен 10 АЕК-ке дейін, яғни 12 975 теңгеден 43 250 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button