АймақБалқаш

Саяқ кентінде көшелер жарықтандырылып, инфрақұрылым жаңғыртылуда

Қарағанды облысының Саяқ кентінде көшелерді жарықтандыру мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл кент көшелеріне 100 жаңа жарық шамы орнатылып, 40 кронштейн жаңартылды. Сонымен қатар көше жарығы жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып, қоғамдық орындар абаттандырылуда. Бұдан бөлек, тұрғын үйлер мен мәдениет нысандары жөнделіп, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Кент әкімі Нариман Құдайберлиннің айтуынша, көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.

Өткен жылы Саяқта инфрақұрылымды дамыту мен абаттандыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды. Қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жүргізілді. Көше жарығы жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып, көгалдандыру қолға алынды. Сондай-ақ мәдениет нысандары жаңартылып, бейнебақылау камералары орнатылды.

Ғарышкерлер көшесінде жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынса, Кеншілер көшесіндегі алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Абаттандыру аясында кент аумағындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, ағаштарды бұталау және жасарту жұмыстары атқарылды.

Тұрғын үй қорын жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінді. Жібек жолы көшесіндегі үш көпқабатты тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізілді.

Жөндеу жұмыстарынан кейін «Горняк» мәдениет үйінің фойесі, дәлізі және би залы толық жаңартылып, келбеті жаңаша сипат алды.

Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Саяқ кентінде бейнебақылау камералары орнатылды.

Кентте абаттандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button