«Толқыннан толқын туады»
Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде қаз мойын домбыраны серік етіп, төл өнерді төрге оздырып жүрген жаңа толқын қалыптасып келеді. Биылғы Ұлттық домбыра күні қарсаңында аталған өнер ордасынан түлеп ұшқан төрт жас күйшіге арнайы тоқталудың реті бар. Олар – Нұрмұхаммед Жақан, Елдар Мақсұтбеков, Қадыр Жұмабек және Әлия Құрмашқызы. Әрқайсысының өнерге келу жолы бөлек болғанымен, бәрін біріктіретін бір қасиет бар. Ол – домбыраға деген адалдық, күйге деген құрмет.

Нұрмұхаммед Жақан – күйдің киесін ерте сезінген жас. Домбыраға деген ынтасы алты-жеті жасында оянып, алғашында ермек көрінген әуестік уақыт өте тағдырлы таңдауына айналды. Қарағандыдағы Қасым Аманжолов атындағы музыкалық мектепте өңірге есімі таныс ұстаз Жанат Нариманқызынан тәлім алып, домбыраның әліппесін меңгерді. Әдетте музыкалық мектепті бес жылда аяқтайтындар көп болса, Нұрмұхаммед бұл ортада жеті жыл оқып, аспаптың қыр-сырын тереңірек игеруге ден қойды.
Тәттімбет атындағы өнер колледжіне келген соң Нұрмұхаммедтің тынысы ашыла түсті. Оның қалыптасуына жас болса да талай республикалық байқаулардың лауреаты атанған күйші Темірлан Құбаттың ықпалы зор болды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сол шығармашылық байланыс Нұрмұхаммедтің орындаушылық өрісін кеңейтіп, сахналық сенімін бекітті. Кейін Темірлан Құбат Алматыға ауысқан соң, оған талай шәкірттің бабын тауып, бағын ашқан тәжірибелі ұстаз Гүлжамал Әбішева жетекшілік етті.
Колледжде оқып жүрген жылдары ол талай байқауда топ жарды. 2024 жылы Ақтау қаласында өткен дүбірлі додада небәрі он жеті жасында жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Елдар Мақсұтбеков те өнерге бөтен емес. «Ат тұяғын тай басар» демекші, оның әкесі – дүлдүл әнші Дәуренбек Әркенов. Сондықтан, Елдардың бойындағы өнерге құштарлықтың тамыры тереңде жатыр. Бала күнінен ән мен күйге жақын өскен ол Тәттімбет атындағы өнер колледжінде жүріп, өзінің орындаушылық қабілетін шыңдай түсті.
Колледж қабырғасында жүрген кезінде Елдар түрлі байқауларға қатысып, өнерімен көзге түсті. Оның бір ерекшелігі – тек жеке орындаушылықпен шектелмей, ұжымдық өнерге де бейім болуы. Екінші, үшінші дауыстарды дәл тауып, ансамбльдік орындаудың табиғатын жақсы сезінеді. Бұл қабілет кез келген жас өнерпаздың бойынан табыла бермейді.
Елдардың бастамасымен екі жыл бұрын этно стильдегі «Жорық» ансамблі құрылды. Бүгінде бұл ұжым той-домалақта, концерттерде, мерекелік іс-шараларда өнер көрсетіп жүр. Абай қаласына, шалғай аудандарға барып, ел аралап, ұлттық өнердің насихатына үлес қосуда. Ансамбльге деген сұраныстың артып келе жатқаны да жас ұжымның аяқ алысы жаман емес екенін аңғартады. Елдардың өнердегі ұстазы – дәулескер күйші Ізтілеу Сәлім. Қадыр Жұмабек – есіміне сай зерек, ойлы жас. Оның өнерге келу жолында күймен қатар өлеңнің де орны ерекше. Жастайынан жыр додаларына қатысып, ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, көпшілік орталарда көркем сөзге деген құштарлығын танытты. Өлеңге жақындық оның күйшілік болмысына да әсер еткен секілді. Себебі, шертпе күйдің табиғаты да поэзияға жақын. Онда сыртқы дабырадан гөрі ішкі үн, ой, сыр басым.
Қадырдың ұстазы – шертпе күйдің шебері Мадияр Сүлейменов. Осындай ұстаздың алдын көру жас орындаушының талғамын қалыптастырып, күйге жеңіл қарамауға үйреткені анық.
Төрт түлектің бірі – Әлия Құрмашқызы. Ол да өнерлі ортадан шыққан. Әкесі – әнші Құрмаш Ыбыш. Үй іші домбыраға, әнге, ұлттық өнерге жат емес. Сондықтан, Әлияның бұл салаға келуі де заңдылық секілді. Өнер мектебін тәмамдаған ол кейін Тәттімбет атындағы өнер колледжінде білімін жалғастырып, ұстаз Гүлжамал Әбішеваның сыныбына түсті.
Әлия туралы қатарластарының айтатын бір сөзі бар: «ең еңбекқор». Бұл – жас өнерпаз үшін ең үлкен мінездеме. Өйткені, талант бір бөлек, ал, сол талантты тұрақты еңбекпен ұштау – мүлде басқа қасиет. Күн сайынғы дайындық, қағысты түзету, дыбысты іздеу, шығарманың мінезін табу – мұның бәрі табандылықты талап етеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



