Teach for Qazaqstan: Қарағанды облысында 4 мыңнан астам оқушыны қамтыды
Қарағанды облысында Teach for Qazaqstan бағдарламасының екінші легі екі жылдық жұмысын аяқтады. Қазақстанда алғаш іске қосылған өңір ретінде Қарағанды облысында бағдарлама үш жыл ішінде 4 мыңнан астам оқушыны қамтып, білім беру саласында ондаған әлеуметтік және ағартушылық жобаны жүзеге асырды.

Қазіргі таңда бағдарлама Абай, Шахтинск, Балқаш қалалары мен Новодолинский, Ғабиден Мұстафин кенттері және Новоузенка ауылындағы сегіз мектепте жүзеге асырылуда. Өңір мектептерінде барлығы 50 қатысушы еңбек етіп, оқушылардың білім сапасын арттырумен қатар, STEM, кәсіби бағдар, көшбасшылық, қауіпсіз мектеп ортасы және әлеуметтік-эмоционалдық даму бағытындағы бастамаларды іске асырып келеді.
Сонымен қатар бағдарлама педагогтердің кәсіби қауымдастығы мен мектеп басшыларының көшбасшылық әлеуетін дамытуға да үлес қосуда. Биыл жазда жаңа лек қатысушыларын даярлау басталып, қыркүйектен бастап олар Қарағанды облысының мектептерінде жұмысқа кіріседі.



