Балқашта XIV облыстық әйелдер спартакиадасы басталды
Балқаш қаласында «Жаны нәзік, рухы биік арулар» атты XIV облыстық әйелдер спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген спортшы әйелдерді бір шаңырақ астына тоғыстырған дүбірлі дода биыл Балқаш төрінде жалауын көтерді. Спартакиадаға Ақтоғай, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандарының, сондай-ақ Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран, Шахтинск және Приозерск қалаларының командалары қатысуда. Жалпы саны 400-ге жуық спортшы екі күн бойы өзара бақ сынамақ

Қатысушылар спорттың стритбол, волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ, бес асық, үстел теннисі және жазғы президенттік көпсайыс түрлері бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімін Балқаш қаласының дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде ол әйелдер спортының дамуына серпін беретін мұндай жарыстардың бұқаралық спортты дамытудағы, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы және өңірлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

Мерекелік жиында сондай-ақ Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жекпе-жек түрлері және спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу жөніндегі спорт клубы басшысының міндетін атқарушы Талғат Қыдырбайұлы, спорт және мемлекеттік қызмет ардагері Тілеулес Бадығұлова, жарыстың бас төрешісі Ерсін Төлеутай құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға әділ бәсеке мен жарқын жеңістер тіледі.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ұлттық және жоғары санатты төрешілер қызмет етуде. Атап айтқанда, волейболдан ұлттық дәрежедегі төреші Болат Дүйсебаев, дойбыдан Юлия Рынгач, тоғызқұмалақтан Ерлан Құрманғалиев, бес асықтан Амангелді Нұрмұханов, үстел теннисінен ұлттық дәрежедегі төреші Дмитрий Игнатюк, жазғы президенттік көпсайыстан Анна Широкова, стритболдан ұлттық дәрежедегі төреші Милана Спицина төрелік етеді.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін спортшылар бірден жарыс алаңдарына шығып, алғашқы кездесулер басталды. Облыстың ең мықты командалары анықталатын XIV облыстық әйелдер спартакиадасы екі күнге созылады. Дүбірлі дода өзара тәжірибе алмасуға, достықты нығайтуға және әйелдер спортының дамуына тың серпін береді деп күтілуде.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ


