Халықаралық “Айбын” жиынына шетелдік командалар келді
Астанада өтетін XI халықаралық әскери-патриоттық «Айбын» жиынына Қазақстанның өңірлерінен келген әскери-патриоттық клубтармен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысады.

Қазақстан намысын Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері қорғайды.

Қазіргі таңда шетелдік делегациялар Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Амандық» оқу полигонына орналасты.

Қатысушылар жарыс бағдарламасымен танысып, ұйымдастырушылардан сайыс шарттары мен бағалау талаптары жөнінде ақпарат алды.

Жиын барысында әскери-қолданбалы, интеллектуалдық және шығармашылық бағыттағы жарыстар өтеді. Ауқымды шараға мыңға жуық адам қатысуда.

Келу күні «Сәлем, Айбын!» атты танысу кешімен аяқталып, жастар өз елдері мен оқу орындарын таныстырып, достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



