Бұқар жырау ауданында құс фабрикасы мен қазандық салынуда
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына жұмыс сапары барысында өндірістік және әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Өңір басшысы алдымен «Ақнар» құс фабрикасында болып, жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған жаңа құс қорасының жұмысымен танысты. Заманауи нысанда енгізілген ақылды климаттық бақылау жүйесі нақты уақыт режимінде барлық көрсеткіштерді талдап, құстың жасына және сыртқы орта жағдайларына сәйкес қажетті параметрлерді автоматты түрде реттейді. Бұл технология өнім сапасын арттырып қана қоймай, жабдықтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етіп, энергия ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында өндірісті жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі 20 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылыс алаңында болды. Кәсіпорын директоры Виктор Колчевтің айтуынша, биыл Үштөбе аумағында алты жаңа құс қорасын іске қосу жоспарланып отыр. Ол үшін заманауи жабдықтар сатып алынған.

Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін екі есеге арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ бройлер етін өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында жаңа сою цехын салу жоспарда бар. Жоба жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкіміне алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы да баяндалды. Қушоқы кентінде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – жаңа модульдік қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңа нысан 1971 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ескі жылу көзінің орнын басады. Қазіргі таңда ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, әрқайсысының қуаты 4 МВт болатын бес қазандық орнатылған. Мердігер ұйым жақын уақытта құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, одан кейін нысанның сенімділігін тексеру мақсатында сынақ жүргізеді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



