Облыс педагогтері республикалық спартакиадада үздік үштіктен көрінді
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 700-ге жуық маман бақ сынаған Түркістандағы республикалық спартакиада қарағандылық ұстаздар үшін үлкен жеңіспен аяқталды. Тек білім саласында емес, спортта да алдына жан салмаған облыс педагогтері мен колледж қызметкерлері тартысты бәсекеде елдегі үздік үш команданың қатарына енді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ге жуық қатысушы жиналған жарыста 12 колледждің өкілдері өңір намысын қорғады. Бірнеше күнге созылған спорттық дода барысында қатысушылар спорттың тоғыз түрінен сынға түсті. Бағдарламаға шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ату және бес асық сынды спорт түрлері енгізілді. Спартакиаданың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу, сондай-ақ білім беру саласы қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамыту.

Республикалық спартакиада педагогтер мен колледж қызметкерлері үшін тек спорттық жарыс қана емес, әріптестік байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Фархат МҰРАТ,
КарҰЗУ-дың ll-курс студенті



