Аймақта биыл 1,23 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесі биылғы ауыл шаруашылығы маусымының беталысын айқындап берді. Көктемгі егіс науқанының қорытындылары шығарылып, алдағы жаздың басты сынақтары сараланды. Егіс алқаптарының жағдайы, шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан ауқымды фитосанитарлық науқан және алдағы аптап ыстыққа қатысты болжамдар кеңестің негізгі өзекті тақырыптарынан. Биылғы маусым әзірге үміт ұялатқанымен, ылғал тапшылығы, зиянкестер қаупі мен ауа райының құбылмалы мінезі аграршыларды сақтық етуге үндейтіндей. Өңір диқандары үшін ендігі күрес егісті сақтап қалып, болашақ өнімнің негізін бекемдеуге бағытталмақ.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Әнуәр Төлебековтың ұсынған мәліметінше, көктемгі дала жұмыстары агротехникалық талаптарға сай мерзімде толық аяқталған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 1,23 миллион гектар алқапқа егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 49,5 мың гектарға артық. Өсім негізінен дәнді және майлы дақылдар, сондай-ақ, мал азықтық дақылдар есебінен қамтамасыз етілді. Тұқым сапасы да ерекше назар аударуға тұрарлық: дәнді дақылдар егісінің 90 пайызы жоғары репродукциялы тұқымдармен себілген. Картоп шаруашылығында да сапалы тұқымдық үлесі жоғары деңгейде сақталуда.
– Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 1,2 миллион гектардан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 50 мың гектарға көп. Астық, майлы және мал азықтық дақылдардың егіс алқаптары ұлғайтылды, – деді ол.
Қазіргі уақытта егістіктің басым бөлігі көктеу кезеңіне өтті. Дәнді дақылдардың 62 пайызының жағдайы жақсы, қалған 38 пайызы қанағаттанарлық деп бағалануда. Дегенмен, бірқатар аудандарда ылғал тапшылығы байқала бастаған. Вегетациялық даму қарқыны баяулаған. Аудандардағы егістіктің жалпы жағдайы тұрақты деп бағаланғанымен, шаруалар өнімділікке қатысты нақты болжамдарды өсімдіктердің негізгі даму кезеңдері аяқталғаннан кейін ғана айтуға болатынын атап өтті. Иә, егіс науқанының уақытылы аяқталуына үш негізгі фактор әсер еткен: мемлекеттік қолдау шаралары, шаруашылықтардың техникалық дайындығы және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілуі.
Келелі кеңесте қанатты жау шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстарының барысы да егжей-тегжейлі қарастырылды. 2026 жылы Қарағанды облысында үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 80,1 мың гектар аумақта жүргізіледі деп жоспарланған. Зиянкестердің таралуын бақылау үшін жалпы көлемі 1,264 миллион гектар аумақта көктемгі-жазғы фитосанитарлық зерттеулер ұйымдастырылды. Атаулы жұмыстарға 130 фитосанитар маман жұмылдырылған. Жиын өткен сәттегі мәлімет бойынша, 34,97 мың гектар жер өңделіп үлгерген. Бұл жоспарланған көлемнің 43,7 пайызына тең. Өңдеу жұмыстары үш түрлі техника арқылы жүргізілуде: жерүсті бүріккіштері 19,1 мың гектарды, аэрозольдік генераторлар 1,7 мың гектарды, ал аса жеңіл авиация 14,2 мың гектарды қамтыған. Жалпы, фитосанитарлық іс-шараларға 178 маман мен 114 техника бірлігі жұмылдырылды. Белгілі болғандай пестицид қоры жеткілікті. Су ресурстары мен арнайы техниканың толық дайын. Өңірдегі фитосанитарлық жағдай тұрақты бақылауда тұр. Жұмылдырылған күш пен құрал-жарақ ауқымына қарағанда, облыс билігі егістік алқаптарын қорғауға жан-жақты әзір.
– Зиянкестер ошақтарын анықтау үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жұмыстар жерүсті бүріккіштері, аэрозольдік генераторлар және аса жеңіл авиацияның көмегімен атқарылып жатыр, – деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы басшысы Жандос Ешмұханов.
Алда – аптап: синоптиктер қандай болжам жасап отыр? Өндірістік есептермен қатар метеорологиялық болжам да маңызды екені аян. Алдағы күндері Қарағанды облысында ауа райы құбылмалы әрі қарама-қайшы сипатта өрбитіндей. Мәселен, түнгі ауа температурасы +13…+18°С, күндіз +25…+30°С, ал, оңтүстік аудандарда +33°С-қа дейін көтеріледі. Желдің жылдамдығы секундына 9-14 метрді құрап, екпіні 20 метрге дейін жетуі ықтимал. Мұндай жағдайда авиация арқылы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қиындайды. 19-20 маусымда ауа райы күрт өзгереді. Жауын-шашын тоқтап, күндізгі температура +33…+38°С-қа дейін көтеріледі. Облыстың оңтүстігінде аптап ыстық +41°С-қа жетуі ықтимал. Маусымның үшінші онкүндігінде жағдай одан әрі күрделеніп, кейбір өңірлерде ауа температурасы +42°С-қа дейін көтеріледі деп болжануда. Шілде айына арналған маусымдық болжам салыстырмалы түрде тұрақты: температура мен жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормаға жуық болады. Алайда, тамыз айында ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен 1-2 градус жоғары болып, жауын-шашын тапшылығы байқалады деп күтілуде. Бұл астықтың толысу кезеңінде тәуекелдердің артуына себеп болуы мүмкін.
Кеңесте алдағы кезеңнің маңызды міндеттерінің бірі ретінде мал азығы қорын қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Алдын ала есеп бойынша өңірге шамамен 2 миллион тонна шөп қажет болады. Сонымен қатар, қажетті көлемде пішендеме, сүрлем және сабан дайындалуы тиіс. Өткен маусымнан қалған қорлар бар болғанымен, олар жалпы қажеттіліктің тек бір бөлігін ғана өтейді. Осыған байланысты, биыл мал азықтық дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды. Суармалы жерлерді кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қосымша 6,2 мың гектар суармалы алқапты ауыл шаруашылығы айналымына енгізу межеленіп отыр. Шөп шабу және жем-шөп дайындау техникалары толық дайын күйге келтірілген. Сонымен қатар, мемлекеттік шабындық жерлерді халық пен шаруа қожалықтарына беру мәселесі де қоса пысықталуда.
Қарағанды облысы жаз мезгіліне қомақты егіс көлемімен және күшейтілген фитосанитарлық қорғаныс жүйесімен қадам басты. Егіс көктеп шықты, шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға ие болды, техника мен химиялық препараттар жеткілікті.
Кеңес қорытындысы бойынша Ермағанбет Бөлекпаев егін жинау және жемшөп дайындау науқандарына сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, техниканы және жанар-жағармай қорларын уақытылы әзірлеуді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестер мен аурулардан қорғау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде және тиісті ұйымдастыру деңгейінде орындалуы тиіс. Жазғы ауыл шаруашылығы маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету қажет. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болуы керек, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
Ortalyq Qazaqstan






