Футболдың жаңа дәуірі
11 маусымнан 12-сіне қараған түні Мехико қаласы футбол әлемінің назарын өзіне аударды. Мұнда төрт жылдықтың басты спорттық мерекесі, яғни, футболдан әлем чемпионатының ресми ашылу рәсімі өтті. Биылғы біріншілік тарихта тұңғыш рет үш мемлекетте қатар ұйымдастырылып, ауқымы мен қаржылық көлемі жөнінен бұрын-соңды болмаған ең ірі әрі ең қымбат әлем чемпионаты ретінде бағалануда.

Биылғы әлем чемпионаты өзінің ауқымдылығымен, билет сатудың жаңартылған жүйесімен және жанкүйерлер мен қабылдаушы қалаларға түсетін шығын көлемінің айтарлықтай жоғары болуымен ерекшеленіп отыр. Осы себепті мамандар турнирді тарихтағы ең қымбат әлем біріншілігі ретінде бағалауда. Сондай-ақ, биыл қатысушы командалар саны бұрынғы 32 құрамадан 48-ге дейін көбейіп, әлем чемпионаттары тарихындағы жаңа рекорд орнатты.
Ұйымдастырушылар Латын Америкасының бай мәдени мұрасын заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен шебер үйлестіріп, көрермендерге әсерлі әрі есте қаларлық шоу тарту етті. Ашылу салтанаты барысында әлемдік музыка жұлдыздары өнер көрсетіп, турнирдің ресми әні алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Әсіресе, латынамерикалық әуендер мен көз тартарлық хореографиялық қойылымдар стадионға жиналған жанкүйерлерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Музыкалық бағдарламаның негізгі өзегіне құрлықтың сан қырлы мәдениеті мен футболға деген шексіз сүйіспеншілігі арқау болды. Мехикода өткен айтулы шарадан кейін чемпионаттың мерекелік эстафетасы Торонто мен Лос-Анджелес қалаларында жалғасын тапты.
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино салтанатты шараның ашылу салтанатында доп додасының маңызына ерекше тоқталды.
– Турнирдің басты идеясы – бірлік пен ынтымақтығында. Әр ұлттың өзіндік болмысын, мәдени ерекшелігі мен рухани құндылықтарын танытатын орта. Музыка, мәдениет және футболды бір арнаға тоғыстыратын мұндай көріністер әлемнің түпкір-түпкірінен келген миллиондаған жанкүйерді ортақ мақсатқа ұйыстырады. Бұл – шын мәніндегі жаһандық мерекенің шымылдығын түретін ең әсерлі әрі қуатты тәсіл, – деді ол.
Ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін Мехикодағы стадионда әлем чемпионатының алғашқы матчы өтті. Турнир шымылдығын Мексика мен Оңтүстік Африка құрамасы түрді. Өз алаңында өнер көрсеткен мексикалықтар жанкүйерлерінің сенімін ақтап, қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Кездесудің 9-минутында шабуылшы Хулиан Киньонес есеп ашып, осы әлем чемпионатындағы алғашқы голдың авторы атанды. Ал, екінші таймда Рауль Хименес мергендік танытып, командасының басымдығын нығайта түсті.
«А» тобындағы екінші ойында Оңтүстік Корея мен Чехия құрамалары өзара күш сынасты. Тартысты өткен кездесуде азиялық ұжым 2:1 есебімен жеңіске жетіп, турнирдегі алғашқы үш ұпайын еншіледі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



