АймақБас тақырып

Қарағандылық геологтарға «Алтын Гефест» бұйырды

Astana Mining & Metallurgy – AMM 2026 XVI Халықаралық тау-кен металлургиялық кешені (ТМК) конгресі аясында «Алтын Гефест» ұлттық салалық байқауы жеңімпаздарын марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті. Байқауда Qarmet компаниясына қарасты Көмір департаментінің бас геологы Руслан Хисматуллин «Жыл геологы» номинациясының жеңімпазы атағына лайық деп танылды. Ал, «Жыл металлургі» аталымын Qarmet компаниясының Болат департаментінің директоры Андрей Берг иеленді. 

Суреттер Qarmet

Аталған байқау жыл сайын Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы үздік жобаларды, мамандарды, жетістіктерді және кәсіби бастамаларды айқындайды. Бұл туралы QARMET компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Руслан Хисматуллин геология саласында 18 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол бүгінде көмір өндіру үдерісінің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында маңызды жұмыстар атқарып жүр. Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген маман бұл жетістіктің өзі үшін үлкен құрмет екенін айтып, әріптестеріне және еңбегін бағалаған ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Оның айтуынша, геология – көмір өндірісінің берік негізі. Өйткені кен орындарын зерттеу сапасы өндірістік жоспарлауға, жұмыс тиімділігіне және кеншілердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

– Мұндай марапатқа ие болу – үлкен мәртебе. Еңбегімді жоғары бағалағандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Геология – көмір өндірудің тұрақты әрі қауіпсіз жүргізілуінің негізі. Біздің жұмысымыздың сапасына тау-кен жұмыстарының жоспарлануы, өндірістің тиімділігі және ең бастысы – кеншілердің қауіпсіздігі тікелей байланысты. Барлық жас мамандарға өз әлеуеттерін дұрыс бағытта жүзеге асыруды тілеймін. Бүгінде көмір департаментінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Біз қорларды зерттеуді жалғастырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіріп, өндірістің сенімді негізін қалыптастырудамыз, – деп атап өтті Руслан Хисматуллин.

Аяжан АЙДЫНҚЫЗЫ,
ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button