Қарағанды ұстаздары республикалық қазақ күресі турнирінде топ жарды
Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, Астана қаласында өткен ұстаздар арасындағы республикалық қазақ күресі турнирінде Қарағанды облысының педагогтері жоғары шеберліктерін дәлелдеді. Облыс намысын қорғаған ұстаздар чемпиондық үш белбеу жеңіп алып, өңір мерейін үстем етті.

Еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған мұғалімдер бақ сынаған байрақты бәсекеде қарағандылық спортшылар ерекше көзге түсті. Турнир барысында ұстаздар тек білім беру саласында ғана емес, ұлттық спорттағы дайындықтарының жоғары екенін көрсетті.
Жарыстың жарқын жеңістерінің біріне Шет агротехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрхан Есмағанбетов қол жеткізді. Белдесу барысында ол бірнеше өңірдің мықты балуандарын жеңіп, финалда қарсыласынан басым түсіп жүлдегер атанды. Оның айтуынша, әрбір кездесу үлкен дайындық пен төзімділікті талап еткен.
Сондай-ақ, Нұра ауданындағы жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бекнұр Әбдіғалым өз салмақ дәрежесінде қарсыластарына дес бермей, алтыннан алқа тақты. Бұл оның аталған турнирдегі екінші мәрте жеңімпаз атануы болды.
Ақсу-Аюлы ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің жас ұстазы Берхаир Амангелді де тамаша өнер көрсетті. Ол барлық белдесуін сенімді өткізіп, чемпиондық белбеуге ие болды.
Жалпы облыс құрамасы құрамында 30 педагог өнер көрсетті. Ұлттық спортты серік еткен ұстаздар ұйымшылдық пен табандылықтың үлгісін танытты.
Аяжан АЙДЫНҚЫЗЫ,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



