ҚарқаралыАймақБас тақырып

«Қарқаралы – Егіндібұлақ» бағытындағы жол жөндеу жұмыстары басталды

Қарқаралы өңірінің тұрғындары көптен бері күткен жол жөндеу жұмыстары басталды. Қарағанды облысында «Қарқаралы-Егіндібұлақ» бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 80 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жолдың жай-күйі тұрғындар тарапынан бірнеше жылдан бері көтеріліп келген өзекті мәселелердің бірі болатын. Әсіресе, облыс әкімімен кездесулерде жергілікті жұрт осы бағыттағы жол қатынасын жақсарту қажеттігін жиі айтқан.

Суреттерді түсірген автор

Бұл жол Қарқаралы ауданы үшін стратегиялық маңызы бар күретамыр саналады. Өйткені, ол Қарағайлы, Бүркітті, Қарабұлақ, Қаракөл, Айнабұлақ және Жәнібек ауылдарын аудан орталығымен байланыстырады. Бұл елді мекендерде 17 мыңнан астам тұрғын бар. Сондықтан, жолдың жаңаруы – халықтың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына, ауылдардың көлік қолжетімділігін арттыруға, жергілікті экономиканың дамуына және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін маңызды қадам.

– Бұл жол Қарқаралы ауданы үшін өте маңызды. Ол бірнеше елді мекенді байланыстырып отыр. Жаңартылған жол тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымын жақсарту – экономикалық белсенділікке де серпін береді. Мемлекет тарапынан жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов.

Жөндеу жұмыстары екі учаскеге бөлінген. Оның біріншісі – «Қарқаралы-Бүркітті» аралығындағы 32 шақырым, екіншісі – «Бүркітті-Егіндібұлақ» бағытындағы 48 шақырым жол. Мамандардың айтуынша, жоба аясында орташа жөндеу жұмыстары заманауи технология негізінде жүргізіледі.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Еркіннің мәліметінше, жол негізін нығайту үшін суық ресайклинг әдісі қолданылады. Бұл технология қолданыстағы жол қабатының материалдарын қайта өңдеп, оған қиыршық тас пен байланыстырушы материалдар қосу арқылы жол төсемінің беріктігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Жоба бойынша алдымен, жол негізі күшейтіледі. Одан кейін жаңа асфальтбетон қабаттары төселеді. Сонымен қатар, жол жиектері бекітіліп, қажетті жол белгілері орнатылады және жолақ сызықтары жүргізіледі. Барлық жұмыс бекітілген технологиялық талаптарға сәйкес орындалады, – деді Дінмұхамед Еркін.

Жол сапасы жұмыс барысында тұрақты бақылауда болады. Технологиялық талаптардың сақталуын техникалық қадағалау мамандары, «ҚазАвтоЖол» филиалының өкілдері және Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бақылайды. Бұдан бөлек, қолданылатын материалдарға зертханалық тексеру жүргізіледі.

Жөндеу аяқталғаннан кейін мердігер ұйым заңнамаға және келісімшарт талаптарына сәйкес кепілдік міндеттемелерін атқарады. Бұл жолдың сапасын сақтау мен кейінгі жауапкершілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы, биыл Қарағанды облысында республикалық маңызы бар тоғыз жол учаскесін орташа жөндеумен қамту жоспарланған. Олардың жалпы ұзындығы 280 шақырымды құрайды. «Қарқаралы-Егіндібұлақ» бағытындағы жолдың жөнделуі – өңірдегі көлік инфрақұрылымын жаңартудың маңызды кезеңдерінің бірі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button