Тұмса табиғат турист тартады
Табиғи байлығы мен тарихи болмысын сақтай отырып, жаңа жобаларға жол ашқан Қарқаралы да жаңғыру үдерісінің алдыңғы легінде. Мұнда әлеуметтік нысандар жаңарып, туризмге серпін беретін жетелі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Баспана – тұрмыс сапасының өлшемі
Қарқаралы ауданында тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы екі жарым жыл ішінде ауданда үш қабатты екі көппәтерлі үй салынып, жылжымайтын мүліктің бастапқы және қайталама нарығынан пәтерлер сатып алынған. Жалпы, осы кезеңде 58 пәтер ауданның коммуналдық қорына алынып, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлестірілді.
Аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, бұл пәтерлер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, толық емес отбасыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге және жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға берілген.
Былтыр ауданда жеке кәсіпкерлердің күшімен салынып жатқан тұрғын үйлерді коммуналдық қорға сатып алу жұмысы қолға алынған. Бұл – баспана кезегін жылжытудың тиімді тетігі. Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы саны 27 тұрғын үй салынуда. Оларда барлығы 80 пәтер қарастырылған. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы – 6200 шаршы метр.
Оның ішінде көлемі 45,4 шаршы метр болатын 8 бір бөлмелі, көлемі 68,3 шаршы метр болатын 4 екі бөлмелі, 113 шаршы метрлік 5 төрт бөлмелі екі деңгейлі және көлемі 83 шаршы метр болатын 63 үш бөлмелі пәтер бар. Матақ ауылында 4 үй салынып, 8 үш бөлмелі пәтер қарастырылса, Көктас ауылында 2 үйдің құрылысы жүргізіліп, 4 үш бөлмелі пәтер пайдалануға берілмек. Ал, Қарқаралы қаласында 23 үй салынып жатыр. Онда бір, екі, үш және төрт бөлмелі пәтерлер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға үлестіріледі.
– Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында соңғы жылдары жұмыс жүйелі. 2024-2025 жылдары 53 пәтер салынып, жергілікті бюджет арқылы сатып алынды. Бұл пәтерлер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді. Биыл осы бағытта тағы 76 пәтер беру жоспарланып отыр. Қазір «Отбасы банк» арқылы азаматтарды пәтерлерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде, – деді аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Аманбаев.
Осы мақсатта салынған екі қабатты таунхаус үлгісіндегі тұрғын үй алты пәтерден тұрады. Нысанның бес пәтері жергілікті бюджет арқылы сатып алынып, көпбалалы отбасыларға берілген. Әр пәтердің аумағы – 113 шаршы метр. Екі деңгейлі кең баспана көпбалалы жанұялардың тұрмысына қолайлы етіп салынған.
– Бұл үйлерді жеке құрылысшылар салады, кейін жергілікті әкімдік сатып алып, тұрғын үй кезегіне сәйкес үлестіреді. Мұндағы пәтерлердің барлығы көпбалалы отбасыларға берілді. Үйдің ерекшелігі – өз жылыту жүйесі. Сонымен қатар, биыл оны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу да көзделіп отыр. Жалпы, ауданда ескі жер үйлерді бұзып, олардың орнына екі және төрт пәтерлі жаңа үйлер салу жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылып келеді, – деді бөлім басшысы.
Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі – көпбалалы ана Назгүл Мұратбекқызы. Ол отбасы тұрғын үй кезегінде он жылдан астам уақыт бойы тұрған.
– Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа баспанаға қол жеткізіп, қуанышымызда шек болмады. Көп жыл күткен арманымыз орындалды. Үй жылы, кең, тұрмысқа өте қолайлы. Ең бастысы, қаланың қақ ортасында орналасқан. Балалардың мектепке, өзіміздің күнделікті шаруаға қатынауымыз да жеңілдеді. Осындай мүмкіндікке ие болғанымызға ризамыз, – дейді көпбалалы ана.
Аудан әкімдігі баспана мәселесінде тек аудан орталығын ғана емес, ауылдық елдімекендерді де қамтуға көңіл бөліп отыр. Матақ пен Көктас ауылдарында салынып жатқан жаңа үйлер – соның нақты көрінісі.
Қазір Қарқаралы ауданында 780 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр 53 отбасы баспанамен қамтылса, биыл жыл соңына дейін тағы 76 отбасына пәтер беру жоспарланған.
Туризмнің жаңа белесі
Қарқаралыдағы туризмді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ең ауқымды жобаның бірі – «Бұғылы» рекреациялық аймағы. Жалпы аумағы 75 гектарды құрайтын бұл аумақта қазір инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды. Жобаның тапсырыс берушісі – Қарқаралы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі. Мердігер ұйым – «IST Group Co» ЖШС.
Бүгінде «Бұғылы» аумағында су құбыры және кәріз желілерін тарту, байланыс желілерін жүргізу, автомобиль жолдарының негізін дайындау, жаяу жүргіншілерге арналған төсемтастар төсеу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда мұнда 60-қа жуық адам еңбек етіп, 20-дан астам техника жұмылдырылған. Бұған дейін шамамен 10 шақырым электр желісі тартылып, 5 шақырымға жуық су құбыры жүргізілген. Ішкі байланыс жүйесі де әзірленуде.
Жоба аясында таза суға арналған 100 текше метрлік екі резервуар орнатылған. Сондай-ақ, 4827 метр су құбыры тартылып, 32 құдық қойылған. Кәріз желісінің ұзындығы 3158 метрді құрап, 50 құдық орнатылған. Байланыс желілері 3000 метрге жетсе, электр желілеріне арналған 364 тірек қойылған. Автомобиль жолдарының 2300 метр негізі жоспарланып, 5300 шаршы метрге төсемтас төселген.
«Бұғылы» рекреациялық аймағы бес функционалды бөліктен тұрады. Олар – тыныш демалыс аймағы, этноауыл, ойын-сауық паркі, демалыс үйлері аумағы және тау шаңғысы кешені. Алдағы уақытта бұл жерде пансионаттар, қонақүйлер, глэмпингтер мен мейрамханалар салу жоспарланған. Жоба толық іске асқанда Қарқаралыға келетін туристер үшін демалыстың жаңа форматы қалыптасатыны сөзсіз.
Аудандық құрылыс, қала құрылысы және сәулет бөлімінің басшысы Мейірлан Садуақасовтың айтуынша, инженерлік желілер мен коммуникациялар толық тартылғаннан кейін аумақ ішіндегі жер учаскелері конкурс арқылы кәсіпкерлерге ұсынылады. Қазірдің өзінде 18 жер телімі конкурсқа әзір.
– Қазір мұнда жұмыс қарқыны жоғары. Инженерлік инфрақұрылым тартылып жатыр. Су, кәріз, электр, байланыс желілері жүргізілуде. Жоба сәтті жүзеге асса, бұл аумақ кәсіпкерлер үшін де, туристер үшін де тартымды орынға айналады. Болашақта мұнда этноауыл, демалыс үйлері, ойын-сауық аймағы, шаңғы тебу аумағы сияқты бірнеше бағыт қатар дамиды. Алдағы уақытта тиімді жобалар ұсынылса, аспалы жол салу мүмкіндігі де қарастырылуы мүмкін, – деді Мейірлан Темірханұлы.
Мердігер ұйым өкілі Досбол Тоқтамысовтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңі оңай болмаған. Аумақтың тастақ жер бедері жер қазу жұмыстарын күрделендірген. Дегенмен, жергілікті әкімдікпен бірлесіп, техникалық шешімдер қабылданып, жұмыс жүйеге түскен.
– Былтырдан бері жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп келеміз. Бастабында жердің тастақ болуы біраз қиындық туғызды. Кей тұстарда қазу жұмыстары ауыр жүрді. Кейін жергілікті әкімдікпен келісіп, арнайы жару тәсілі арқылы жұмысты оңтайландырдық. Соның нәтижесінде су және кәріз желілері жүргізілді. Қазір төсемтас төсеу, абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда түрлі түсті қиыршық тастармен өрнектелген жаяу жүргіншілер жолдары салынады. Этноауыл еңсе тіктеп, заманауи туристік нысан қалыптасады, – деді ол.
Рухани кеңістікке айналар саябақ
Қарқаралыда қала келбетін жаңартумен қатар, тарихи-рухани мазмұны бар қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыруға да мән беріліп отыр. Соның бірі – Әлімхан Ермеков атындағы №2 мектеп маңынан салынып жатқан жаңа шағын саябақ. Жалпы аумағы 800 шаршы метрді құрайтын демалыс орны тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталуға жақын.
Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергеновтің айтуынша, бұл бастама Тоқтар Әубәкіров көшесін жөндеп жатқан «АрмСтрой» ЖШС мердігер ұйымының демеушілігімен жүзеге асуда. Жоба қала және аудан әкімдігінің бірлескен ұсынысы негізінде қолға алынған. Жалпы құны 50 млн теңгеге бағаланған жұмысты мердігер ұйым өз қаражаты есебінен атқаруда.
– Бұл жер қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы демалыс орны болуы үшін жасалуда. Мердігер ұйым саябақ аумағына асфальт төсеп, жарық шамдарын орнатады, орындықтар қояды. Қаланы абаттандыру жұмыстары осындай нақты істер арқылы көрініс табады. Ең бастысы, бұл нысан мектеп маңында орналасқандықтан, оқушылардың да күнделікті тынығуына, елдік рухты сезінуіне ықпал етеді, – деді қала әкімі.
Жаңа сквердің ерекшелігі де сол – оның тарихи сабақтастықпен ұштасуы. Қоғамдық ұсыныс қолдау тапса, Құнанбай қажы мешітінің жанындағы Бала Абай мен Құнанбай ескерткішін осы аумаққа көшіру қарастырылмақ. Бұл ойдың да өзіндік мәні бар. Өйткені, жаңа демалыс орнына қарама-қарсы бетте Абай мен Құнанбай аялдаған тарихи үй орналасқан. Яғни, ол жер келекшете серуен алаңымен қоса, Қарқаралының рухани жадымен үндесетін тағылымды мекенге айналуы ықтимал.
Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Ескерткішті көшіру тұрғындардың пікірі ескеріліп, қоғамдық қолдау болған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін.
– Қарқаралы – тарихы терең, рухани салмағы бөлек мекен болғандықтан, әрбір абаттандыру жұмысы қаланың тарихи келбетімен үйлесуі керек. Егер тұрғындар тарапынан қолдау болса, бұл жерге Бала Абай мен Құнанбай ескерткішін орналастыру арқылы тарихи сабақтастықты күшейтуге болады. Әсіресе, туристер үшін де тартымды нысанға айналары сөзсіз, – деді Аслан Рахымбергенов.
Алдағы уақытта бастама толық жүзеге асса, жаңа демалыс орнына «Ақындар аллеясы» деген атау беру де ұсынылуы мүмкін. Бұл атау Қарқаралының әдеби-рухани болмысымен де үйлеседі.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



