АймақЖаңалықтар

Қазақстанда жаңа зауыттар салынып, ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда

Қазақстан экономиканы әртараптандыру және сапалы инвестициялар тарту бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілігімен елімізде өңдеуші өндіріс, жасыл энергетика, фармацевтика және заманауи инфрақұрылым қарқынды дамып жатыр.

2026 жылы еліміздің бірнеше өңірінде ірі өнеркәсіптік жобалар іске қосылып немесе мақұлданды. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және технологиялық дамуға серпін береді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және агротехнологиялар

Павлодар облысында құны 2 млрд теңге болатын майлы дақылдарды өңдейтін зауыт іске қосылды. Кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін шикізат өңдеп, 35 мың тоннаға дейін тазартылмаған күнбағыс майын өндіре алады. Өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталады.

Солтүстік Қазақстан облысында қытайлық XIYU AGRICULTURAL PTE. LTD компаниясы тағы бір ірі май зауытын салуда. Жобаның инвестициялық құны – 53 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 1,4 мың тонна өнімді құрайды. Зауытты 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр, нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады.

Түркістан облысында жылына 500 данаға дейін агродрон шығаратын өндіріс іске қосылды. Ұшқышсыз аппараттар егістік алқаптарын өңдеуге арналған және бір ұшу барысында 5 гектарға дейін жерді бүркей алады. Болашақта өрт сөндіру және жүк тасымалдауға арналған дрондар шығару жоспарланған.

Фармацевтика және биотехнологиялар

Үкімет Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық кешенді салу және жаңғырту жобасын мақұлдады. Кәсіпорында онкологиялық, аутоиммундық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілерді қоса алғанда, 74 түрлі препарат, сондай-ақ фармацевтикалық субстанциялар мен иммунобиологиялық өнімдер өндірілмек. Жоба аясында шамамен 70 жұмыс орны ашылады.

Алматы облысындағы Алатау арнайы экономикалық аймағы аумағында құны 32,5 млрд теңге болатын толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жоспарланған. Жоба 2031 жылы іске қосылады. Зауыт онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға арналған дәрілерді қоса алғанда, 20 түрлі препарат пен иммунобиологиялық өнім шығарады.

Энергетика және жасыл технологиялар

Қазақстандық Baskan Irrigation⁠ компаниясы Жетісу облысында қуаттылығы 30 МВт болатын Покатилов су электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Нысан 2028 жылы пайдалануға беріледі. Жоба аясында көлемі 80 млн текше метрге дейінгі су қоймасы салынып, 32 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерін суаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылына шамамен 30 мың МВт/сағ электр энергиясы өндіріледі.

Түркістан облысында құны 307 млн доллар болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны China Energy Overseas Investment Co. Ltd. және Qazaq Green Power PLC компаниялары Самұрық-Энерго⁠ қолдауымен жүзеге асыруда. Станция 2027 жылы іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 674 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді.

Металлургия және тау-кен өндірісі

Ең ауқымды жобалардың бірі – Павлодар облысында сингапурлық XINFA компаниясы салатын алюминий кластері. Инвестиция көлемі 15 млрд долларды құрайды. Жоба бокситті терең өңдеуді көздейді. Нәтижесінде жыл сайын 4,8 млн тонна глинозем, 2,4 млн тонна электролиттік алюминий және 1,2 млн тонна терең өңделген өнім өндірілмек. Құрылыс 2026 жылы басталып, алғашқы кезеңі 2028 жылы іске қосылады. Жоба шамамен 10 мың жұмыс орнын ашады.

Қытайлық Sinolnvest Group Ltd. Қарағанды облысындағы темір кені орнын игеруге кіріседі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 мың тонна кен өндіруге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027–2034 жылдар.

Ақтөбеде құны 100 млн доллар болатын Еуразиялық интеграцияланған жасыл мыс зауытының құрылысы басталды. Жоба қытайлық Beijing Jinvi Yuanfang Group пен қазақстандық Phoenix Industrial Group серіктестігі арқылы жүзеге асырылуда. Зауыт мыс сынықтарынан жылына 25 мың тоннаға дейін тазартылған мыс өндіреді. Кәсіпорын 2027 жылы іске қосылады. Өнім ішкі нарыққа және ЕАЭО мен ЕО елдеріне экспортталады.

Туризм және инфрақұрылым

Almaty SuperSki тау шаңғысы курортын іске асыруға Франция, Канада және АҚШ компаниялары тартылды. Француз тарапы 11 аспалы жол салады, канадалық компаниялар инженерлік жобалаумен айналысады, ал америкалық серіктестер құрылысты басқару және үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Курортты 2028 жылы іске қосу жоспарланған.

Бакин кеме жасау зауыты базасында Каспий теңізінде жұмыс істейтін алғашқы контейнер тасымалдаушы кеменің құрылысы басталды. Жоба Қазмортрансфлот⁠ пен AD Ports Group⁠ серіктестігі аясында жүзеге асырылуда. 2027 жылдың соңына дейін сыйымдылығы 780 TEU болатын екі кеме салу жоспарланған.

Жобалардың нәтижесі

Аталған жобаларды жүзеге асыру Қазақстанға:

* мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға;
* жоғары қосылған құны бар өңдеуші өндірістерді дамытуға;
* экспорттық әлеуетті арттыруға;
* жасыл энергетика мен фармацевтика салаларын дамытуға;
* өңірлерге ірі шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Бұл жобалардың барлығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру және ауқымды экономикалық трансформация жүргізу бағытының нәтижесі болып саналады.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және сапалы шетелдік инвестициялар тарту міндетін қойған болатын. Бүгінде бұл саясат нақты нәтижесін беріп отыр: өңірлерде заманауи кәсіпорындар ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылуда, экспорттық әлеует артып, елдің өнеркәсіптік дербестігі нығаюда.

Металлургия, фармацевтика, жасыл энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ірі жобалар Қазақстанның жоғары технологиялы, әртараптандырылған әрі бәсекеге қабілетті экономика құру жолында сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын көрсетеді.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button