«ШӨП ҚОРЫҒАН ИТ» немесе латифундистер агрокешеннің «шегірткесі» секілді

Қазақстанның жағырапиясы мен картасын көрсе, көтерем көңіл өрекпіп шыға келеді. Сосын іле сабасына түсті. Өрекпитіні – еліміздің жер көлемі әлемде тоғызыншы, ТМД-да Ресейден кейін екінші, Азияда төртінші орын алатындығы. Батысынан шығысына жету үшін 3 мың шақырым, солтүстігінен оңтүстігіне жету үшін 2 мың шақырым байтақтығы. Сабасына түсірген – иен далада емін-еркін жүрсек те, көршіден шайлық сүт, ас-су сұрайтындығымыз еді. Ұлан-ғайыр жердің ұлтарақтай бөлігін де бос тастамай әжетке жаратсақ, әліміз де, ауқатымыз да әжептәуір болатындай-ақ. Әттеңі сол, жердің пайдасын өзі, не өзгеге көрсетпейтіндер көп екен. Ондайларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «шөп қорыған иттің» кебін киген латифундистер» деді. Сол «кепті» киген латифундистер қанша? Шындығына келгенде, ондайлар әр ауылдан іздемей-ақ табылады…

Қазіргі таңда агрокешенді «экономиканың жаңа драйвері» деп айдарлаған тұста, жерді тиімді пайдалану өте-мөте өзекті. Осы жылдар оны тиімсіз қолданудың қандай экономикалық залал әкелгендігін көрсетті. Әлбетте, еліміздің балапан басына, тұрымтай тұсына тап келген сәтте жер алған адамға «оны неғыласың?» деуге елдің де, Үкіметтің де мұршасы болған жоқ. Енді арада отыз жылдан астам уақытта етек жауып, ес жиғанда қайран жердің қадірін ұғындық. Рәсуа қылмай еме білсе, жер-ана да иіп беретінін көрдік. Содан соң түгендеу басталды. Ол түгендеу елімізде егістікке жарамды 2 млн-ға жуық жердің түрен күтіп жатқанын көрсеткен.

Сол себепті, бауырына басып алып, тірі пендеге татырмай, я іс қылмайтындардан жерді қайтарып алу туралы Президент тапсырмасы қазір қатаң қадағалауда. Елімізде Жер ресурстарын басқару комитетінің ашық ресурстарда жариялаған дерегінше, «2015 жылдан бері елде жалпы көлемі 12,8 млн. гектар жер пайдаланылмай жатқаны анықталған. Оның 3,6 млн. гектары тиісті жергілікті уәкілетті органның нұсқамасынан кейін жер иелерімен қайта пайдаланыла бастады. 7 млн. га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін басқа тұлғаларға берілді. Қалған 1,9 млн. га бойынша әкімдіктер мемлекет меншігіне алу бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Оның ішінде 400 мың га жер сот органдарының қарауында, 1,2 млн. га уәкілетті орган тарапынан қайта тексеру жүргізіліп, құжаттары сотқа дайындалуда». («Азаттық рухы»)

Бұл – еліміз бойынша дерек. Аумағына бір Германия, екі Беларуссия, төрт Болгария сыятын Қарағанды облысының егістікке пайдалы, жарамды жері 1 млн. 473, 8 мың гектарды құрайды екен. Мұнда да пайдаға аспай жатқаны жоқ емес. Облыстың жер қатынастары басқармасының айтуынша, бүгінгі таңда тыңайған жерлерден бос ретінде анықталғаны – 214 мың гектар.

– Облыста егістік жердің жалпы аумағы 1 млн. 473,8 мың гектар. Оның ішінде, тыңайған, пайдаланылмай бос жатқан жердің аумағы – 214 мың гектар, – дейді басқарманың бөлім басшысы Ақмарал Мұқашева.

Биылғы жылы Қарағанды аймағында егістік көлемі 1 млн. гектарды құраған. Өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық. Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне жүгінсек, дәнді және бұршақ дақылдар 900 мың гектарға сіңірілген. Дегенмен, әлі де ел ырысын еселейтін мүмкіндігі барын жоғарыдағы цифрлар көрсетеді. Ол енді алдағы жылдар еншісінде.

«Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті.

Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» – деген-ді ҚасымЖомарт Кемелұлы.

Жерге салынатын салықтың аздығы да латифундистердің мұртын балта шапайтынын айғақтады. Жерге төленетін салықтың төмендігі латифундистерді жайбарақаттықтан айырған жоқ. Салық кодексінде базалық мөлшерлемені бірнеше есеге көтеруге рұқсат береді. Бірақ, онымен мәселе шешілмейтіні анық.

Мәселен, Салық кодексінің 509бабы 5-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге осы Кодекстің 503-бабында белгіленген жер салығының базалық мөлшерлемелерін он еседен асырмай арттыруға құқығы бар. Десек те, ол бұларға шыбын шаққан құрлы емес.

Негізі, Жер туралы әңгіме – шетін әңгіме. Қазақтың жаны жермен бірге екенін анау бір жылдары көргенбіз. Сондықтан, құзырлы орындар ең құрығанда, латифундистерден құтқарса, ол да жер мәселесіндегі бір әділетсіздікті жояр еді. Әйтпесе, «шөп қорыған ит» қана емес, олардың агрокешен «шегірткесі» екенін де сезеді жұрт…

Қызғалдақ АЙТЖАН.