Ант пен Ардың аманаты
Президент – Қарулы күштердің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Жуырда, қорғаныс істері жөніндегі департаменттер запастағы офицерлер мен сержант-сарбаздарды қатарға қосады. Ал, әскри бөлімдер сапындағы сарбаздар қатерлі індетке қарсы қолға алынған іс-шараларға жұмыла кірісіп кетті.
ОҒЛАНДАРДЫҢ ОРНЫҚТЫ ІСТЕРІ
Қазақстан халқына, оның заңды Президентіне ақтық демі мен қасықтай қаны қалғанша адал болуға ант берген Алаштың айбынды әскері төтенше жағдай жарияланғаннан бастап күшейтілген режимге көшті. Баһадүр бабалардың даңқты жолын жалғаған оғландар арнайы техникаларды, қорғаныс құралдары мен жабдықтарын азаматтық қорғаныс қажетіне бағыттады. Ел аумағындағы тоғыз ірі қалада санитарлық дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген сарбаздар бүгінгі күнге дейін 2 мыңға жуық нысанды зарарсыздандырып үлгерді. Олар COVID-19 инфекциясы өршіген шаһарларда жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын жолдарды талапқа сай тазартудан өткізді.
Бұл жерде «Астана» қолбасшылығына қарасты бөлімдердің еңбегін айрықша атап өткен жөн. Жүзден аса сарбаз Қарағанды мен оған іргелес қалалардың вокзалдары, автобекеттері, ірі қоғамдық нысандары мен көлік жолдарында дезинфекция жұмыстарын жүргізді. «АРС-14KZ» жылжымалы станциялары вирусты жоюға арналған реагенттерді жеткізіп тұрды. Жауынгерлер оны арқалап жүріп бүрікті. Ант пен ардың аманаты үшін тайсалмады.
Осы орайда, тіл ұшына оралар бір тілек бар. Жеке құрам Кеңес дәуірі кезіндегі жалпы әскери қорғаныс жиынтықтарымен толық қамтамасыз етілген. Олардың жарамдылық мерзімі өтпесе де, есептен шығатын уақыты таянғаны анық. Қорғаныс министрлігінің радиациялық-химиялық-биологиялық қорғау қызметі осыны дер кезінде ескеріп жатса, құба-құп әрине.
ТЫҢ КҮШ ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ТАНЫТАДЫ
Қарулы Күштерде оқу-жаттығу жиындары жүйелі түрде өтіп тұратындықтан, Президент Жарлығының астарына үңілудің еш қажеті жоқ. Бұл жиынға бұрын әскери борышын өтегендер ғана шақырылады. Себебі, карантин режимін сақтау, дезинфекция жасау секілді жауапты тапсырмаларды орындау – ысылмаған сарбаздар үшін жеңіл міндет емес. Қару мен құрал тілін меңгермеген, әскери ант қабылдамаған жасөспірімге заң талабымен жауапкершілік артылмайтыны тағы бар.
Жауапты кезеңде әскери іске жетік, ішкі тәртіпті жақсы білетін сарбаздардың көмегіне жүгінген, әлбетте, дұрыс. Осы тұрғыда, қатарға қайта қосылатын резервтегі әскерилер бүгінгі күн талабына тез бейімделеді. Отанның тыныштығы мен Алаштың мақсат-мүддесін қорғаған саптағы сарбаздар демобилизациясының кешіктірілуі де сондықтан. Осыны ескерген Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскери жиынға жақын аймақтардан 95 адам тартты.
– Әскери бөлімдердің жеке құрамын толықтыру үшін 8 офицер, 87 сержант-сарбаз шақырылды. Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Абай ауданының әскери міндетті азаматтары 13 сәуірде әскери бөлімдер құрамына қабылданады. Олардың 60-ы – ерікті түрде, басқалары қажеттілікке қарай таңдалды. Резервтен шақырылғандарды қажетті құрал-жабдық, киім-кешек, ас-сумен қамтамасыз етуді «Астана» өңірлік қолбасшылығы өз міндетіне алады. Ал, әскери қызметші әйелдер қажетті мамандықтар бойынша шақырылуы мүмкін. Алайда, әзір атқарушы органдар тарапынан ондай ұсыныс жоқ», – дейді департамент бастығының бірінші орынбасары, полковник Серік Балғожинов.
Резервтен алынғандардың әлеуетін көрсетер кезі – алда. Олардың сынақтан сүрінбесіне сенім – кәміл. Өйткені, шеберлігі шыңдалған ерлер елдік сынға түскенде ерден ауып қалмайды.
Құрманғазы ӨТЕБАЙ