Фарида САТТАРОВА, философия ғылымдарының кандидаты, профессор: «Қоғамдық болмыста ақиқат пен адасу қатар жүреді»
Қоғам – жеке индивидтерден тұрады. Расында, жеке адам мынау әлемді, ортаны жападан жалғыз өзгерте алмайды. Ол мүлде мүмкін емес. Индивидтер біріккенде ғана өзгеріс орын алады. Сонда ғана ұлы өзгерістер жасалатыны мәлім. Оны философ ғалымдар қуатты геопланетарлық күш дейді. Бүгін біз бен сіз тіршілік етіп отырған қоғамның сыртқы қабығына емес, ішкі жан дүниесіне, таным-талғамына тереңірек үңілгіміз келеді. Жұрт айтып жүрген Жаңа Қазақстан құндылық ретінде нені белгілеуі тиіс? Қоғамның дерті не? Қысқасы, көкейдегі көп сұраққа, әлеуметтік философия туралы философия ғылымдарының кандидаты, профессор Фарида САТТАРОВА жауап берді…
«Қазақ тарихындағы 20 томдық философиялық мұра – рухани байлық»
– Бүгінде қоғамды құқықтық, зайырлылық, демократиялық негізде талдау жиі ұшырасады. Қоғамның сапалық өзіндік ерекшеліктерін және оның табиғаттан өзгешеліктерін ұғынуға арналған талдау, пікір, ой – кемшіндеу. Түсінікті тілмен айтқанда, әлеуметтік философия тұрғысынан талдау жоққа тән. Ал, білуімізше, қоғам тағдыры мен перспективасының, бағыттылығының, қозғаушы күшінің және оның дамуының проблемаларын жіліктеп беретін әлеуметтік философия. Біздің қоғамда әлеуметтік философиялық зерттеулер бар ма? Үкімет пен билік оны қажетсініп отыр ма? Әлде қажетсінбегендіктен, социализм мен жабайы капитализмнің кептелісінде ұзақ уақыт қалып қойдық па?
– Тәуелсіздіктің 30 жылында қазақстандық философиялық ойды тұжырымдаушы мамандардың арасында шығармашылық еркіндіктің ерекше басымдық танытуы қуанарлық жағдай. Қоғамдық болмыс – көп қырлы әлеуметтік жүйе. Дүниетаным ақиқаты рухани-тәжірибелік игерудің танымдық жүйесі болса, дүниетанымның соңғы және жоғарғы формасы философия болып табылады. Оның бір ұлтқа ұйысқан білім мен сенім жиынтығы, рухани-адамгершілік және моральдық мұраттары, әлеуметтік-саяси бағдарлары қоршаған ортаға деген психологиялық және эстетикалық көзқарастары түсінігінен қадам алатыны мәлім. Сондықтан, философтар әлеуметтік зерттеулерге көп көңіл бөлуде. Оны жоққа шығаруға болмайды.
Бүгінде әлеуметтік-философиялық проблемаларды зерттеу методологиясы да өзгеруде. Этникалық болмыстың, сананың, ділдің, дүниетанымдық әмбебаптардың мәселесі жаңа қырынан ашылуда. Айталық, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде құнды еңбектер жарық көруде. Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының тарихында жиналған 20 томдық философиялық мұрасы еліміздің рухани байлығы болып табылады.
– Әлеуметтік философияға жататын мәселелер не десек, оған зерттеулер ел тыныштығы, халық бірлігі, экономика мен мәдениеті, егемендіктің мықтылығы, шекара, жұмыссыздықты азайту, халықтың денсаулығы, емдеу жүйесі, баспана секілді проблемаларды тізбектейді. Қысқасы, қоғамның сау, дімкәс болмауын көздейді екен. Осыдан сұрақ туады. Бүгінгі қазақ қоғамы ше? Қандай? Дімкәс пе, әлде ауру-сырқаудан ада ма? Қоғамның жанын жеп бара жатқан ауруы не?
– Қоғамның жанын жеп бара жатқан ауру деп мен бүгін тамырын терең жайып, адам санасына кері психологиялық әсер етіп, аздыратын – жемқорлық деп есептеймін. Жеңіл пайда табудың қажеттілікке айналуы – жемқорлықтың қайнар көзі. Қылмыс жасауға барған қылмыскердің «дәйекті дәлелдері» («отбасын асыраудың қамы ғой») деген ұқсас өзімшілдік әрекеттерден өрбиді. Міне, осындай жағдайда «тұлғалық-жалпы адамзаттық» құндылықтар қатынасының гуманистік нормаларға, ұстанымдарға, принциптерге сүйенген жөн. Онсыз қоғамда біртұтас мәдени құндылықтар қалыптаспайды, құндылықтар жүйесі өз функцияларын тиімді атқара алмайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны және оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп баян етілген. Әлемнің бірқатар елдерінде жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік аппараттарына төнген қауіптің бетін қайтаруға мүмкіндік беретін тетіктер бар. Олардың ішінде, экономикалық өсудің алғышарттары бола алатын, жемісті нәтижеге қол жеткізген елдердің тәжірибесі ерекше қызығушылық оятуда. Мұндай елдерге Дания, Швеция, Сингапур, Финляндия, Швейцария, Исландия, Нидерланды, Аустралия, Гонконг, Германия, Норвегия, АҚШ, Жапония жатады. Олар жемқорлықпен күресте нәтижеге айтарлықтай қол жеткізген. Жемқорлыққа қарсы бағдарламалар дайындау идеясы шетелдік тәжірибелерді қолдануға жол ашады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің тиімді жолы деп, адамгершілік-этикалық ұстанымдар мен жастарға құқықтық тәрбие беруді айтуға болады. Олар жастардың қоғамдық, саяси, мәдени жағынан өсіп-жетілуін адам санасында көрсетіп, адамдардың біртұтас жиынтығын халық ретінде танытатын «тұрақты» рухани құндылықтар емес, олардың бергі жағында «үстіңгі бетінде» өмірге келіп, қалыптасып, аз өмір сүріп, ауысып, «ауыспалы» деп аталатын құндылықтар. Олардың өзгеруі, әрине, рухқа да, рухани құндылыққа да жанама түрде өз әсерін тигізеді, бірақ, оларды күрт және түбегейлі өзгерте алмайды.
«Бүгінгі тәуелсіздік – біздің ең басты құндылық»
– Қазақ қоғамы, қазақ мемлекеті туралы сөз болғанда, кешегі «Алаш идеясын» айналып өту мүмкін емес. «Алаш идеясы» тәуелсіздік идеясымен жаңғыра алды ма? Қалай ойлайсыз?
– Қазақ хандығы дәуіріндегі жерді қорғаудан туындаған «атамекен, ел бірлігі» идеялары кейінгі тарихи кезеңдерде бірте-бірте Алаш және Тәуелсіздік идеяларына өзгерген һәм өрбіген. Оны қазақ даласының ойшылдары мен қоғам қайраткерлерінің еңбектерін мұқият зерделеу арқылы тарихи философиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Сабақтастық жалпы байланыс пен дамудың ара қатынасын бейнелейтін интегративті-методологиялық принцип дейміз ғылыми танымда. Алаш идеясы мен бүгінгі тәуелсіздік идеясының сабақтастығы қазақ халқының қоғамдық дамуындағы барлық тарихи кезеңдерді қамтиды. Олардың арасындағы байланыс – тарихи және логикалық бірлік.
Қоғамдық қайшылықтарды шешуге адамзаттың рухани-мәдени дамуында ерекше рөл атқарған, шын мәнісінде, зиялы қауым болды. Бүгінгі жаһандану дәуірінде де түзу жол сілтейтін бағдаршам, адастырмайтын темірқазық – Алаш идеясы. Ол Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды кемеңгер алыптар топтастырған. Ортақ мұрат – бодандық бұғауында жаншылған, елін шырмаудан шығару. Ұлттық тәуелсіздікті алу арқылы, мәдени автономия құра отырып, өркениетті елдер қатарында болуды көздеді.
Елді біріктіру, өз ұлтын шынайы жүрегімен сүю, ар-намысыңды жоғары ұстау, кісілік деңгейге көтерілу, яғни, «адам болу», туған халқыңның мүддесі мен болашағы үшін құрбандыққа бару, ата-бабадан мұра ретінде қалған жердің тұтастығын сақтау үшін күрес 20 ғасыр басындағы демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының өмірлік мұраты болған.
Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Зиялы деп кімді айтамыз?» деп сұрақ қоюында зор мән бар. «Оқыған» тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оларды зиялылар қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, қателесеміз» деген болатын. «Зиялы деп белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол мұрат-мақсаттар төңірегінде жиналған оқымыстыларды ғана айтуға болады» деген еді. Ұлттық зиялы қатарына тән өз халқының саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана келе алады деген еді.
Шынында да, қазақ халқы сол кезеңде тек зиялыларға үміт артқан болуы керек. Бүгінгі тәуелсіздіктің терең астарлары тарих қойнауындағы ата-бабамыздың өткені мен сан ғасырлық арманы екендігін түсіне білуіміз керек. Көп ғасырлық қазақ халқының тарихының өн бойынан өтетін идея – тәуелсіздік идеясы. Бұл идея – халқымыздың тарихи санасының эволюциялық көрінісі. Қазақ хандығының тұтастығын, халқының бірлігін сақтауға бағыттылығы, ұлт-азаттық көтерілістегі намысшыл рухтан Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтардың ел қорғаудағы қаһармандығы мен батырлығы, 1986 жылғы жастар рухының көтерілісі, бүгінгі қаңтардағы қасірет бәрі тарихи сананың даму эволюциясы деп түсінген жөн.
Бүгінгі тәуелсіздік – біздің ең басты құндылық. Халқымыздың әлеуметтік-саяси мұраты. Тәуелсіз Қазақстан өзінің мемлекеттілігін әлемдік деңгейде саяси-экономикалық рухани-мәдени қатынастар негізінде орнықтыруда. Кезіндегі Абылай хан армандаған «үш арман» – елді бейбіт өмірге жеткізу, қала-кент салу, елдің басын біріктіру – бүгінгі тәуелсіздік үшін аксиологиялық көзқарастық ұстаным өз күшінде.
Қазіргі жаһандану заманында жастарымыздың тұлғалық бірегейлігін, қоғамдық белсенділігі мен біліктілігін, патриотизм сезімін жоғары деңгейде қалыптастыру қажеттілігі бар.
«Жеке адам нені құндылық десе, пиғылы-мақсаты содан көрініс табады»
– Қоғам қазіргі уақытта нені құндылық деп біледі?
– Құндылықтарды таңдауда адамда еркіндік бар. Әрбір жеке адам бірнәрсені өзіне құндылық ретінде қабылдаса, онда сол қабылдауы оның барлық пиғылдарының, мақсаттарының, тілектерінің бағытынан көрініс табады. Ол – сол адам үшін адамдықтың, кісіліктің өлшемі. Соны атқарғанда ол өзін адам деп есептейді. Бірақ, оның таңдауы объективті тұрғыдан дұрыс та, бұрыс та болуы мүмкін. Тап осы адамның ұстанған құндылық өлшемі бойынша өзі үшін дұрыс деп есептеледі. Құндылық – оны ұстанған адамның өмір жолы, соның негізі бағыт-өлшемі. Бірақ, әр адам белгілі бір нәрсені құндылық деп ұстануы да және қандай да болмасын ұстанымынан бас тартып, ешнәрсені мойындамауы да мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, өмір толқынына ілесіп, өзінің дүниеге деген көзқарасында «мен» деген ұстанымы болмаса, құндылықтың не екенін білмеуі, өз болмысын анықтай алмауы да мүмкін. Бұл жағдайда еркіндіктің бір қыры – құндылықтарды таңдау. Ол – философиялық-методологиялық өзекті проблема. Тарих таразысынан екшеленіп өткен, өмірлік мәні мен мағынасы терең, дәстүрлі құндылықтар парадигмасына негізделіп, өзіндік дамуы жолында мәдениеті мен идеологиясын жасау қоғамның тұрақты дамуына жол ашатынына сеніммен қарауымыз керек. Қиындығымен қатар қуанышы-қайғысы да мол бүгінгі қайшылықты заманда халық пен билік қоғамның болашақ дамуында бірлік, тұтастық, құқықтық, демократиялық негіздегі идеяларға сүйенуі тиіс.
«Болашақ заманның атасы» болатын бүгінгі жастарымыз үшін қоғамда әлеуметтік-экономикалық алғышарттардың қалыптасуы патриоттық сезім, адамгершілік, ұлтжандылық, бәсекеге қабілеттілік пен прагматизм, білім мен біліктіліктің, тәрбие мен мәдениеттілік, әділеттілік пен адам жады – тарихи сананы құндылық, адамгершілік-этикалық ұстаным ретінде пайдаланғандары дұрыс бағыт болады.
Қазіргі жаһандану заманында виртуалды өмір ерекшеліктерін ескеру арқылы жастарымыздың тұлғалық бірегейлігін, тарихи санасын болашағымыздың жарқын болуы үшін, яғни, қоғамдық прогрессивті дамуы үшін бүгінгі инновациялық технология мен дәстүрлі мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды байланыстыра білуіміз керек.
Қоғам – дамитын жүйе. Даму ол механикалық қозғалыс емес. Ол ілгерлемелі процесс. Мемлекетіміздің идеологиясы халық мүддесіне ұласып, тұрақты даму жолына түскенде бүгінгі жастарымыз таразы тасын теңестіруі де, басымдықта болуы да ғажап емес.
Қоғамдық болмыс – ең күрделі қайшылықты тұрғыда ақиқат пен адасушылықтың, жетістіктер мен кемшіліктер қатар жүретін диалектикалық процесс. Бұл жерде түсіністік философиясының, мәдени-тарихи реконструкцияның алғыр идеялары мен сұхбат мәдениеттілігінің маңызы зор. Даналықтан нәр алған толерантты санасы бар қазақ халқы тығырыққа тіреп тұрған проблемаларды «халық пен билік тұтастығы – бір мүдде, бір мақсат» ұстанымы арқылы қоғамның тұрақты дамуы жолын халық игілігі үшін дамытатынына сенемін.
Ата-бабадан келе жатқан рухани күш – ұлттық код, яғни, мәдениеттің ішіне кіріп, сырын ақтаратын кілт бейбітсүйгіш патриот ұрпағы бар қазақ халқының қолында. Халық идеясыз, мемлекет идеологиясыз болмайды. Бүгінгі зиялы қауым тәуелсіздігіміздің мәңгілігіне өздерінің алғыр ойларымен, іс-әрекеттермен біріге отырып, үлес қосатынына сенемін.
«Өзін-өзі сақтау рефлексі қалыптасқан дана ұлт»
– Сіз өзіңіз ұзақ жылдар ғылыммен, біліммен бірге жасастыңыз. Қоғамның екі формациясына куәсіз. Кешегі мен бүгінгіні таразыға тартып, екшеп отыратыныңыз даусыз. Сонда таразыңыздың табақтары қалай теңселеді? Қайсы басым, несі кем?
– Қазақ халқының дүние танымы – болмыс категориясынан, яғни, өмір сүру, тіршілік ұғымдарынан басталады. Қазақ ұлты көп ғасырлық тарихында сан қилы қайшылықты заманды басынан өткізді. Бұл – тарих. Ал, тарих дегеніміз шынайы болған оқиғалардың уақыттық тізбегі (К.Ясперс). Өткен шақтан болашаққа қарай ағатын процесс ретінде тарих кешегі мен бүгінгі болашақты сабақтастықпен қарастырады. Заман дейміз бе, дәуір дейміз бе, қоғамдық кезең дейміз бе, мұның бәрі тарих. Тұтастай алғанда бүкіл тарих әрқайсы жүз жылдықтарын, мың жылдықтардан тұратын жекелеген бөлімдерден құралған арқанға ұқсайды. Оның өзі уақыт аралығындағы қысқа кесінділер болып табылады. Кез келген тарихи зерттеудің міндеті – осы өрнекті шешу (К.Брединг).
Белгілі бір тарихи кезеңдегі қоғамдық болмыс – күрделі. Қоғамның тұтастығын құрайтын барлық салалар саяси-экономикалық, рухани-мәдени деп айтатын болсақ, қай заманда болмасын, өзгеріс, даму, құлдырау, күйзеліс секілді ерекшеліктер болды. Әйтсе де, тарихи-әлеуметтік тұрғысынан алып қарағанда тілі мен ділі орныққан өзін-өзі сақтау рефлексі қалыптасқан сыртқы және ішкі ықпалды әсерлердің қай-қайсына да алдырмай, болмыс-бітімін сақтаған дана ұлт. Тіпті, кеңес дәуірі кезінде де «халық достығы лабораториясы» аталған отаршылдық тоталитаризм кезінде де халық бойындағы өзіндік болмыс-бітімін сақтауға ұмтылған. Осы дәстүрдің ықпалы – еліміздің тәуелсіздігін, дербес мемлекетімізді құрып, елдегі біріктіруші ұлтқа айналуымыздың басты негізі.
Кезінде А.Байтұрсынұлы айтқан екен: «Бүгінгі заман – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп. Бүгінгі Қазақстан мен өткен және болашақ Қазақстанды салыстырып, таразының табақтары теңселуін, қайсы басым, несі кем деген мәселе – философиялық компаративистика мен герменевтикалық талдауды қажет ететін өзекті мәселе. Бірақ, әрбір тарихи кезең өзінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани, саяси ахуалымен ерекшеленеді.
– Қоғам туралы келелі ой өрбіткен сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.