Тарих

Абылайға бата берген баһадүр

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы – болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ержігіттің ерлігі осындайда.

ТӘТІҚАРА ЖЫРАУ.

Қазақ халқы үшін XVIII ғ. ең қиын-қыстау кезең болғаны тарихтан белгілі. Әсіресе, қазақ пен жоңғар арасындағы соғыстар мен шапқыншылықтар қазақ халқына өте ауыр тиді. 1633 жылы іргесін көтерген Жоңғар хандығы 1643 жылы Ұлы жүздің шығыс аймағының біраз жеріне ие болды. ХVIII ғ. басында олар Қобда, Тарбағатай, Алтай, Алатау өңірін басып алды. «Еділ, Жайық, Арқаға қазақ ауып, Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды» деп Қожаберген жыраудың егілуі осыдан. Жау Тараз бен Түркістанды алып, Ташкентке нөпір лаң салды. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс (1720-1740 ж.ж.) өзі билеген қазақ қауымдары мен Ташкенттің тұрғындарының атынан Жоңғар хандығына тәуелділігін мойындады. XVII-XVIII ғғ. жоңғарлар қазақ елін тоздырды, үстемдігін оздырды. XVIII ғ. басындағы 40 жыл ішінде халықтың үштен екідейі қырылды. Тіпті, XVIII ғ. 20-40 жылдары қазақ халқына жеке мемлекет ретінде сақталып қалудың өзі мұңға айналды. (М.Қозыбаев. «Жауды шаптым ту байлап». А., 1994. 72-б.). Міне, осындай кезеңде батырлардың ролі бірінші орынға көтерілді.

Әр дәуірдің өз батырлары бар. Нақтырақ айтсақ, XVIII ғ. 20 жылдарынан XVIII ғ. екінші жартысына дейінгі аралықта қазақтың көптеген батырлары елін, жерін қорғауда жан аямай соғысып, есімдерін халық жадында мәңгі өш­пестей етіп қалдырды. Шақшақ Жәнібек – сондай батырлардың бірі. Әрине, ол жалғыз емес. Жәнібек батырдың тұсында есімдері жиі айтылатын, онымен үзеңгілес, серіктес, қарулас болған батырлардың қатарында Қараке­рей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапыраш­ты Наурызбай, Олжабай, Малайсары, Табын Бөкенбай, Керей Жәнібек, Тама Есет, Уақ Баян, Сары, Тарақты Байғозы тағы басқа көпте­ген ба­тырларды жатқызамыз. Бүгінгі таңда жеке мемлекет болып өмір сүріп отырғанымыз XVIII ғ. осындай батырлардың ерен ерліктері мен қажырлы еңбектерінің арқасы.

Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы – қазақ хал­қының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің қаһарманы. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін босқан елдің басын қосып, азаттық күресін ұйымдастырған. Бұқар жырау сөзімен айтқанда, «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп Орта жүз, содан шыққан төрт тіректің» бірі. Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің «Жәнібек батыр» деген тарауында Жәнібектің ауыздыға сөз бермеген шешен, қиянатқа жол бермеген әділ би, діни сауаты терең кісі болғандығын көрсеткен. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының момын руы. Осы Арғын атамыздың бәйбішесінен Мейрамсопы туып, одан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек тарап, олар Бәйбіше – Арғын аталса, Арғын атамыздың тоқалы Айнамкөз анамыздан Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Тәнбісопы өмірге келіп, Тәнбісопының балалары мен олардан тараған ұрпақ Тоқал – Арғын аталды. Айнамкөз анамыздың мінезінің байсалды да сабырлы, мейірімді де кішіпейілдігіне орай халық оны Момын деп атап кетіпті. Тәнбісопы ұрпақтары – Тоқал Арғынның Торғай, Тобыл өзендерінің бойына келіп мекендеуін жергілікті тарихшылар Айнамкөз анамызбен байланыстырады. (Мақсұтбек Сүлеймен. Шақшақ батыр).

Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жәнібек», «Шақшақұлы Жәнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ – оның әкесінің де, руының да аты емес, үшінші атасының аты. Шақшақтан – Көшей, Көшейден – Қошқар, Қошқардан – Жәнібек туады. Жәнібек батырдың өмір сүрген жылдарына қатысты әлі күнге дейін бір ортақ байлам жасалмады. Соңғы жылдары қалыптасқан ресми дата бойынша 1693 жылы қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданының Тосын құмында дүниеге келіп, 1750-1752 жылдары осы жақта дүниеден озған. Батырдың сүйегі Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне жерленген.

Атасы Шақшақ Аманжолұлы қазақ ханы Еңсегей бойлы Ер Есімнің қолбасшыларының бірі болған. Есім ханның қалмақтарға қарсы соғысында ерен ерліктерімен көзге түскен. Осындай көп соғыстың бірінде ол өз әкесінің атын ұран қылып, «Аманжолдап» шауыпты. Содан бастап Тоқал Арғындар жауға бүкіл Арғынның ежелгі ұраны «Ақжолға» қосып, «Аманжол» деп шабатын болған көрінеді. Есім Ташкентті шауып, Тұрсын ханды – өлтіргенде Шақшақ соғыс олжасы ретінде еншісіне тиген Тұрсын ханның қызы Нұрбикені алып келіп, баласы Көшейге қосқан. Көшейдің осы әйелінен Жәнібектің әкесі Қошқар батыр туады. (А.Сейдімбек. Шығ., Астана. 2010. Т – 5., 477-б.).

Барлық жазба тарихта, әсіресе, орыс оқымыстыларының кітаптары мен алғашқы қазақ даласындағы орыс әкімшілігінің ақпар, құжат қағаздарында Жәнібек туралы мағлұмат өте көп. Ал, халық аузындағы әңгімелер мен дастан-жырларда, сонау Бұқар, Үмбетей, Жиенбай жыраулардың сөздерінде Жәнібектің көбінесе ерлігі, жорықтағы батырлығы жырланады да, («Ер Жәнібек», «Жәнібек батыр» дастандары) деректі жазбаларда оның ел біріктіруші, дипломат, саясаткерлігі, көрегендігі, қайраткерлігі айтылады. Шақшақ Жәнібек туралы тарихи архивтерде құжаттар көп сақталған. Олар Жәнібектің ерлігін, азаматтық іс-әрекеттерін ешкімнің бұрмалауына жол бермейді.

Жәнібек 1710 жылы он жеті жасында Тәуке ханның қолымен бірге жауға шауып, жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтірген. Сол кездегі майдан даласының қатал дәстүрі бойынша қазақ-қалмақ қолдары бетпе-бет келіп, ортаға екі жақтан жекпе-жекке батырлар шығады. Қалмақ батыры дес бермей, төртінші болып сайысқа шыққан Жәнібек ересен ерлік көрсетеді. Қалмақ батырының құлаштай ұрған айбалтасын денесіне дарытпай, жұлып алып, «олай шаппайды, былай шабады» деп ол алмасын жай түскендей жарқ еткізеді. Жоңғар ат жалын құша құлайды. Майданға Қабанбай, Бөгенбайлар араласады. 17-18 жасар Жәнібектің алғашқы шайқасы тарихта осылай аталады (Қазақ халқының қаһармандары. Пав., 1991. 28-б.).

Ресей архив құжаттарында батырдың тарихи өміріндегі саяси-әскери жорықтары кең суреттеледі. 1717 жылы Аягөз маңындағы шайқаста 24 жасында қол бастап ерлік көрсеткен. 1723-1725 жж. «Ақтабан шұбырындыдан» соң ол жоңғарларға қарсы бытыраңқы қимылдаған жекелеген жасақтардың бірін басқарды. 1726 жылы Ордабасындағы ұйғарымнан кейін құрылып, Сарысу өзенінің Бұланты саласының бойында Жоңғарларға ойсырата соққы берген біріккен қазақ жасағының құрамында Орта жүздің қолына қолбасшылық жасау Шақшақ Жәнібек батырға жүктеледі. Батыр қазақ жасақтарының қаруларын да қадағалауға алады. Жалпы, Бұланты шайқасындағы жеңіс халықтың өз күшіне деген сенімін арттырып, жеңіске жігерлендірумен ерекшеленеді. Бұланты шайқасы болашақ ұлы шайқас – Аңырақайдағы жеңістің негізін қалады.

Атақты «Аңырақай шайқасы» (1730 ж.) солтүстікте Балқаш, оңтүстікте Отырар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы үлкен аймақта өтеді. Шайқасқа 29 мыңдық қатысып, олардың әрқайсысын мыңдықтар жасақталған ру-тайпалардан шыққан батырлар басқарды. Ал, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар ірі қолбасшылар ретінде көрінді. 1731 жылы қысында Сәмеке, Барақ сұлтан, Әбілмәмбет, Жәнібек бастаған 6 мың қол Жоңғарияға басып кіреді. 1732 жылы 7 мың қолдан тұратын жоңғар әскері Орта жүзге қайтара шабуыл жасайды. Осы кезде Орта жүз қолын басқарған Жәнібек батыр саны жағынан анағұрлым басым басқыншыларға тойтарыс береді. Еділ қалмақтарына қарсы 1738 жылы Әбілхайыр, 1740 жылы Есет тархан, Нұрбай батыр, Әбілмәмбет, Күшік, Барақ сұлтандар ұй­ымдастырған жорықтарға белсене қатыса­ды. 1746 жылы Әбілхайыр, Есет, Нұралылармен бірге 28 мың қолды бастап, қарақалпаққа аттанған. Оған Бұхар ханының Әбілқайыр ханның қызына жіберген қалыңының тоналуы себеп болады. Ер мен әйелдерін қосқанда 3 мың адамды тұтқынға түсіріп, барлық малдарын қуып алған. 1750 жылы қысында Айшуақ, Батыр сұлтандармен бірлесіп, Хиуаға жорық жасайды. (Қазақ батырлары. Алматы, 2016. 29-б.).

Осындай әскери қолбасшылық қызметімен қатар, Шақшақ Жәнібек қазақ қоғамында саяси қайраткер, мәмілегер ретінде көзге түседі. Орыс деректеріне қарасақ, Шақшақ Жәнібектің есімі Әбілхайыр ханмен, Табын Бөкенбаймен, Тама Есет батырмен қатар жүреді. Ол кезде Шақшақ Жәнібек рулық, тайпалық деңгейден бүкіл халықтық деңгейге көтерілген. XVIII ғ. 30-жылдары Тевкелев Әбілхайыр ханның ордасына келгенде, оған қарсы Кіші жүз екі топқа бөлінеді. Бірі орыс елшісін өлтіру керектігін айтса, екінші жақ оны аман қалдыруды ойлайды. Осындай шақта Әбілхайыр ханды Табын Бөкенбай, Тама Есет және Шақшақ Жәнібек батырлар қолдаған. Қазақтардың Ресей боданына өтуі Әбілхайыр хан есімімен байланысты екені белгілі. Жәнібек батыр да жоңғарға қарсы күресті одан әрі жалғастырып, төнген қауіптен құтылу үшін Ресейдей күшті одақтасқа арқа сүйеуді қолдаған. Осы орайда 1738 жылы 6 тамыз­да Әбілхайыр ханмен бірге Ресейге бағынуға ант берген Кіші жүз бен Орта жүздің 56 адамының ішінде Жәнібек батыр есімі де аталады.

Шақшақ Жәнібек Табын Бөкенбай, Тама Есет батырлармен Әбілхайырдың мүддесі үшін ғана бірікпеген-ді. Негізгі стратегиялық мақсаты – вассал болған қазақ елінің ішіне ендеп отаршылдарды енгізбеу, ел бірлігін сақтау болды. Кіші жүздің қолымен бірігіп, Орта жүзге қалқан болуды ойлады. Жәнібек Әбілхайыр ханды 1748 жылы Барақ батыр өлтіргенде ғажайып даналық көрсетті, қазақ елін қантөгістен сақтады. Батыр Әбілхайырдың намысын жыртпады, ел намысын, халық намысын қорғады. Кіші жүзбен бірігіп, Орта жүзді, одан қалды барша қазақ елін Абылаймен қосылып, тығырықтан алып шығуға ерен еңбек етті.

Абылай хан қашан ерлігімен танылғанша, сол кезде қолбасылығымен танылып жүрген Жәнібектің қарауында қатардағы сарбаздың бірі болған. Оған әйгілі Айтбай батырдың Абылайға айтқан: «Абылай, сен Орта жүзге келгенде, жұлдызың туды оңыңнан. Түйе баққан жаяулап, айрылдың қалың сорыңнан. Көкбестідей ат мініп, Қошқарұлы Жәнібектің тобынан, Қалмақты шауып бақ таптың, алғашқы барған жолыңнан» деген сөздері куә.

Жәнібек 1741-1742 жж. жоңғар қоңтайшысының тұтқынындағы Абылайды құтқарып алуда да ерекше дипломатиялық шеберлік танытқан. Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевпен арадағы қатынасын ұтымды пайдаланып, жоңғар қоңтайшысына арнайы елшілік шығартқан. Бұл іске Әбілмәмбет, Әбілхайыр хандарды да араластырып, ақыры Абылайды басқа адаммен аманатқа ауыстырып алған. (Айбын. Энциклопедия. Алматы. 2011. 335-б.). Абылай хан да, Шақшақ Жәнібек те Ресей мемлекетінің қазақ жеріне бекіністер салуына үзілді-кесілді қарсы шыққандарына қарамастан, 1740 жылы 19 тамызы мен 1 қыркүйегі аралығында шекара комиссиясының бастығы В.Урусовпен қазақ-орыс сауда қатынасын орнатуға, саяси байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздерге қатысқан. 25 тамыз күні кеште В.Урусов Жәнібек батырмен оңаша кездесуде әлдеқалай орыстардың қолына түскен қазақтарды еліне қайтаратынын мәлімдеп, қазақ даласындағы орыс, татар тұтқындарын кері қайтару туралы мәселе көтереді. Жәнібек батыр генерал-лейтенантқа алғыс айтып, былай деген: «Егер біз орыс адамдарын, яғни, татарларды қайтармасақ, онда біздің бір-бірімізге адалдығымыз қайсы?! Мен Есетпен және басқа батырлармен ақылдасайын, біз оларды іздестіріп, қайтаруға тиіспіз, қайтарамыз да, өйткені, ол байғұстар босқа қолға түскен». (Абылай хан. Құраст: З.Тайшыбай. Петр., 2005. 82-б.). Өз кезегінде Жәнібек Қазақстан мен Ресей арасында сауда қатынасын ұлғайтуды көздеп, патша өкіметінен Жайық өзені маңындағы Қаракөл деген жерде Орта жүз қазақтарының сауда жасауына рұқсат беруін өтінген. Патша әкімшілігі Орта Азиядан Орынборға қатынап тұрған сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Жәнібек батырға жүктеген. 1742 жылы Орынбор губернаторы И.Неплюевпен келісім-шартқа қол қойып, қазақ-жоңғар, қазақ-башқұрт қарым-қатынасы, дау-дамайын бір ізге салды. Ол орыс саудагерлерін Орта Азияға өткізіп тұрды, бірақ, сол сауда керуендерін күзететін бірде-бір орыс солдатын енгізбеді. Жәнібек Орск бекінісінен басқа өз тұсында қазақ жерінде бірде-бір қала салғызбады. Бұл да батыр бабаның дипломатиялық шеберлігін көрсетсе керек.

Шақшақ Жәнібек Абылай сұлтан, Әбілмәмбет хан, Қабанбай, Бөгенбай батырлармен 1740 жылы Орта жүздің Ресейдің қол астына өтуін ресми тіркеген құжатқа қол қойды. Осы тұста, 1743 жылы 11 шілдеде Ресей патшайымы Елизавета Петровнаның жарлығымен Қош­қарұлы Жәнібекке тархан (фельдмаршал) атағы берілді. Тархан атағы атадан балаға берілді. Жәнібектен – Орта жүзге белгілі батыр, рубасы Жәнібекұлы Дәуітбай тархан және Дәуітбайұлы Мұса тархан. Сондай-ақ, өкіметтің алым-салығынан босатылды. Шын мәнінде орыс өкіметінің хан мен сұлтандар, билермен байланыс жасайтын өкілі іспетті еді.

1748 жылы Әбілхайырдың өлімінен кейін Жәнібек батыр оның ұлы Нұралының хан болып сайлануын қолдайды. Нұралының хан болып сайлануы үшін орыс императорының бекітуі қажет болады. Сол мәселемен Шақшақ Жәнібек батыр Петерборға барып қайтады. Императордың қабылдауында болып, Әбілхайырдың орнына үлкен ұлы Нұралының хан болатындығы туралы жарлық алып келеді. Кейін Орынборда Нұралыны жергілікті әкімшілік ресими түрде хан сайлайды. Әрине, бұл тұстағы батырдың барлық әрекеті бір орталыққа бағынған, күшті хандық билігі бар қазақ мемлекетін нығайту, оның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сыртқы жаулардан қорғауға бағытталады. Абылайды Орта жүзге хан көтергенде Орта жүздің төрт тірегі, Бұқар дана шешуші роль атқарды.

Орыс құжаттары Жәнібек батырдың әлемде болып жатқан істерден хабардар екенін жазады. Мәселен, генерал-лейтенант, князь Урусовтың Кіші жүз бен Орта жүз өкілдерімен жүргізген келіссөздері туралы журналда, сол өкілдердің бірі Жәнібек батыр жайында былай жазған: «Табиғатынан әскери қабілетті және ақылсыз да емес Жәнібек батыр сөзге араласты және одан әрі осындай әскери мәселелертуралы айтқанды тәуір көрді. Азов тек құрлықпен емес, ағаш қайықтар жасап сумен де барлық жағынан қоршап алынды деп естігенін айтты».

Енді бір жолы поручик Д.Гладышевке Жәнібек батыр 1741 жылы Еділ қалмақтарында болғанда Персияның шахы Астраханды басып алуға әзірленіп жатыр дегенді естігенін хабарлап: «Егер ұ.м. император тапсырса, қазақ қолымен (әскерімен) Персия әскерінің барлық аттарын айдап алып және сонымен оларды біраз әлсіретіп тастар едім» деген. Орынбор шекара комиссиясының кейінгі бастығы И.Неплюевпен орыс-түрік соғысы жайында ой бөлісіп, оны таңғалдырады (Казахско-русские отношения XVI-XVIII веках, стр. 141-142., стр. 195). Тарихи, әдеби деректерге қарап Жәнібектің, біріншіден орыс-түрік соғысы секілді халықаралық мәселелерге көңіл бөліп, төңірекке көз салып отыратын өз заманының ақылды, білімді адамы екенін, екіншіден, қажет болса, ұлы көршісі Ресейге әскери көмек көрсетуге әзір ірі қолбасы екенін көреміз.

Шоқан Уәлихановтың пікірінше, Жәнібек тархан көп тыңдап, аз сөйлейтін, ердің құнын екі ауыз сөзбен шеше алатын әділ де шешен адам болған. Ол соңынан ерген жігіттерге: «Ұрыста олжаға емес, жеңіске ұмтыл. Жеңіске жеткен соң олжа ешқайда кетпейді», – дейді екен. «Әділдік болса, батырлық неге керек», – деген сөз де Жәнібектікі. Шындығында әділдік болса, соғыс болмайды емес пе?! Соғыс болмаса, батыр да шықпайды Жәнібек батыр атынан айтылатын сөздер осындай қысқа да ойлы мақал, нақыл және сын болып келеді. Шақшақ Жәнібек өз кезінде Абылай ханға үш рет бата берген. Оның біріншісі – Абылайдың алғаш Шарышпен жекпе-жекке шығарында, екіншісі – Сабалақ атын тастап, Абылай атанғанда, үшіншісі – оны ақ киізге отырғызып, хан көтергенде (1750 ж.). Қазақтың дуалы ауыз билері – Төле, Қазыбек, Әйтекелер тұрғанда, «Көмекей әулие» атанған ұлы жырау Бұқар тұрғанда, жаңа ханға бата беру жолының Жәнібекке тиюі – оның кезінде қандай адам болғанын, ел алдындағы беделінің деңгейін, тарихтан олар орнын көрсетсе керек (А.Сейдімбек. Шығ., Т – 5. 478 б.).

Ол – ұзақ ғұмыр жасап, қазақтың Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілхайыр секілді хандарымен, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билерімен, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырларымен бір болып, еліне елеулі қызмет еткен, тарихта орны бөлек ерен тұлға. Осындай тарихи тұлғаның қазақтың маңдайына біткені үшін бүгінгі ұрпақ мақтануы керек. Оның кіндігінен тараған қазақ зиялы қауымының көркі болған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтай ұрпақтары бар адам. Ол қазақ тарихынан белді орын алуы керек.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button